Алматы хайуанаттар бағына канадалық сілеусіндер әкелінді, деп хабарлайды Tengri Life.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жануарлар халықаралық алмасу бағдарламасы аясында 6 сәуірде Америка Құрама Штаттарынан келген. Олардың орнына хайуанаттар бағының коллекциясындағы жыртқыш құстар берілді.
Келгеннен кейін сілеусіндер міндетті карантиннен және ветеринарлық бақылаудан өтті. Қазіргі уақытта жануарлар жаңа жағдайға сәтті бейімделіп, келушілердің тамашалауына шығарылды.
"Канадалық сілеусіннің аталығы 3 жаста, аналығы 7 жаста. Жаңа тұрғындар "қабылан шеңбері" деп аталатын ұсақ жыртқыштарға арналған вольерлер кешеніне орналастырылды. Жануарлар үшін жайлы жағдай жасалған: баспанасы, ауа баптау және тұман түзу жүйесі бар кең вольер жабдықталған. Сілеусіндердің рационына балық, сиыр еті және тауық еті кіреді", - делінген хабарламада.
Канадалық сілеусін - Солтүстік Американың теріскей аймақтарын мекендейтін мысық тұқымдастардың бірі. Бұл жыртқыш төзімділігімен ерекшеленеді және қатал климаттық жағдайларда өмір сүруге жақсы бейімделген. Түрдің өзіне тән ерекшеліктері - құлағындағы ұзын шашақтары, қалың жүні және қалың қарда еркін жүруге мүмкіндік беретін кең табандары.
Бір қызығы, сілеусін жүргенде артқы аяғын дәл алдыңғы аяғының ізіне қояды, соның арқасында оның қозғалысы дыбыссыз болады. Құлағындағы шашақтар тек сәндік қызмет қана атқарып қоймай, айналадағы дыбыстарды жақсы қабылдауға көмектеседі, бұл әсіресе аң аулау кезінде өте маңызды.
Алматы хайуанаттар бағының мамандары жаңа жұптың жаңа мекенге үйреніп, алдағы уақытта ұрпақ өрбітетініне сенімді. Бұл осы таңғажайып түрді сақтау мен көбейтуге қосылған маңызды үлес болмақ.