Павлодарда полиция майоры қыз зорламақ болды деген күдікке ілінді

26 Қыркүйек, 10:06
0
Павлодарда полиция майоры қыз зорламақ болды деген күдікке ілінді - видеодан үзінді
видеодан үзінді

Павлодарда білдей полиция майоры қыз зорламақ болған. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс жігіт оған көшенің қақ ортасында тиіскен. Тіпті қарсылық танытқан бойжеткеннің қолын қайырып, қорқытып, бопсалаған. Полицияға дереу арызданған жәбірленушіге ешқандай көмек те көрсетілмепті. Нәзік жанның арына қол сұқпақ болған тәртіп сақшысы жұмысынан қуылмаған. Бұған не себеп? Айыпты азамат жазадан құтылып кетуі мүмкін бе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қызды қорламақ болған ер адам полиция қызметкері болып шыққан. Оқиға Баянауылдағы демалыс орындарының бірінде болған. Жәбірленушінің айтуынша, куәгерлер де бар. Бірақ, кінәсін мойындамаған ер адам, оларды да қорқытып, аузын жапқан.

"Қазір 115-бапқа сәйкес, тағылған айыпты алып, орнына ұсақ құқықбұзушылық фактісі бойынша іс қаралып жатыр. Олар маған делелің  жоқ дейді. Куәгерлер ақпарат беруден, толықтай бас тартып отыр. Енді сот барысы да уақытша тоқтады. Ол жазадан сытылып кете ме деп қорқамын", - дейді жәбірленуші Айнара есімді қыз. 

Ал, айыпталушы бұл әрекетін оны біреуге ұқсаттым деп түсіндірген. Құзырлы орган өкілдері болса, әріптесін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша айыпты деп тауып, оған 12500 теңге көлемінде айыппұл салған. Енді жұмыстан шығарамыз деп сот барысын уақытша тоқтатыпты.

"Айыпталып отырған полиция майоры бүгінгі таңда, денсаулығына байланысты демалыста. Заңға сәйкес, қазір біз оны жұмыстан шығара алмаймыз. Осыған негізделіп, сот барысын тоқтаттық. Жұмысқа келген күні бұйрық шығады", - дейді Павлодар облыстық іід өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Асқар Серғазин.

Ал, нағыз зорлық құрбаны болған павлодарлық Светлана құзырлы органдардың жауапсыздығына наразы. Үстіміздегі жылдың мамыр айында пәтерін жалға алуға келген ер адам оны ұрып-соғып, ақшасын тартып алған. Ол аздай, айуандықпен қорлаған.

"Ол мені өлтіремін деп пышақпен қорқытты. Шашымды жұлып, төсекке тартып, білгенін істеді. Мен шыңғырып, айқайлай бастадым. Ал, ол менің мұрным мен аузымды жауып тұншықтыра жөнелді", - дейді Светлана. 

Айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Десе де, сот отырысы оны ұрлық фактісі бойынша кінәлі - деп тауып, айыппұл салумен шектелген. Құзырлы орган өкілдері мұны жәбірленуші арызын дұрыс жазбаған, мән-жайды толық жеткізбеген деп түсіндірген. Ал, Светлана сот шешімімен мүлде келіспейтінін, олар бірігіп, заңды пысқырмай отырғанын айтады. 

"Мен оны зорлау және ұрлық фактісі бойынша сотқа бердім. Қаншама арыз жаздым. Арпалысып, 3 ай жүрдім. Тіпті, толық медициналық экспертизадан да өттім. Барлық дәлел бар. Бірақ, сот шешім шығарарда маған ұрлық бойынша ғана арыз жазғансың деді. Мен түсіне алар емеспін", - дейді ол.

Светлана, айыппұл төлеп бәрінен құтылған қаскөй бостандықта басқаларға да зиян тигізіп, арам ойын іске асырып жүре бере ме деп алаңдайды.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай