Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өтіп жатқан G7 саммитіне тоғыз жастағы қызы Джиневрамен бірге келді. Журналистер алдына шыққан сәтте бойжеткен анасының тасасына тығылып, бетін басу арқылы ондаған камераның назарынан барынша қашқақтауға тырысты, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі "Обозревательге" сілтемем жасап.
Қызықты сәт видеоға түсіп қалып, желіде тез тарады. Қыз бала ұшақ трапымен түскенде де, Мелонимен делегациялардың ресми кездесуі кезінде де фотографтардан қатты қысылды.
Кадрлардан Мелонидің қызы үнемі анасының артында жүруге тырысып, камера объективтеріне түспеуге барын салғаны көрінеді. Бір сәтте премьер-министрге тіпті қызды қолынан ұстап, саясаткерлердің бірімен амандасу үшін алға шығаруға тура келді.
Джиневра Джамбруно 2016 жылдың қыркүйегінде дүниеге келген. Оның әкесі - италиялық журналист әрі тележүргізуші Андреа Джамбруно. Джорджия Мелони онымен 2023 жылы, оның әйелдерге қатысты сексистік мәлімдемелеріне байланысты туындаған жанжалдан кейін ажырасқан. Содан бері саясаткер қызын жалғыз тәрбиелеп келеді.
Жоғары лауазымына қарамастан, Мелони Джиневраны шетелдік сапарларына үнемі өзімен бірге алып жүреді. Бұған дейін қыз бала анасына Балидегі G20 саммитінде, сондай-ақ Қытайға жасаған ресми сапарында серік болған еді.
Халықаралық сапарларға қызын ертіп жүргені үшін Италия премьер-министрі бірнеше рет сынға ұшырады. Әсіресе, 2022 жылы Мелони алты жасар Джиневраны Индонезиядағы G20 саммитіне алып барғанда қызу пікірталас туындаған болатын.
Сол кезде кейбір пікір білдірушілер мұндай іс-шаралар баланың орны емес деп есептеді. Атап айтқанда, италиялық басылымдардың біріндегі бағанда премьер-министр саммиттегі бірнеше күнді қызысыз өткізіп, тек жұмысқа ғана көңіл бөлуі керек екені атап өтілді.
Мелони бұл айыптауларға шұғыл жауап қайтарды. Ол өз баласын қалай тәрбиелеу керектігін өзі шешуге құқылы екенін мәлімдеді.
"Мен өзім қалағандай ана болуға құқығым бар және Джиневраны анасынан айырмай, осы ұлт үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға құқылымын", - деді сол кезде саясаткер.
Мелонидің бұл ұстанымын бірқатар италиялық саясаткер мен БАҚ өкілдері қолдап, ана болу жоғары мемлекеттік лауазымдағы әйелдер үшін кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті.