Ақтөбе облыстық полиция басшысы қателікпен әлеуметтік желіде педофил деп айыпталған ер адамнан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция басшысы қателікпен әлеуметтік желіде педофил деп айыпталған ер адамнан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Полициядағылар желтоқсанның 12-17 аралығында полиция департаментінің қызметкерлері аса ауыр қылмысты ашуға жұмылғанын айтты. Шара барысында қылмыс болған жерді, күдіктіге ұқсас тұлғалар - киімі мен жүрісі тексерілді. Тексеру мақсатында адамдар полиция бөліміне жеткізілген.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлан Шандин полиция бөліміне жеткізілді, одан куәгер ретінде жауап алынды. Оны полиция бөліміне жеткізу себебі - киімінің ұқсастығы.
"Оның алибиі тексерілді. Аса ауыр қылмысқа қатысы болмауына байланысты ол жіберілді. Полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов ер адаммен жеке кездесіп, жағдайды түсіндіріп, келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Атығай Арыстанов сондай-ақ оның суреттерін әлеуметтік желілерде таратқан полиция қызметкерлері қызметтік тергеу барысында орнатылып, жауапкершілікке тартылатынына сендірді", - делінген хабарламада.
"Мен полиция қызметкерлерінің ауыр қылмысты ашумен айналысқанын түсінемін, алайда менің суреттерім әлеуметтік желілерде таралып жатқанына көңіл-күйім түсіп кетті. Полиция департаментінің басшысы кінәлілерді тауып, жазалайтынына уәде берді", - деді Ақтөбе тұрғыны.
Осыған дейін Ақтөбенің жергілікті тұрғыны Нұрлан Шандин қателесіп педофил деп айыптағандардың үстінен облыстық прокуратураға шағымданғаны айтылған еді.
Таяуда қалалық полицейлер 12 желтоқсанда тоғыз жастағы қызды зорлады деген күдіктіні ұстаған. Ол 21 жастағы жігіт болып шықты. Алайда өткен аптада әлеуметтік желіде қолданушылар Нұрланның суретін жариялап, қыз баланы зорлады деп айыптаған. Негізінде, төрт баланың әкесі бұл іске еш қатысы болмаған.
Енді ер адам құзырлы органдардан түсіндіру жұмыстарын күтіп отыр, оны кінәсіз деп табуын талап еткен. "Мені бөлімге апарып, бір сағат бойы кінәні өз мойныма алуымды мәжбүрледі, сосын екі адам пәтерімді ақтарды, көлігімнің багажындағы заттарды алып кетті. Таңғы төртке дейін сұрау алды. Сосын олардан шыққан соң интернеттен "Зорлықшыларға өлім" деген атпен пікірлерді оқыдым, өз өмірім үшін алаңдай бастадым", - дейді ақтөбелік.
"Осы азаматқа қатысты іс бойынша, ол полиция бөлімшесіне жеткізілген, шынымен де куәгер ретінде сұрау алынды, бірақ күдікті ретінде емес, сондай-ақ оның қорғаушы алуына мүмкіндік берілді. Ол куәгер ретінде сұрады, оның бұл істе еш қатысы жоғы анықталды", - дейді прокурордың орынбасары Бауыржан Мендебаев.