03 сәуір 2018 22:49

Әмірені сомдау үшін үш айда домбыра тартуды үйрендім - Санжар Мәди

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін, 3 сәуірде Алматыда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Әлидар Өтемұратовтың "Dar Play" компаниясымен бірлесе түсірген "Әміре" фильмінің таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады.


Бүгін, 3 сәуірде Алматыда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Әлидар Өтемұратовтың "Dar Play" компаниясымен бірлесе түсірген "Әміре" фильмінің таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады.

Таныстырылымға келген ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарихи тұлғалар түсірілген "Әміре" секілді фильмдер шетелдік көрерменнің елімізге деген қызығушылығын арттыратынын айтты. 

"Президент Нұрсұлтан Әбішұлы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың басты шарты - мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалады деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке аса көңіл бөлінген. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында киноөндіріске идеологиялық мән берілген. Осы орайда біз бүгін назарларыңызға еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді ұсынбақпыз. Фильмде Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі қайталанбас жеңісі туралы сөз етіледі. Сондай-ақ Әміре Қашаубаев туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре бірінші болып Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері және жалпы қазақ үшін аса маңызды. Өсіп келе жатқан жас өрендер ол туралы білуі тиіс. Үкімет және министрлік тарапынан осындай еліміздің асыл ұл-қыздарын бүгінгі ұрпаққа танытуда үлкен еңбек атқарылып жатқанын айтқым келеді", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Басты рөлді сомдаған Санжар Мәдидң айтуынша осы картинаға арнайы шақыртылған Голливуд жұлдызы Эбби Корниш туралы және домбыра шертуді қанша уақытта үйренгені жайлы айтып берді.

"Домбырада ойнауды Нұржан Тәжекенов үйретті. Үш айда ноталарға түсуді меңгеріп, домбыра шертіп үйрендім. Кей кадрларда Нұржанның домбыра шертіп тұрған саусақтары да түсірілген. Ал Эбби Корниш туралы айтар болсам, оның фильмдегі рөлі жиынтық образ. Сол заманда екі танымал фотограф қыз болған екен. Ли Миллер және Берниса Эббот. Біреуінің есімін және екіншісін тегін алып, осылайша Ли Эббот образы шықты", - дейді Санжар Мәди. 

Картинаның бас продюсері Әлидар Өтемұратовтың айтуынша, фильмге бір миллиард 200 миллион теңге жұмсалған.

"Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт қалған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. (...) Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенемін", - деді Өтемұратов. 

Халықаралық түсірілім тобының құрамында америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор Максим Осадчий ("9 рота", "Сталинград") бар. Фильмнің сценариін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәди (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және "Область тьмы", "Три билборда на границе Эббинга, Миссури" фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен. 

Айта кетейік, кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың  қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әміре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді.

Фильм, сондай-ақ, дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді.

"Әміре" фильмі Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына шыққалы отыр. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" және тағы басқа әндері орындалады. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Әміре Қашаубаевтың есімін кең насихаттау мақсатында былтыр "Әміре Парижде" атты кітап жарық көрген болатын.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети