1. Басты
  2. Біл
  3. Мәдениет
  4. Кино

Қазақстандық фильм Карловы Варыдағы байқау бағдарламасына енді

Карлова Варыдағы халықаралық байқау Карлова Варыдағы халықаралық байқау

Нариман Төребаевтың "Шытырман оқиға" ("Приключение")  фильмі Карловы Варыдағы 49-кинофестивальдің негізгі бағдарламасына енді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

4 -12 шілде аралығында өтетін кинофестивальдың негізгі бағдарламасына 12 көркем фильм кірген. Қазақстандық "Шытырман оқиға" ("Приключение") фильмінің өндірісімен "Қазақфильм" киностудиясы айналысты. Режиссер бұл картинаны Федор Достоевскийдің "Белые ночи" шығармасының желісі бойынша түсірген. Фильмдегі басты рөлдерді "Евразия" VIII халықаралық кинобайқауында "Конвой" лентасындағы рөлі үшін ең үздік ер адам рөлі жүлдесін алған  Азамат Нығманов және жас актриса Айнұр Ниязова ойнайды. 

Тағы бір жүлдеден үміткер картина режиссер Георгий Овашвилидің "Жүгері аралы" ("Кукурузный остров") фильмі. Бұл картинаны Қазақстан, Германия, Грузия, Франция  және Чехия мемлекеттері бірлесіп түсірді. Грузиннің психологиялық драмасында 16 жастағы қыз бен оның әжесі Абхазия мен Грузияның шекарасында жүгері аралына тап болады. Айта кету керек бұл лентаның продюсерлерінің бірі  кинематографист Саин Ғабдуллин.

Халықаралық кинофестиваль 1956 жылдан бері жыл сайын Чехияда өтеді және фестивальдың санаты "А" класына  жатады. Байқаудың басты жүлдесі – "Шыны глобус". Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы Эмир Байғазинның "Асланның сабақтары" фильмі де Карловы Варыдағы байқаудың негізгі бағдарламасына енген болатын.