Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 326.88
EUR / KZT - 364.90
CNY / KZT - 47.85
RUB / KZT - 5.47

Мұхтар Тайжан митингтер туралы: Ашық тұрған есікті қағудың не мәні бар?

23 Мамыр 2016, 21:11
2

Өткен сенбіде Астанада жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті, оның міндеті Жер кодексінің жерді сату мен жалға беру тақырыбындағы кейбір нормаларына қатысты халықтың даулы мәселелерінің барлығын шешу. 21 мамырда таңғы уақытта комиссия отырысы өтіп жатқанда еліміздің басқа өңірлерінде, әсіресе Алматыда рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру әрекеттері болды. Жиналғандар ұсталып жатты, ал қатысушылары болмаған қалаларда журналистер ұсталып жатты. Полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекет жасауы мәселесін отырыс барысында Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан көтерді. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол Жер кодексінің нормаларына мораторий жарияланса да және арнайы комиссия құрылса да, неліктен кейбір азаматтардың 21 мамырда митинг ұйымдастырғысы келгені жайлы сұраққа жауап береді.

TENGRINEWS: Митингтер ұйымдастырылады деген 21 мамырға дейін сіз Facebook әлеуметтік желісінде жазба жарияладыңыз. Онда барлық мәселені диалогпен, байсалды әңгімемен шешуге болатыны айтылады. Сіз митингтерге қарсысыз ба, әлде қолдайсыз ба?
Мұхтар Тайжан :

Митингтер - төтенше шара, яғни төтенше жағдайлар болғанда ғана оны ақтап алуға болады. Ал төтенше жағдайға қажеттілік болмаса, "стоп-кранға" жармасудың да мәні жоқ. Біз жер мәселесіне қатысты митингті 7 мамырға белгілегенбіз, сол кезде біз тіпті заңсыз митингтер үшін санкцияларға ұшырауға дайын едік, себебі ол кезде жағдай шын мәнінде төтенше болды, себебі 1 шілдеде жерді сату бойынша аукциондар басталып кетер еді. Бірақ Президент Жер кодексінің нормаларының күшіне енуін тоқтатып, бұл заңнамаға мораторий жариялап, аясында жер заңнамасын қайта қарастыру мүмкіндігін беретін комиссияның құрылуы туралы жария еткеннен кейін "стоп-кранға" жармасудың мәні жоқ. Себебі нақты механизм бар, заңнаманы өзгертудің заңды процедурасы бар. Бейнелеп айтсақ, біз қабырғаны соқтық, өйткені бізге ешкім есік ашпады, тыңдамады, тыңдағысы келмеді. Ал есік ашылып, ішке шақырғанда, осында сөйлесейік дегенде, енді есік ашылған кезде оны соғудың қандай мәні бар? Сол есікке кіріп, отырып, ой-тұжырымыңды айтуың керек. Есікті соққылап, "стоп-кранды" тартудың мәні жоқ, мен мұны барлығына айтып жүрмін.

Бізде комиссия құрылды, онда түрлі мамандар кірді, әрине, біркелкі емес. Бірақ бұл жер заңнамасын өзгертудің жалғыз заңды механизмі, біз осымен айналысып жатырмыз. Қазір бізде асығыстық жоқ, себебі біз наразы болған түзетулер тоқтатылды, қазір олар күшіне енбеді. Қазір тыныштық орнаған кезең, енді мәселені шешуге болады. Сондықтан мен адамдарды 21 мамырда шығуға шақырған жоқпын, осы себептен де әлеуметтік желіде жазба жаздым. Алайда, көріп отырғанымыздай, адамдар сонда да шықты. Егер адамдар шықса, билік оларды естіп, тыңдай білуі керек, себебі олар ел азаматтары. Егер олар шықса, шаруасы болмағандықтан емес, оларды бұл мәселе қатты толғандырғандықтан шықты. Олар бөтен емес, бөгдеғаламшарлықтар емес, марстықтар емес, өз азаматтарымыз ғой. Оларды шақырып, әңгімелесу керек немесе шығып, адамдармен бірге тұрып, тыңдап, не қалайтындарын білу керек. Дәл осылай 24 сәуірде Атырау облысының әкімі істеді. Болмаса залға шақырыңыз, біздің қалада үлкен залдар бар ғой, мысалы Республика Сарайы, сонда адамдардың пікірін тыңдаңыз. Олар салық төлеушілер, соның есебінен билік те, полиция да күн көріп отыр.


