Өткен түнде миллиондаған бразилиялық смартфондарынан шыққан дабылдан оянып кетті. Елдің төтенше жағдайлар туралы жаппай хабарлау жүйесі тұрғындарға "жерге жатпланеталықтар шабуыл жасады" деген ескерту таратқан, - деп хабарлайды Tengri Life Globo жаңалықтар порталына сілтеме жасап.
Өшіруге келмейтін дабыл
Белгісіз хакерлер Бразилияның азаматтық қорғанысқа арналған Defesa Civil Alerta мемлекеттік платформасын бұзып, ел ішінде ауқымды цифрлық дүрбелең тудырған. Басылымның мәліметінше, олар халыққа хабар таратудың ең тиімді арнасын пайдаланған. Бұл жүйе Cell Broadcast технологиясымен жұмыс істейді: хабарламалар қарапайым SMS ретінде емес, телефон экранында қалқып шығатын ескерту түрінде келеді және қатты дыбыспен сүйемелденеді.
Мұндай дабыл смартфонның дыбыссыз режимін де, "Мазаламау" режимін де айналып өтеді. Себебі жүйе цунами, жер сілкінісі, торнадо сияқты төтенше жағдайлар туралы ескерту үшін жасалған. Сондықтан ол адамды міндетті түрде оятатындай етіп бапталған.
"Мизантропия" және жатпланеталықтар шабуылы: хакерлер не таратты?
Жіберілген хабарламалардың мазмұны өңірге қарай әртүрлі болған. Бірақ бәрі де үрей туғызатын немесе абсурд сипатта жазылған.
Ел тұрғындарының көбі қысқа, бірақ үрейлі хабарлама алған. Онда "misantropi4" деген сөз жазылған. Бұл "мизантропия", яғни адамзатты жек көру деген сөздің бұрмаланған нұсқасы.
Ал 2,5 миллионға жуық тұрғыны бар Белу-Оризонти мегаполисінің тұрғындарына тіпті ауыр тиген. Олардың телефондарына табиғи апат туралы ресми ескертуге ұқсас хабарлама келіп, кейін ол фантастикалық фильмнің сценарийіне ұқсап кеткен:
"Өздеріңізді сақтаңыздар: ЖАТПЛАНЕТАЛЫҚ ШАБУЫЛ, АДАМДАР КЕЛДІ, мизантроп".
Биліктің реакциясы және салдары
Түнгі сағат 01:30 шамасында жергілікті билік кибершабуылдың ауқымын түсініп, құлақтандыру жүйесін желіден толық ажыратты. Оқиғаны тергеуге Федерал полиция кірісті.
Мамандар енді хакерлердің мемлекеттік жүйені қалай бұзғанын анықтауы керек. Ал Бразилия үкіметі тұрғындарды сабырға шақырып, елге ешқандай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.