Одессада Қазақстан мен басқа да елдердің азаматтарын алдап келген ұйымдасқан алаяқтық call-орталығының жолы кесілді. Операцияны екі мемлекеттің Бас прокуратураларының қатысуымен Қазақстан ІІМ мен Украина Ұлттық полициясы бірлесіп жүргізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Алаяқтар қалай әрекет еткен?
"Одесса қаласындағы операция нәтижесінде Қазақстан азаматтарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасаған ұйымдасқан алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде интернет-алаяқтықпен айналысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, 120-дан астам адам қаскөйлердің құрығына түсіп, келтірілген жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асты", - деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Қаскөйлер өздерін банк, байланыс операторлары, мемлекеттік органдар және құқық қорғау құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген.
Смартфондарға қол жеткізгеннен кейін олар зардап шеккендердің ақшалай қаражаты мен дербес деректерін иемденіп отырған.
Арнайы операцияның нәтижелері
Халықаралық операция аясында сегіз санкцияланған тінту жүргізілді. Екі элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, сондай-ақ психологиялық әсер ету бойынша нұсқаулықтар жазылған материалдар мен Қазақстанның нышандары тәркіленді.
Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа да кибер-алаяқтық деректеріне қатыстылығы тексеріліп жатыр.и
ІІМ қазақстандықтарға банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейтінін және бөгде қосымшаларды орнатуды сұрамайтынын ескертті.