Мұхтар Тайжан (сол жақта) мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин. © Facebook

Ал 21 мамырда болғаны - биліктің таңдаған ең нашар әрекеті: сүйреп, ұстап, автобусқа тықпалау. Біз малмыз ба сонда? Біз осы елдің азаматымыз ғой. Не үшін? Егер адам қоғамдық тәртіпті бұзбаса, бұзақылық жасамаса, экстремистік ұрандарды айтпаса, оны неліктен ұстайды, әйелдерді, қыздарды неліктен ұстайды? ХХІ ғасырда өркениетті елдің істейтіні осы ма еді? Жоқ, әрине. Сондықтан жер комиссиясының отырысында бас прокурордың орынбасары Андрей Николаевич Кравченкоға 21-і болған ұстау әрекеттері жайлы айттым. Арасында қыздар да бар, әйелдер де бар және олардың үйінде, ата-аналарының үйінде тінту жұмыстары жүріпті. Олар белгілі адамдар, желіде бар. Оларды 15 тәулікке қамаудың не мәні бар? Енді 21 мамыр өтті, енді дүйсенбіден бастап босата берейік те, оларды ұстаудың не қажеті бар? Бұл қисынсыз қаталдық қой, ол тек қарсы реакция туғызады, түсінесіздер ме? Ол өшпенділікті туғызады, өзара бөтен болуға итермелейді, бізге бұл керек пе? Бұл біздің ел, ортақ үй, мұнда өзіміз де тәртіп құра аламыз. Даулы мәселелер болса отырып, әңгімелесіп, келісу керек. Барлығы тыңдап отыр ғой. Мен Астанада болдым, бастапқыда бізді тыңдағылары келмеді, тыңдамайтын. Қазір болса менімен бір дастарханда отырады, сөздерімді естиді, кейде келіседі, келіспейтін тұстары да бар, десе де, диалог жүріп жатыр, көріп отырсыздар ғой, бұл конструктив, нәтижелі процесс.

Мен өз жазбаларыммен бір тарапты байсалды болуға шақырамын, бірақ билік ұйымдасқан түрде, құрылымдалған және үлкен жауапкершілікпен тыныштықты сақтауы тиіс. Себебі биліктің құқық қорғау органдары, сот жүйесі, прокуратурасы, былайша айтқанда бәрі бар. Ал 21 күні Алматы полициясы не істеді - бұл арандату, араздық туғызды, өшпенділік туғызды, түсінбестік, өкпе, ашу туғызды. Бізге мұндай шешім қажет пе? Мұндай жағдайларды біреу қасақана істейтін сияқты көрінеді. 21 мамырда адамдармен сөйлесуге болмады ма? Міндетті түрде күш қолдану керек пе еді? Себебі күш қолдану әрекеті тағы бір сондай күшті туғызады. Бізге мұндай жол керек емес, себебі ол қауіпті, бұл жолмен жүрсек тек ұтыламыз. Бірақ екі тарап та әліптің артын бағып, байсалды болуы тиіс және билік жастарға қарағанда ұйымдасқан механизм ретінде өзіне үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан сенбі күні болған жағдайға қапа болдым.

Жер реформасына жөніндегі комиссиясының өткен отырысында мені құқықтық топтың басшысы етіп тағайындады. Бұл жайында менімен ешкім ақылдасқан жоқ еді, сондықтан бұл мен үшін тосын жай болды. Мені Айдос Сарым ұсынды, сайлауға қатыстырды, барлығы маған дауыс берді, тек бір адам қарсы болды. Сайлау ашық түрде өткен болатын. Мені құқықтық топтың басшысы етіп сайлағандықтан, мен бас прокурор, әділет министрінің орынбасары, депуттар сияқты біздің полицейлердің сенбі күні жасаған әдістерін талқыға салатын боламын. Азаматтарды заңсыз түрде ұстаған әрбір жағдай туралы полицейлерден тергеу жұмыстарын талап етемін. Бұл болашақта біздің әлеуетті органдарымыздың осындай жолмен жұмыс істеуін тоқтататын әділетті жол болады. Себебі хаттамалар жазылмаған, адамдар бұзақылық істемеген, оларды алып кеткен. Полиция азаматтарға осындай әдіс қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылуы керек.

TENGRINEWS: Қалай ойлайсыз, неліктен биліктің жоғарыда айтылған қадамдарға баруына қарамастан (мораторий енгізді, жоғары қызметтегі шенеуніктерді қызметтерінен босатты) 21 мамырда бір нәрсе болуы керек секілді ойлар болды. Сонда жер мәселесінің екінші орында тұрғаны ма?
М. Тайжан :

Жер мәселесін біздің өмірімізге қатысты емес, оқшау тақырып ретінде қарастырмау қажет. Елдің әлеуметтік жағдайы екі девальвациядан кейін нашарлады. Меніңше, мұнымен бәрі келіседі. Мен статистика мәліметтерін келтірейін. Біздің елімізде 9,6 миллион сайлаушы бар, олардың 7 миллионының жеке тұлға ретінде тұтынушылық және ипотекалық кредиттері бар. Осы адамдардың 1,3 миллионы кредиттерінің төлеу мерзімін өткізіп алған. Бұл кредиттерді төлей алмай жүргендер кімдер? Бұл тек осы адамдарға қатысты мәселе емес, сонымен қатар банк жүйесіне де қатысты болып тұр. Біз кредиттерді өтеуге қызмет көрсететін статистикадан банк жүйесінің мәселесі тек жеке тұлғаларда емес, заңды тұлғаларда да болатынын көріп отырмыз. Егер банктік дағдарыс болатын болса, онда оның барлығына да қиындық туғызатыны анық.


Мұхтар Тайжан (сол жақта)мен ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов. © Facebook

Біз қазір жылжымайтын мүліктің дағдарысын көріп отырмыз, пәтерлердің, кеңселердің бағасы төмендеді, көбінесе бұл жылмымайтын мүліктер банкте кепілдікке қойылған. Яғни, ипотекалық кредит ретінде немесе құрылысшыларың мүлігі. Бірақ егер кепілге қойылған мүліктің бағасы төмендесе, банк теңгерімінің жағдайы қандай деп ойлайсыздар? Осыны ойласақ, қазір экономикамыз қиын жағдайларды бастан өткеріп жатыр деп айтуға болады. Сондықтан халық өздерінің ауыр жағдайын міндетті түрде наразылық шаралары арқылы білдіріп тұрады. Астанада өткен кездесулер барысында мен бәріне экономикалық саясатты өзгерту керектігін айттым. Бірақ ол сұрақтар жер мәселесі шеңберінде емес. Осы қиындықтарды өткеру үшін бізге тезірек экономикалық саясаттың өзгеруі қажет. Себебі экономиканың жаппай күйреуі мемлекеттің де жаппай күйреуіне әкеліп соғады. Әрине, ұлттың бұл наразылықтары тек жер мәселесіне қатысты емес, жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты болып отыр.

TENGRINEWS: Сіздің ойыңызша еліміздің экономикасы қалай өзгеруі керек? Қандай қадамдар жасалуы тиіс?
М. Тайжан :

Біріншіден, адалдық керек, ойынның дұрыс ережесі керек. Нарыққа қатысушылар үшін монополиясыздандыру қажет, біздің нарық монополияланған, бұл сыбайлас-жемқорлық жүйесіне байланысты. Бұл - бірінші талап. Себебі, экономика әділетсіз, сыбайлас-жемқорлық жағдайларында дами алмайды. Экономиканы дамыту үшін әділдік қажет. Бірақ бұл біздің елде жоқ. Бұл даму үшін қажетті басты шарт.

Нақтырақ айтсақ, EXPO көрмесін өткізуден, басылымдарда жазылғандай, 79 миллиард теңге тұратын пантеон салудан бас тарту керек. Мектептерде оқушыларғы ыстық тағам беруді қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Бұған бар-жоғы 500 миллион теңге жұмсалады. Бұл пантеон салуға қажетті 79 миллиард теңгемен салыстырғанда түк емес. Өлген адамдарға денелерінің қандай жағдайда жатқаны маңызды емес, сондықтан да тірі адамдар туралы ойлайық. Бұл қоғамдағы жағдайдың ілгері басуына дереу әсер етеді.

Дегенмен, бұл күн көріс мәселесі ғана емес. Егер біз қоғамдағы жағдайды реттегіміз келсе, қоғамды толғандырып отырған мәселелерді де шешуіміз керек. Мысалы, материалдық жағдайға қатысы жоқ мәселелердің бірі - мектептерде үштілділікті асығыс енгізу.

Жалпы алғанда, үкімет халыққа қарау керек. Соңғы он жылда біздің демографиямыз қатты өзгерді. Ал біз ауылда қандай жағдай жасап отырмыз? Біз жұмыссыздық, газдандыру, жарық жүргізу мәселелерін шешіп жатырмыз ба? Кейбір ауылдарда әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ, медициналық пункттер жабық. Сондықтан да ауыл тұрғындары қалаға келеді, мұнда арба сүйреп, көліктерге жанармай құйып, күзетші болғаннан басқа жұмыс табылмайды. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек.

Яғни, халықты алаңдатып отырған мәселелерді шешуіміз қажет. Тек жер мәселесі емес, халықтың басындағы проблемаларды да шешіп берсек, қоғамда да шиеленіс туындамайды.

Әңгімелескен Ренат Ташқынбаев


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай