Есіктегі Еңбекшіқазақ аудандық соты Жібек Мусинаны зорлады делінген сотталушыларға қатысты сот үкімін шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Есіктегі Еңбекшіқазақ аудандық соты Жібек Мусинаны зорлады делінген сотталушыларға қатысты сот үкімін шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Асхат Бектұрсын 10 жылға дейін, Алмас Ермеков 9,5 жылға дейін, Ербол Ермеков 8 жылға дейін, ал Елтай Нұрбол 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылсын", - деп шығарды үкімді судья Ерлан Баймолдинов.
Сотталғандардың туыстары үкіммен келіспей, сот ғимараты алдында шу шығарды.
Суретте адвокат Айман Омарова
"Меніңше, сот әділ шешім қабылдады. Сотталушылар кешірім сұраудың орнына залда айғалап, балағат сөздер айтты. Сіздер өздеріңіз де көріп отырсыздар. Қазір Жібек онсыз да күйзеліске ұшырап жүр, онымен қоса балағат сөздер естіп жатыр. Олардың кінәсі дәлелденіп тұр. Біз мұны кімнің істегенін, қайда істегенін, жалпы осы жағдайдың қалай болғанын білеміз. Олар неге ақталып шығуы тиіс?", - деді Жібек Мусинованың адвокаты Айман Омарова журналистерге берген сұхбатында.
Ал сотталғандардың адвокаттары соттың бұл шешіміне наразы. "Қорғаушылар тарапы соттың үкімімен келіспейді. Себебі, сот процесі барысында көрсетілген дәлелдер, куәгерлердің айтқандары және сараптамалардың қорытындысы төрт сотталушының да бұл іске қатысы жоқтығын көрсетті. Біз апелляциялық шағым түсіреміз", - деді Асхат Бектұрсын мен Ербол Ермековтың адвокаты Қосанәлі Тұрмамбетов. Адвокаттың айтуынша, ДНҚ сараптамасы үш сотталушының жаппай зорлау ісіне қатысы жоқтығын көрсетті. Ол тек Асхат Бектұрсынның Жібек Мусиновамен жыныстық қатынасқа түскенін айтты. Сонымен қатар, адвокат мұның қыздың өз еркімен болғанын айтып өтті.
Сондай-ақ, Алматы облыстық сотының сайтында соттағы дәлелдердің сотталушылардың келесі қылмыстарды жасағанын дәлелдегені айтылады.
Ермеков Ербол - ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 1-бөлігі бойынша ("Адамды ұрлау"), 120-бабының 1-бөлігі ("Зорлау").
Жасаған қылмыстарына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігінің ("Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау") негізінде Ермеков Ербол сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша Ермеков Ербол кінәсіз деп танылып, қылмысы дәлелденбеген үшін ақталып шықты.
Ермеков Алмас - ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 1-бөлігі бойынша ("Адамды ұрлау"), 120-бабының 1-бөлігі ("Зорлау") , 121-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері").
Жасаған қылмыстарына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігінің ("Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау") негізінде Ермеков Алмас 9 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Заттай дәлел ретінде алтын түстес "kz293 PCА05" мемлекеттік нөмірі бар Infinity FX 37 маркалы автокөліктің соған тиесілі екені айтылды. Осыған байланысты сотталушыға тиесілі көлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Елтай Нұрбол - ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 1-бөлігі бойынша ("Адамды ұрлау"), 120-бабының 1-бөлігі ("Зорлау") , 121-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") және 293-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Бұзақылық").
Жасаған қылмыстарына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігінің ("Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау") негізінде Елтай Нұрбол тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәсіз деп танылды.
Бектұрсын Асхат - ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 1-бөлігі бойынша ("Адамды ұрлау"), 120-бабының 1-бөлігі ("Зорлау") , 121-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") және 293-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Бұзақылық").
Жасаған қылмыстарына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігінің ("Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау") негізінде Асхат Бектұрсын 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Есікте жаппай зорлау оқиғасы бойынша сот тергеуінің қайта жүргізілетіні хабарланған болатын.
Еске салайық, бұл оқиға тамыз айында болған еді. Зорланған қыздың туыстары әлеуметтік желілерде оны 14 тамызға қараған түні кафеден бауырымен бірге шыққан сәтінде біреулердің ұрлап әкеткенін хабарлаған еді. Оларға төрт адам шабуылдаған делінеді, екеуі қызды көлікке күштеп отырғызса, тағы екеуі бауырына шабуылдаған. Осыдан кейін бауыры оқиға жайлы туыстарына айтып, кейін олар іздестіріп, қыз жатқан көлікті тауып алған.