1. Басты
  2. Біл
  3. Оқиға
  4. Қылмыс

11 күнде дәрі және медицина бұйымдарын сату саласында 396 құқық бұзу дерегі тіркелді18 шілде 2020, 16:27

Фото:elements.envato.com Фото:elements.envato.com

11 күннің ішінде дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сату саласында 396 құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

 
Мемлекет басшысы қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында жартыжылдықта атқарылған жұмыстар қорытындыланып қана қоймай, коронавирус індетімен күреске қатысты бірқатар сын да айтылды. Науқастар санының күрт артуы кезінде қажетті дәрі-дәрмектердің тапшылығы еліміздің ұлттық қауіпсіздігі жүйесіне айтарлықтай қауіп төндірді. Біреулер үшін бұл ауру – қажетті дәрілерді таба алмау және жақындарынан айырылу болса, енді біреулері үшін өз отандастарының есебінен баю көзіне айналды. Әлеуметтік желілерде Төтенше жағдай кезінде Қазақстанға келген гуманитарлық көмектің дәріханаларда сатылуы туралы ақпарат, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің қолдан жасалған тапшылығы және олардың біршама жоғары бағамен сатылып жатқаны жөнінде хабарламалар тарала бастады.

Әрине, мұндай жағдай Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.

- Қазір біз соғыс жағдайындамыз. Сондықтан әрбір басшылардан шұғыл мәселелер мен міндеттерді барынша тиімді шешу талап етіледі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдары құрылымдарының да нақты шешімдер қабылдап, әрекет етуін талап етті. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау ҚР Президенті Әкімшілігіне қарасты Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді. 

Көп кешікпей, бүкіл елімізде Денсаулық сақтау министрінің дәрі-дәрмектердің бөлшек саудасының шекті бағасы туралы бұйрығының талаптарын сақтау бойынша фармацевтикалық ұйымдардың жұмысын тексеру басталды. Бағаның қымбаттауынан бөлек, қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді заңсыз сату, яғни тіркеусіз, лицензиясыз және басқа да рұқсат құжаттарынсыз, соның ішінде дәріханалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сату деректері анықталуда.

5 шілдеден 16 шілдеге дейін 11 күн ішінде Қаржы министрлігінің Экономикалық тексеру қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі дәрі-дәрмектер сату және медициналық бұйымдар саласы бойынша 396 құқық бұзушылық фактілерін анықтады. Оның ішінде 76 іс Қылмыстық кодекстің баптары бойынша қаралады. Атап айтқанда жеке тұлғалардың алып-сату деректері, дәріханалар желісінің қызметкерлерімен келісе отырып жасалған бірқатар әрекеттер.

Алынған дәрі-дәрмектердің бәрі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне науқастарды емдеуге пайдалану үшін беріледі.

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының лауазымды тұлғаларының бюджет қаржысын жымқыру, жекелеген тұлғалардың ірі көлемде медициналық бетперделерді сату, сондай-ақ, медицина мекемелерінің жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруға тырысу деректері бойынша үш қылмыстық істі тексеріп жатыр.

Қаржы министрлігінің Экономикалық тексеру қызметі коронавируспен күреске бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаржыны алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тексеруде.

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Президент Әкімшілігінің ұсынысы бойынша құқық қорғау органдары коронавирус індетімен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмектің мақсатты және ашық жұмсалуына тексеру жүргізуді бастады.

Дәрі-дәрмектерді жасыру жолын кесу, баға келісімі, гуманитарлық көмек ретінде келген немесе емдеу мекемелерінен ұрланған дәрі-дәрмектерді қайта сату сияқты әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасуда.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 


Алматыда митинг өтті