Шымкентте қарқынды алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу және негізгі айыпталушылар
Тергеу мәліметтері бойынша, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Ж.Д. Омаров байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарда, соның ішінде "Green Mart Kazakhstan" ЖШС-ін тарта отырып, мемлекеттік қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу белгіленген рәсімдерді бұза отырып, негізінен бір көзден алу тәсілімен, бәсекелестік орта қамтамасыз етпей жүргізілген. Жабдықтардың, материалдардың және құрылыс-монтаж жұмыстардың құны жасанды түрде өсірілген, ал көзделген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.
Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, солардың негізінде бюджет қаражаты аударылған.
Шығын және заңсыз субсидиялар
Нәтижесінде мемлекетке 430 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілген.
Бұған қоса агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілері анықталды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар арқылы бақтарды дамытуға және жұмсалған шығындарды өтеуге арналған субсидия алуға өтінімдер берілген.
Бұл құрылымдардың шоттарына жалпы сомасы 327 миллион теңгеден астам қаражат аударылған. Алайда іс жүзінде көрсетілген мақсаттарға қаражаттың шамамен 20 пайызы жұмсалып, 250 миллион теңгеден астам қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.
"Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын құны 1 миллиард теңгеден асатын жер участкелеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы тамызда осы іс бойынша қордың бұрынғы басқарушы директоры М.Қ. Ысқақов пен "Green Mart Kazakhstan" ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 4 автокөлігі тәркілене отырып, 8 жыл бас бостандығынан айырылған болатын.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бұрынғы төрағасы 2025 жылғы қазанда ұсталды.