29 шілде 2022 11:01

Полиция мен Ұлттық банк атын жамылған алаяқтар алматылық әйелді алдап кеткен

Сұлу Бөлек Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы тұрғыны Алма Серікқалиева өздерін Ұлттық банк пен ІІМ қызметкерлері деп таныстырған алаяқтардың құрбаны болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматы тұрғыны Алма Серікқалиева өздерін Ұлттық банк пен ІІМ қызметкерлері деп таныстырған алаяқтардың құрбаны болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Редакцияға телефон алаяқтарының құрбаны болған және үш миллион теңгесінен айырылған Алматы тұрғыны Алма Серікқалиева жүгінді. Зардап шегушінің жұбайы Дәурен Мұқанов үш ай бұрын әйелі үш миллион теңге сомасына депозит ашқанын айтты. Оның айтуынша, туыстарының ешқайсы бұл туралы білмеген, ал отбасы ақшаны балаларының оқуына жинаған.

21 шілдеде таңертең Алмаға белгісіз нөмерден қоңырау шалып, өзін ІІМ қызметкері ретінде таныстырды. Оның айтуынша, бөтен біреу оның атына құжаттар рәсімдеп, депозиттен ақша алған. Сонымен қатар, қоңырау шалушы шоттағы нақты соманы және басқа да жеке деректерді айтқан, бұған жәбірленуші сеніп қалған. "Полицей" қаскүнемді ұстағанын және ұрланған ақшаны қайтаратынын айтты, бірақ құқық қорғау органдары банк тарапынан қылмыскерді кім ақпараттандырғанын анықтауы керек. Ер адам Алмаға Ұлттық банк қызметкері хабарласатынын, ол ақпарат берушіні бақылауға алатынын айтқан.

Біраз уақыттан кейін жәбірленушіге өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған Анна Кушпетюк қоңырау шалады. Ол Алманы Халық банкінен ақпарат берушілерді қадағалау үшін Ұлттық банк оның шотына ForteBank-тегі басқа шоттан қаражат жіберетініне сендірген.

"Әйеліме тергеу барысында оның көмегі қажет екенін айтты және оны депозиттен ақша алып, олардың шотына аударуға көндірді. Өз сөздерін растау үшін оған Ұлттық банк қызметкерінің куәлік сканерлерін және алаяқтық құрбаны болғаны туралы кейбір құжаттардың көшірмелерін жіберді, кейін оған шотты жаңарту қажет екенін айтты. Алаяқтар хабарлаушыны анықтаған кезде ақшаны қайтаруға уәде берді, бірақ, әрине, ештеңе қайтарылмады. Олар әйелімді сендіргені соншалық, ол ортақ қаражатымызды ешкімге айтпай аударып тастады. Осыны білген соң, сол күні Алматы қаласы Бостандық ауданының АІІБ-не хабарластық. Алаяқтардың шоттарын бұғаттауды сұрадық, бірақ бізге мұндай жүздеген іс бар екенін айтып, өтініш жазуды сұрады, содан кейін тергеуші шотты бұғаттау туралы шешім шығарады", - деді жәбірленушінің күйеуі.

Дәуреннің айтуынша, ол төрт күннен кейін қайта барған, содан кейін ғана тергеуші тағайындалған. Алаяқтар күнде Алманың нөміріне қоңырау шалып, полиция немесе басқа органдардың қызметкерлері ретінде, әйелдің мүлкін өз аттарына беру туралы құжаттарға қол қоюды талап етеді. Отбасы прокуратура мен ҰҚК-ға қауіп-қатердің алдын алып, алаяқтарды тоқтату туралы өтініш жасаған.

"Бәрінен бұрын олар нөмірімізді, жұбайымның банкте депозит ашқанын қайдан білгені және шоттағы нақты сома туралы ақпарат қайдан алғаны таңғалдырады. Демек, банктерде ақпарат берушілері бар нақты қылмыстық топ жұмыс істеген. Біз олардың әрекетін тоқтатқанын және бізді жайымызға қалдырғанын қалаймыз", - деді ол.

Алматы полициясының баспасөз қызметі жәбірленуші алаяқтардың құрбаны болғаннан кейін бір күн өткен соң, 22 шілдеде арызданғанын хабарлады. Дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі, 4-тармағы "Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық" бабы бойынша соталды тергеу басталған.

"Қазіргі уақытта қылмысты ашуға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел және сот санкциясы бойынша арнайы іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Алматы полициясы азаматтарға ақпараттық қауіпсіздік туралы еске салады. Кез келген жағдайда өзіңіздің жеке деректеріңізді және шотыңыз туралы ақпаратты бейтаныс адамдарға бермеңіз, банктер, полиция және басқа да құқық қорғау органдарының атынан сізге телефон арқылы қоңырау шалатын белгісіз адамдардың талаптарын орындамаңыз", - деді полиция өкілдері.

Полицейлер мұндай оқиға бірінші рет емес екенін атап өтті. Банктер мен төлем жүйелері ешқашан хат жібермейді немесе клиенттерге деректерді беруді немесе аударым жасауды сұрап қоңырау шалмайды.

"Ұлттық банк өз қызметкерлері жеке тұлғалармен ешқашан байланыспайтынын және қылмыстарды тергеуге қатыспайтынын растады. Бұл ретте Ұлттық банк клиенттерге "жосықсыз банк басшыларын ұстау бойынша арнайы операция жүргіземіз" деген желеумен несие, шағын несие беріп, кейін үшінші тұлғалардың шотына ақша аударуға көндіретіндер туралы ескерткен. Ведомство мұндай қоңырауларды үзуді және кеңес алу үшін Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуды ұсынады", - делінген хабарламада.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети