Әлеуметтік желілерде қолданушыларды ерекше тебірентіп, көзіне жас алдырған қыз ұзату тойының видеосы танымалдық жинап жатыр. Кадрлардан қалыңдықтың құрбылары оған ерекше тосынсый дайындағанын көруге болады: бойжеткен әр сөзді жан дүниесімен сезінуі үшін олар әнді ымдау арқылы орындап берді, - деп хабарлайды Tengri Life.
Бір қарағанда, бұл видео кәдімгі үйлену тойындағы құттықтау сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл оқиғаның мәні тереңде: Аяна есімді қалыңдық естімейді және сөйлей алмайды. Ол айналасындағылармен тек ым арқылы қарым-қатынас жасайды. Сондықтан құрбылары ол үшін ешқандай сөзді қажет етпейтін ерекше сыйлық әзірлеуді жөн көрген.
"Ол естімейді. Біз тек оған сыйлық жасағымыз келді"
Қыз ұзату тойы 7 маусымда өтті. Аянаның өміріндегі осы бір маңызды сәтте оның қасында бала кезден бірге келе жатқан адал құрбылары болды.
Видеоны "Тұран" университетінің 21 жастағы түлегі Нұрдария түсірген. Ол кадр сыртында қалып, осы бір әсерлі сәтті таспаға басып, кейінірек әлеуметтік желіге жариялаған.
"Мен өзім ым тілін онша білмеймін, қазір ғана үйреніп жүрмін. Құрбылары Аянаға тосынсый жасағысы келді. Шыны керек, видеоның осыншалықты кең тарайтынын мүлдем ойламадым", - дейді ол.
Екі түн, ЖИ және бала күнгі достық туралы мәтін
Идея кездейсоқ туған. Бастапқыда қыздар мүлдем басқа тосынсый жоспарлаған еді. Аяна болашақ жарына би дайындағысы келген, алайда емтиханға дайындықтан қолы тимей, дайындыққа уақыты жетпеген.
Видеодағы құрбылар. Фотоны Ақниет ұсынды
Сол кезде Айсұлу есімді құрбысы әнді ым тілінде орындауды ұсынады. Ол бірден видеода қызыл көйлекпен көрінетін Ақниетке хабарласқан.
"Айсұлу менің бала кезімнен ым тілін білетінімді және бұған дейін де ымдап ән айтумен талай рет өнер көрсеткенімді білетін. Біз лайықты ән іздеп, таба алмадық. Содан кейін ол: "Мәтінді өзің жаз, ал мен жасанды интеллект арқылы музыкасын жасап беремін", - деді", - дейді Ақниет.
Ақниет достық, балалық шақ және Аяна туралы жүрекжарды мәтін жазады. Ал Айсұлу оны жасанды интеллект көмегімен әнге айналдырған.
Қыздар бала кезден дос
Дайын композицияны қалыңдықтан басқа барлық құрбысына көрсеткен. Тосынсыйды той күніне дейін құпия сақтауды ұйғарады. Қыздардың өнер көрсетуге дайындалуына небәрі екі-ақ күн уақыты болған.
Барлығының жүрегіне жеткен сәт
Салтанатты кеште бес құрбысы Аянаның алдына бірге шығады. Әуенмен бірге олар ән шырқап, кезек-кезек әр жолын ымдау тіліне аударып жеткізеді.
Видеодағы құрбылар. Фотоны Ақниет ұсынды
Әнде бақыт пен махаббат туралы жаттанды сөздер болған жоқ. Онда олардың ортақ естеліктері, балалық шақтары мен көпжылдық достықтары баяндалды. Аяна әннің әр жолын танып отырды, өйткені бұл оның өмірі туралы еді. Ал соңында күйеу жігітке арналған ақ тілек айтылды: "Жылдар өтсе де, Аянаны бұрынғыдан да қатты сүйе бер".
Желі қолданушыларының пікіріне қарағанда, дәл осы сәт тойдағы қонақтардың да, кейін видеоны көрген жұрттың да ең қатты тебіренген тұсы болған.
"Мұндай жылы лебізді мүлдем күтпедік"
Видео жарияланғаннан кейінгі күні таңертең Нұрдария жүздеген хабарламадан оянған. Видео тез арада "ұсыныстар" бөліміне шығып, қаралым жинай бастады. Бейтаныс адамдар көз жастарын тыя алмағандарын жазса, достары мен туыстары видеоны бір-біріне жаппай таратқан.
"Мұндай зор ықыласты күткен жоқ едік. Сондағы сезімімізді сөзбен айтып жеткізу әлі де қиын", - дейді бойжеткен.
Видеодағы құрбылар. Фотоны Ақниет ұсынды
Желі қолданушылары видеоның астына кейінгі апталардағы ең шынайы әрі әсерлі кадрлар екенін жазып, жүздеген пікір қалдырған.
Достық, қолдау мен түсіністік туралы бұл оқиға сөзден де құдіретті болып шықты. Қолданушылардың айтуынша, бұл үйлену тойындағы құттықтауды "жүрекпен сезінетін" ерекше сәтке айналдырған.