Қазақстанның республикалық маңызы бар тасжолдарының бойындағы қоқысты тазалауға жыл сайын шамамен бір миллиард теңге жұмсалады, деп хабарлайды Tengri Auto.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының мәліметінше, бұл қаражат жол жөндеуге, қауіпсіздікті арттыруға немесе жол бойындағы сервисті дамытуға бағытталуы мүмкін еді, алайда қаржының қомақты бөлігі кейбір жүргізушілер мен жолаушылардың жауапсыз әрекетінің салдарын жоюға жұмсалып отыр.
Жол қызметтері күн сайын жол жиектері мен демалыс алаңдарындағы қоқысты жинауға, санитарлық аймақтарды тазалауға, әжетханаларға қызмет көрсетуге және жол бойындағы инфрақұрылымның жай-күйін қадағалауға мәжбүр.
Жарияланған кадрлардан адамдардың қалдықтарды тікелей көліктен лақтырып жатқанын, демалыс орындарында қоқыс тастап кететінін, белгіленбеген жерлерде шылым шегіп, жол маңын ластайтынын көруге болады.
Сонымен қатар жолдар мен демалыс алаңдарының жай-күйіне көбіне пайдаланушылардың өздері шағымданады. Дегенмен, ауа райының кез келген жағдайында тазалық жұмыстарына шығатын жол жұмысшылары күн сайын тәртіп орнатумен айналысады.
Компания республикалық тасжолдар мемлекеттік инфрақұрылымның бір бөлігі екенін еске салып, жүргізушілерді қарапайым әдеп ережелерін сақтауға шақырды: қоқыс тастамау, әжетханаларды мақсаты бойынша пайдалану және қоршаған ортаға ұқыпты қарау.