Ашаршылықтың алдын алу үшін күрескен қайраткер өз деңгейінде ұлықталмай отыр

25 Мамыр 2017, 11:57
1
?за?бай ??лымбетов
?за?бай ??лымбетов

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру" бағдарламасы, "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату" кіші бағдарламасы бойынша Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің дайындауымен ХХ ғасыр басында Қазақстанның жауапты қызметін атқарған, 1937 жылы қуғындалып, атылған мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туындылары мен оның тағдырына арналған құжат материалдары топтастырылған 1-ші кітабы жарық көрді. Осы кітаптың жауапты құрастырушысы, тарих ғылымдарының докторы Светлана Одепқызы Смағұловамен жүздесіп, қайраткердің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің белгісіз кейбір тұстары мен оның ғылыми еңбектеріне қатысты сұхбаттасқан едік.

TENGRINEWS : Светлана Одепқызы, көрнекті қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің мемлекеттік қызметі жайында не айтар едіңіз?
Светлана Смағұлова:

Ұзақбай Желдірбайұлы ХХ ғасырдың 20-жылдардың басынан ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында уездік атқару комитетінің ішкі басқару бөлімінің меңгерушілігінен Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің төрағалығына дейін көтеріліп, жауапты қызметтерді атқарды. Ол "халық жауы" болып атылып кеткенге дейін Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан. Ел басына түскен екі бірдей ашаршылық жылдарында да, елдегі ұжымдастыру мен индустрияландыру, тәркілеу және тағы басқа науқандарды өткізу барысында да ол ұлттың мүддесі жолында қызмет етті. Ұзақбай Желдірбайұлы әр қолға алған ісін аяғына дейін орындауға тырысты.
Оның білім мен ғылымның дамуында, Қазақстандағы Ғылым Академиясының жұмысының жандануында, халықтың мәдени өсуі, ірі өндіріс орындарының қалыптасуы, қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуі, Қазақстан астанасының Қызылордадан Алматыға көшірілуі мен екі астананың да көркейіп, абаттануында оның тікелей тигізген қолтаңбасы бар.

TENGRINEWS : Ұзақбай Құлымбетовтің екі бірдей ашаршылықты көзбен көріп, ауыздықтауға тікелей қатысқандығы жайында нақты жазылған еңбек жоқтың қасы. Халқымыздың үлкен апатқа ұшыратқан бұл ашаршылық кезіндегі қайраткердің қызметіне қатысты не айта аласыз?

Светлана Смағұлова:

1921-1922 жылдары Қазақстанды аштық жайлаған кезде Ұзақбай Желдірбайұлы Ырғыз уездік атқару комитетінде, Ақтөбе губерниялық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Аштық тырнағына Батыс өңірінің барлық уезі ілікті. 1921 жылдың қаңтарынан 15 мамыры аралығына дейін АРА ұйымына кеңес өкіметінің өкілідігіне тағайындалып, аштықты ауыздықтауға, әлсіздердің қолындадағы арық-тұрық бар малдарын күштеп тартып алған қарақшы топтарды жоюға қатысады. Шет мемлекеттерден көмек ретінде келген азық-түлік, киім-кешек және тағы басқа заттардың талан-таражға түспей, дер кезінде жеткізілуіне және тамақтандыру орындарына тек ашыққандарды тамақтандыру мәселесін тікелей қадағалады. Жергілікті әкімшілік тарапынан жол берілген келенсіздіктерге, бұның ішінде азық-түлікті аштарға емес, өз туған-туыстарына бөліп беру, кейбір асханалар, тамақтану орындары ластануы мен дәрігерлік емдеу орындарына дәрі-дәрмектердің жетпей, қолды болуына тиісті іс-шара қолдануға тікелей басшылық етті. Амал не, осындай талапшыл, турашыл азаматтың артынан шам алып жүгірген бәзбіреулер АРА ұйымының ашыққандарға берген көмек қорын талан-таражға салды деген жала жабуынан 1922 жылдың 17 мамырынан 1923 жылдың 11 ақпанына дейінгі аралықта ол РКФСР Қылмыстық кодекісінің 109 және 105-баптары бойынша айыпталып, тергеуге алынады. Тергеу барысын РКФСР Жоғарғы Соты жүргізіп, бұл іс 1923 жылдың басына дейін Орынбор қаласында қаралды. Дегенмен оған тағылған айыптардың дәлелденбеуінен Ұзақбай 1923 жылдың ақпанында РКФСР Жоғарғы трибуналы сессиясының шешімімен ақталып шықты.
1921-1922 жылдағы ашаршылықты ауыздықтауда Ұзақбайдың сіңірген еңбегі зор. Ол тек Батыс өлкесіндегі аштық қана емес, Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған кезде, осы өңірдегі аштықтың сарқыншақтарымен, зардабымен күресті.
Қазақстанда тәркілеу жұмысы жүргізілер алдында 1927 жылы Қазақстанда жұт нышандары білінген кезде Ұзақбай тағы да онымен күресіп, жұттың тереңге жайылып кетпеуіне тікелей басшылық жасаған.

TENGRINEWS : Сонда Батыс өңірдегі жұттың аштыққа ұласып кетпеуіне жол бермей, күрескен болып тұр ғой.
Светлана Смағұлова:

Иә, жұтпен күрес жүргізуге қатысты құрылған комиссияның төрағалығы осы Ұзақбай Желдірбайұлына тапсырылған. Құрамында Сұлтанғалиев, Мырзағалиев, Кенжин, Балғаев, Османов сияқты партия қызметкерлері бар комиссияның алдында жұттың шығу себептерін анықтау және ауыздықтау мәселесінде басшылық жасап, елді жайлаған қуаңшылықпен күрес жүргізуде ақшалай қаржы бөліп, ауылшаруашылығына аса қажетті өнімдермен қамтамасыз етуді талап еткен екен. Мал шаруашылығын көтеруге несие беруді, осындай ауыр жағдай туындаған кезде елден шетке астық, жем-шөптің шығып кетпеуін қатаң қадағалауға алғандығын архив құжаттары дәлелдейді.

Негізінде 1927 жылдың қысы Адай уезіне аса қиын тиген. Жаздағы куаңшылықтан, жем-шөпсіз қалуы, оның үстіне үздіксіз боранның соғуы уезде малдың қырылуына алып келді. Қолындағы барлық малынан айырылған шаруаларды аштық жайлады. Осы кезде Құлымбетов Дағыстан республкасынан көмек сұрауға мәжбүр болды. Дегенмен сол кезде бұл республиканың өзі де осындай қиыншылықты бастан өткізіп жатқан еді. Сондықтан Қазақстан тек өз күшіне сенді. Кеміген мал шаруашылығын қалай қалпына келтіру қажеттігіне жол көрсеткен ғылыми еңбектер осы аштықтан кейін туындаған.

TENGRINEWS : 1931-1933 жылдары Қазақстанды жаппай жайлаған аштық халқымыздың демографиясына да, ауылшаруашылығына да үлкен нұқсанын тигізді. Осы кезде Ұзақбай Құлымбетов Қазақ КСР Халық Шаруашылық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған екен. Тағы да аштықпен күресуге тура келіпті.
Светлана Смағұлова:

Алапат аштық басталған кезде Қазақстан отырықшыландыру мәселесін қолға алып, колхоздастыру, совхоздастыру науқаны жүріп жатқан еді. 1931 жылы өлкелік комитет аштық белең бере бастаған аудандарға арнайы уәкілдерін жіберіп, сол өңірдегі жағдайды бақылап, қиыншылық туындаған жерлерде жергілікті басшылықпен барлығын қалпына келтіруге көмек көрсету мәселесін көтерді.

Аштық үдей түсіп, талғауға тамақ іздегендер ауыл-ауылды кезді. Аштықтың зардабынан мал басы кеміді. Елдегі ауыр жағдайды қалпына келтіруде КСРО Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.М. Молотовқа жолдаған хаттарында бірнеше ұсыныс білдіреді. Оның бірі - Батыс Қытайдан мал сатып алу. Қайраткердің бұл ұсынысы әрине, ашаршылық кезінде 40-тан 4 миллионға түсіп қалған мал басын қайта қалпына келтірудің амалы болатын.

Екіншісі - республиканың егін өнімі аса төмен болған аудандарда өткізілетін астық жоспарын төмендету болса, ал үшіншісі - өзі ашығып күнін әзер көріп отырған шаруаның төлейтін салық мөлшерін азайту. Осындай ұсыныстарымен ол шаруалардың жағдайын ойлады.

Ол жұқпалы аурумен күресушілердің қатарында болды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы меңдеп бара жатқан ауру ошақтарын жоюға қатысты құрылған төтенше комиссияның төрағалығын да осы Ұзақбай Желдірбайұлы атқарды. Бұл комиссияның алдына барлық ауданда санитарлық орындар құрып, оны бақылайтын өкілдер тағайындап, ауру шыққан ошақтарды жою болатын. Уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қатерлі індетпен ауырғандарда арнайы дайындалған орындарға жатқызып, ем-дом жасау, аштықтан далада, көшеде өлген адамдар мен қырылған малдарды жинастыру және тағы басқа іс-шараларды қолға алды. Осы комиссияның белсенді жұмысының нәтижесінде мыңдаған адамдар ажал құрсауынан аман қалды десек те болады.

Азық іздеп көршілес республикаларға немесе шетелге босып кеткендерді қайтару ісін қолға алды. Үй-күйсіз, ата-анасыз қалған кезбе балаларды түрлі оқу орындарына, оның ішінде кәсіптік оқу орындарына орналастырып, тәрбиелеуді жөнге салды. Әрине, аштық нәубеті халық шаруашылығын туралап тастады, халықтың демографиялық өсіміне кедергі келтірді. Дегенмен Ұзақбайдай іскер, білгір басшының біліктілігі, қолға алған шараларын арқасында бұл аштық та ауыздықталды.

TENGRINEWS : Ұзақбай Желдірбайұлының туындылары мен оның тағдырына арналған құжат материалдары топтастырылған 1-ші кітабы жарық көрді. Оның жауапты құрастырушысы өзіңізсіз. Жалпы осы еңбектің тарихи маңызы қандай?
Светлана Смағұлова:

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарих ғылымы саласында тұлғатану мәселесі қалыптасты. Сөйтіп, ХХ ғасыр басында қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен ұлт зиялыларының, кеңестік жүйе тұсында үкіметтің қызметінде болған ел азаматтарының өмір жолдары мен саяси-қоғамдық қызметтері зерттеле бастады. Әсіресе 30-жылдары жалған айыппен қуғындалып, "халық жауы" деп атылған азаматтарымыздың есімдері қалпына келтірілді. Олар жайында кітаптар жазылды, деректі, көркем фильмдер түсіріле бастады. Дегенмен әлі де болса кейбір ұлт зиялыларының тұлғалық қасиеттерін өз деңгейінде ұлықталмай отыр. Оған не себеп? Біріншіден, осы азаматтарды тағдырын нақтылайтын архив құжаттарының ұзақ уақыт құпия түрде болуы да, екіншіден, кейбір жеке тұлғалардың соңында іздеушісі болмағандықтан тағдыры тасада қалып қоюы.

Ал Ұзақбай Құлымбетовке келсек, ол туралы 90-жылдардан кейін бір кандидаттық диссертация мен бірнеше ғылыми және көпшілік мақалалар, естеліктер жарық көрген. Бірақ қайраткердің жеке туындылары кешенді түрде зерттелмепті. Көпшілікке ұсынылған бірінші кітапқа оның 1926-1936 жылдары жарық көрген 7 кітабы мен мерзімді баспасөзге шыққан 17 ғылыми, танымдық мақалалары енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті архивінен Ұзақбай Желдірбайұлының өмірі мен қызметіне арналған құжаттар енгізілді. Қайраткерге қатысты Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивіндегі құжаттарды сол архивтің қызметкерлері даярлап, 2-ші кітап ретінде шығаруды жоспарлап отыр.

Ұзақбай Желдірбайұлының кітабына топтастырылған еңбектерінің тарихи маңызы зор. Бұл еңбектер Қазақстанды саяси, экономикалық, мәдени жағынан өркендетуге, көтеруге арналған.

TENGRINEWS : Қайраткердің жинаққа енгізілген алғашқы кітабы Қазақстанның мәдениет, шаруа құрылысына арналыпты. Ол ел шаруашылығын көтеруде қандай да бір бағыт ұсынды ма?
Светлана Смағұлова:

Ұзақбай Желдірбайұлы шаруашылық құрылыс пен мәдениетті өркендетудің жолдарын айтпас бұрын қазақ жерінде болған қиыншылықтарға тоқталған. Оның себептерін, содан туындаған зардаптарды саралаған. Патша үкіметі мен кеңестік жүйе тұсындағы Қазақстанның экономикасын салыстырып, тәркілеу науқаны жүрер алдындағы жағдайға баға берген. Мәселен, ол мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуын салыстыра келе, мал шаруашылығының ілгерілеуінің шабандығын себептерін анықтайды. Ол мал шаруашылығын өркендетуге үкімет шараларының болмауы және 1921-1922 жылдардағы жұт. Осылардың кесірі малдың өсуіне ең басты кедергі болды дейді.

Ұзақбай Құлымбетов жалпы шаруашылықты өркендетуде, мал өсіруге назар аударуды маңызды санады. Жоспарлы түрде үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлу арқылы жүзеге асыру қажеттігін көтерді. Одан кейінгі жылдары да съездерде сөйлеген сөздерінде, жариялаған еңбектерінде де мал шаруашылығын нығайту және одан әрі өркендетудің шараларын ұсынды. Ол жеке меншікте ұстайтын малдың санына шектеу қоймау, колхозшыларды міндетті сүт тапсырудан, ауылшаруашылығы салығынан босату және тағы сол сияқтылар.

TENGRINEWS : Әйел мәселесінде де Ұзақбай Құлымбетов республикада өткен қыз-келіншектердің І-съезінде баяндама жасап, нәзік жандыларды қоғамдық-саяси қызметке тарту мәселесін қуаттаған екен. Жалпы әйел құқығы, кеңестік әйелдердің ерлермен тең құқықты болуына қатысты оның ұстанымы қандай?
Светлана Смағұлова:

Кеңестік билік орнағаннан кейін қалың мал жойылды. Әйелдер арасында сауаттандыру жұмыстары жүргізіліп, олардың үкімет қызметіне тартыла бастағанын жақсы білесіздер. Бұрынғы күң ретінде ұсталған немесе еркектен төмен сатыда болып есептелген қыз-келіншектердің белсенді болуын көздеген Ұзақбай Желдірбайұлы сол І-съезінде жасаған "Совет әйелдері - толық праволы азамат" баяндамасында әйелдердің еркін болуына кедергі келтірерлік барлық ескі қалдықты жоюдың қажеттілігіне үндеген. Ол 30-жылдардың ортасы болса да әлі де көп әйел алушылық, әмеңгерлік, колхоздарда әйел еңбегін дұрыс бағаламау, оларға өрескел қарау, кем-қор санау және тағы басқа ірі кемшіліктердің орын алып отырғандығын сынға алды. Заң бойынша теңқұқылығын сақтап, олардың мәдени саладағы, техникалық саладағы білімдерін көтеріп, қоғамның белсенді адамына айналдыру жолында күреске шығуға шақырған.

TENGRINEWS : Ұзақбай Құлымбетов мерзімді баспасөзге де қалам тартқан дедіңіз. Осы мақалаларында қандай мәселелер көтерілді?
Светлана Смағұлова:

Мақалаларының басымы сол кездегі бас газет "Еңбекші қазаққа" жарияланған. Ол көпшіліктің назарына кәсіп шаруашылығы, өнеркәсіпті өркендетудің жолдары, аудандау, мал шаруашылығын дамыту, бір сөзбен айтқанда, елдің ауылшаруашылығы мен экономикасын өркендетуге қатысты ой-тұжырымдарын ұсынған. Қайраткердің бір ерекшелігі, оның тарихты жақсы білетіндігі. Жариялаған барлық еңбегінде қарастыратын мәселесінің патша өкіметі тұсында қандай болғандығын, кеңес жүйесінде қаншалықты өзгеріске ұшырады, міне, соны ұғындыра салыстыра береді.
Оның мақалалары "Қызыл Қазақстан", "Ауыл коммунисі", "Социалды Қазақстан", "Казахстанская правда" және тағы басқа басылымдарда жарық көрген. Бір мақаласында ол республикада болған кемшіліктерді сынға алса, келесіде жетістіктерін бөлісті.

