Аргентинаны жеңілуге мәжбүрлеген бе? ӘЧ финалы алдындағы видео қауесет тудырды

Иконка просмотров страница
Иконка комментария страница

Бөлісу

Видеодан кадрлар

Әлеуметтік желіде Аргентина мен Испания арасындағы ӘЧ финалы қарсаңында түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары аргентиналық футболшылар жүзіндегі алаңдаушылыққа және Лионель Мессидің командаластарынан бірнеше рет сабыр сақтап, "бәрін ұмытуды" сұраған сөздеріне назар аударды. Команда жеңіліске ұшырағаннан кейін бұл ролик матч алдында бір елеулі жағдай болуы мүмкін деген түрлі болжам жасалуына түрткі болды, деп хабарлайды Tengri Life.


Видеода не болып жатыр?

Трибуна астындағы бөлмеден түсірілген кадрларды алғаш болып аргентиналық TyC Sports телеарнасы таратты. Онда Месси алаңға шығардан бірнеше секунд бұрын әріптестеріне былай дейді:

Жарнама
Жарнама

"Сабыр сақтаңдар, жігіттер. Ең бастысы - сабырлы болуымыз керек. Тек ойын туралы ойлайық, басқа ештеңені ойламайық. Бәрін ұмытайық. Тек ойнайық".

Капитан "сабырлық" сөзін бірнеше рет қайталайды. Одан кейін қақпашы Эмилиано Мартинес футболшыларды тек алға ұмтылуға шақырады.

"Әрқашан алға, ешқашан артқа шегінбеу керек. Қорқақтар ғана артқа ойнайды", - деді Мартинес.

Бұл ретте кейбір футболшылардың еңсесі түсіп кеткендей көрінеді. Желі қолданушыларының назары әсіресе Энцо Фернандеске ауды: әлеуметтік желіде оны көз жасын әрең ұстап тұрды деп топшылады. Сондай-ақ Лисандро Мартинестің көзі қызарып кеткені байқалған. Дегенмен, тек кадрларға қарап футболшылардың расында жылағанын немесе мұндай күйге түсуіне не себеп болғанын нақты анықтау мүмкін емес.

2022 жылғы ӘЧ финалымен салыстыру қосымша сұрақтар туғызды. Осыдан төрт жыл бұрын матч алдында аргентиналықтар киім ауыстыратын бөлмеден еркін шыққан болатын: олар күлімсіреп, бір-бірімен сөйлесіп, қызу қолдау көрсеткен еді. Ал Испаниямен ойын алдында футболшылар негізінен үнсіз жүріп, жүздері салмақты әрі алаңдаулы көрінді.

"Жеңіліп қойғандай": жанкүйерлер не деп жазды?

Кейбір қолданушылар Мессидің бұл сөзін капитан командаға жігер беруі тиіс сәтке сай емес деп атады. Олар жеңіске шақырудың орнына, ол әріптестерінен бірнеше рет "сабыр сақтап, бәрін ұмытуды" сұрағанына назар аударды.

"Бәрі айтылған сөзге ғана қадалды, бірақ одан да сорақысы бар: олардың жүздері мен дене тілі. Ешқандай от жоқ, сөніп қалған, бейне бір жеңіліп қойғандай", - деп жазды X желісі қолданушыларының бірі.

Қандай болжамдар пайда болды?

Біріншісі - команда жаман хабар алды немесе жанжал болды. Желі қолданушылары аргентиналықтардың стадионға келген сәтіндегі сабырлы көңіл-күйі мен алаңға шығар алдындағы күйін салыстырды. Әлеуметтік желіде киім ауыстыратын бөлмеге кіріп шыққаннан кейін команданың көңіл-күйі күрт өзгерген деген пікірлер айтылды.

Екіншісі - аргентиналықтарды жеңілуге мәжбүрлеген және финалдың нәтижесі алдын ала шешіліп қойған. Бұл нұсқаны жақтаушылар Мессидің "бәрін ұмытайық" деген сөзін ойын алдында болған қандай да бір әңгімемен байланыстырады. Қосымша "дәлел" ретінде олар команданың нашар ойынын, Энцо Фернандестің алаңнан қуылғанын және жаттықтырушылар штабының кейбір шешімдерін алға тартады.

Алайда, матчтің келісілген сипаты туралы ешқандай құжат, футболшылардың айғақтары немесе өзге де дәлелдер келтірілмеген.

ФБР және Аргентина футболының президенті туралы қауесет

Нақты, бірақ расталмаған болжамды белгілі аргентиналық журналист және тележүргізуші Эдуардо Фейнман айтты. Оның сөзінше, финал алдында стадионда және әлеуметтік желілерде аренада ФБР қызметкерлері жүр деген қауесет тарай бастаған.

Америкалық агенттер Аргентина футбол қауымдастығының президенті Клаудио Тапияны ұстауға ниетті деген ақпарат тарады. Фейнман бұл қауесет аргентиналық делегацияға жетіп, футболшылар арасында алаңдаушылық тудыруы мүмкін деп болжады.

"Меніңше, жақын арада кейбір жайттар ашыла бастайды", - деді журналист El Noticiero бағдарламасы эфирінде.

Мессидің соңғы Әлем чемпионаты

Тағы бір ықтимал түсіндірме - матчтің эмоционалдық маңызы. Бұл финал 39 жастағы Месси үшін ӘЧ-дегі соңғы ойын болуы мүмкін еді. Жеңілістен кейін ол алаңнан көзіне жас алып кетті.

Ұлттық құрама бас бапкері Лионель Скалони капитан плей-офф кезеңіндегі барлық матчте толық уақыт бойы алаңда болғанын және турнир барысында сегіз гол соққанын атап өтті. Бұл ретте Испанияға қарсы финалдың оның құрама сапындағы соңғы ойыны екенін не футболшының өзі, не бапкер ресми түрде растаған жоқ.

Айта кетейік, аталған нұсқаның барлығы осындай ауқымды матчтер төңірегінде жиі туындайтын конспирологиялық жорамал мен қауесет қана. Бұл теориялардың ешқайсысы футболшылар, жаттықтырушылар штабы, Аргентина футбол федерациясы немесе ресми органдар тарапынан расталған жоқ.

Пікірлерді оқу

Тағы оқыңыз
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама