Астанада қыз жол ортасында қалып қойған үйрек пен оның балапандарын құтқарды. Құстар Ботаникалық бақтағы тоғанға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengri Life.
Балапандар қалай құтқарылды?
Құтқару оқиғасы түсірілген видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Жазба авторының айтуынша, үйрек балапандары көліктердің арасында қалып қойған, сондықтан оларды жолдан ұстап алуға тура келген.
"Үйректерді құтқару оқиғасы! Балапандарды көліктердің астынан ұстап алдық, ал қазір олар Ботаникалық баққа орнықты", - деді жазба авторы.
Кадрлардан оның алдымен балапандарды шығарып алып, содан кейін қағаз пакетке салып, Ботаникалық бақтағы тоғанға апаруды ұйғарғаны көрінеді. Ол жерге балапандар бірден үйренісіп кеткен.
Ролик желі қолданушыларының назарын аударды. Пікір қалдырушылар қыздың ізгі ісі үшін алғыс айтса, кейбіреулері жақында тоғанда үйрек балапандары бұдан да көп болғанын байқаған.
"Ақыры Қазақстаннан жақсы бір жаңалық шықты. Құдайға шүкір, әлі де жақсы адамдар бар екен", "Мен мейірімділіктен басқа ешқандай артықшылық белгісін білмеймін. Жарайсыздар!", "Қазір ол жерде бес балапан жүр", - деп жазды желі қолданушылары.
Ботаникалық бақ өкілдері не дейді?
Астана ботаникалық бағының баспасөз қызметі үйрек балапандарының қазір жасанды су қоймасы аумағында екенін растады.
"Қазіргі уақытта үйрек балапандары жасанды су қоймасының аумағында. Астана ботаникалық бағы аумағында жасанды су қоймасы орналасқан, онда жылы мезгілде су құстарын, соның ішінде үйректер мен аққуларды кездестіруге болады", - деп бөлісті ботаникалық бақ өкілдері.
Сондай-ақ, мекеме әкімшілігі бейжай қарамай, көмек қолын созған қала тұрғындарына алғыс білдірді.
"Біз қала тұрғындарының жануарларға деген қамқорлығы мен қауіпті жағдайға тап болған құстарға көмектесуге деген ниеті үшін ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай жағдайлар тұрғындардың қоршаған орта мен жануарлар дүниесіне деген ұқыпты әрі жанашыр көзқарасын тағы бір мәрте дәлелдейді", - деді ботаникалық бақ өкілдері.
Сонымен қатар бақ қызметкерлері егер жабайы құстар немесе жануарлар қиындыққа тап болса, өз басыңызды қатерге тікпей, мамандарға немесе тиісті қызметтерге хабарласқан жөн екенін ескертеді.