Үстіне зәр шашылған жезқазғандық экс-полицей Төлеген Игібеков бүгін, 7 маусымда бостандыққа шығады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Мұндай шешімді судья Әлімбеков шығарды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылған экс-полицейдің мерзімін шартты жазаға ауыстырды.
Үстіне зәр шашылған жезқазғандық экс-полицей Төлеген Игібеков бүгін, 7 маусымда бостандыққа шығады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Мұндай шешімді судья Әлімбеков шығарды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылған экс-полицейдің мерзімін шартты жазаға ауыстырды.
Апелляциялық процессте мемлекеттік айыптаушы Төлеген Игібековтың жазасын шартты түрдегі жазаға ауыстыруды сұрады. Алайда судья сотталушының тіпті кешірім сұрамағанын атап өтті. "Игібеков неге әлі күнге кешірім сұрамаған? Ал сұхбатында осындай жағдай тағы болса тағы шапалақпен ұратынын айтады. Оның сөзін қалай бағалауға болады? Ол өкінбеді ме? Осыған байланысты оның жазасын жеңілдетуге бола ма?", - деп сұрады судья прокурордан.
Экс-полицейдің адвокаты Игібековтің әрекетінде қылмыс құрамының болмағанын айтты.
"Игібеков қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болды. Оның әрекетінде қылмыс құрамы болмады. Игібеков қарапайым сержант, спортшы, оны бүкіл Жезқазған біледі. Оның сөздерін дұрыс түсінулеріңізді сұраймын, ол бостандықтан айыру орындарында болмауы керек", - деді адвокат Мусин.
"Құқық қорғау органдарының өкілінің тарапынан күш көрсетуге жол беруге болмайды. Полиция қызметкерлерінің қорлауға, намысын таптауға немесе зорлық көрсетуге құқы жоқ. Игібековтің сұхбатында осы жағдай екінші мәрте болса дәл осылай әрекет ететін едім деген сөзі маған түсінікті", - деді судья.
Айта кетейік, процессте Игібековтің өзі жоқ. Ал жәбірленуші Қайрат Елубаев қарсылық көрсетпегенін және полицейге зәр шашпағанын айтты. "(...) Биологиялқ сараптама жасауға дайынмын. Олар көлікті тоқтатқаннан видеоға түсіргенім үшін бірден қолымды қайыра бастады. Мен антикоррупциялық қызметке хабарластым, себебі полициядағылар маған көмектеспейтін еді. Игібековке қатысты өкпем жоқ. Үкімді өз қалауыңызбен шығаруыңызды сұраймын", - деді ол.
Сөйтсе, жәбірленушінің өзі бұрынырақта анықтау органында жұмыс істепті. Аттестациядан өте алмағандықтан жұмыстан шығып қалыпты. Осы оқиғалардың барысында жеке кәсіпкер болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, процесске Игібековтың анасы мен туыстары келді. Әйелі Мөлдір Байсалова процесске келе алмады. Себебі ол бала босаныпты. 28 мамырда полицейдің екінші ұлы дүниеге келіпті.
Судья тараптарды тыңдағаннан кейін "Жезқазған қалалық сотының шешімін сол мерзімге шартты жазаға өзгерту және пробациялық бақылау орнату" жазасын қаулы етті. Осылайша, Игібеков бүгін, 7 маусымда бостандыққа шығады.
"Өте қуаныштымын! Оның әйелі мені онсыз қайтпауымды талап еткен. Ол екінші ұлын босанды. Оның есімін Амангелді деп қойдық. Енді не істейтінімізді шешеміз. Әзірше осыған қуанып тұрмыз", - деді экс-полицейдің анасы Мәрия Игібекова.
Соттың үкімі шыққаннан кейін залдағылар қол шапалақтап, қуанды.
Апелляциялық сот алқасының төрағасы Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков болды.
Еске салайық, қалалық жол-патрульдік полициясының қызметкері мас жүргізушіні шапалақпен ұрғаны үшін сотталған болатын. Жүргізуші қанында табылған алкогольді көрсеткен куәландыру қорытындыларымен келіспей, зәрін сержантқа шашып жіберген. Осы кезде сержант оны шапалақпен ұрған. Кейін жүргізуші қамалып, кепілақымен босатылған. Осыдан кейін 5 жылға сотталған полицейдің әйелі мәлімдеме жасаған болатын.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бетіне зәр шашылғаннан кейін жүргізушіні шапалақпен ұрғаны үшін бес жылға сотталып кеткен жезқазғандық полицейдің ісі бойынша Жоғарғы сотқа хат жазғанын айтты.