TENGRINEWS : Биыл қуғын-сүргін нәубетіне 80 жыл толып отыр. Ұзақбай Құлымбетов те "халық жауы" ретінде тұтқындалып, атылып кеткендердің бірі. Жалпы, республиканың дамуына елеулі үлес қосқан азаматты ұлықтау өз деңгейінде жүзеге асып отыр ма?
Светлана Смағұлова:

Кеңестік жүйе тұсында Ұзақбай Желдірбайұлы бірнеше рет қуғынға ұшыраған екен. Архив деректеріне сүйенсек, қайраткер 1919, 1921-1923, 1925, 1929 және 1937 жылдары үкімет тарапынан тергеуге алыныпты. "Халық жауы" деп атылып кеткенге дейін оған жабылған айыптардың барлығы да дәлелденбеген. Алайда ол 1937 жылдың маусымында болған Қазақстан Коммунистік партиясының I съезінде қараланды. Негізінде осы съезд барысында оның кандидатурасы Орталық комитетке ұсынылған болатын. Қарсы келгендер Ұзақбайды "1919 жылы ақтардың жағына шығып кетті, жікшілдердің қатарында болып, контрреволюциялық жұмыс жүргізді" деген негізсіз айыптар тақты.

Қайраткерге тағылған айыптаулардың ақ-қарасын анықтау үшін құрамында арнайы комиссия құрылып, оған қатысты барлық құжат қарастырылды. Комиссияның төрағасы болған О. Исаев тексеру барысында Ұ. Құлымбетовтің ақтарда тұтқында болғанымен, олармен байланыс жасамағандығын айтып, қорғап шықты. О. Исаев бастаған комиссия Ұ. Құлымбетовтің жазықсыз екендігін дәлелдесе де, оған қатысты іс қайтадан көтерілді. Бастапқы кезде Ұзақбай Желдірбайұлы Қазақ КСР ОАК төрағалығынан босатылды. Осыдан кейін 2 тамызда ұсталып, абақтыға қамалды.

1937 жылдың 22 қыркүйегінде "Казахстанская правда" газетіне К. Пухов "На поводу у буржуазных националистов" деп аталған мақаласын жариялап, Ұзақбай Құлымбетов пен оның "сыбайластарының" "ұлтшылдығын" әшкереледі. Қызып тұрған отқа май құйғандай болған бұл мақала оның "халық жауы" екендігін дәлелдей түскендей болды. Абақтыға жабылған кезде оның 5 кітабын қолдануға тыйым салынды.

1938 жылдың 25 ақпанындағы Әскери коллегияның шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Қайраткер атылып кеткеннен кейін де "Мирзоян, Исаев, Есқараев, Сәдуақасовтармен бірге буржуазиялық-ұлтшылдық ұйым құрды, герман-жапон фашизмінің агенті болды" деген жалған жаладан арыла алмады. 1938 жылдың 3 шілдесінде өткен Қазақстан Коммунистік партиясының II съезінде оның аты қараланып айтылды.

1958 жылдың 22 сәуірінде ғана КСРО Жоғарғы Соты Ұ. Құлымбетовке қатысты қылмыстың жоқтығы себепті істі тоқтатып, 31 қазандағы Қазақстан КП ОК-нің қаулысымен толықтай ақталды.

Ұзақбай Желдірбайұлының есімі ұлықтауға әбден лайық. Қызы Орынша Қарабалинаның ізденуінің нәтижесінде былтырғы жылдың өзінде біршама іс-шара жүзеге асты. Ақтөбе қаласында, оның туған жері Ырғызда қайраткерге арналып конференциялар өткізілді. Мерзімді баспасөзге мақалалар жарияланды, деректі фильм түсірілді. Дегенмен алдағы уақытта қызыл жүйенің қаншама қуғынына, қыспағына түссе де республиканы дамыту жолында ерен еңбек еткен асыл азаматқа тақта орнатып, көшеге, туған жерінде бір мектепке атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сұхбаттасқан Ардақ Құлтай


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай