Күнде М9.3 класындағы қуатты жарқыл тіркелді. Ғалымдардың айтуынша, бұл - кейінгі бір жарым айдағы ең күшті күн жарылысы. Мамандар жақын сағаттарда жаңа жарқыл болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды, деп хабарлайды Tengri Life Ғарыштық зерттеулер институты (ИКИ) мен Күн-жер физикасы институтының (ИСЗФ) Күн астрономиясы зертханасына сілтеме жасап.
Не болды?
Жарқыл бүгін Астана уақытымен сағат 06:36-да тіркелді.
"Мәскеу уақытымен сағат 04:36-да Күнде М9.3 деңгейіндегі жарқыл тіркелді. Каталогтарға сәйкес, бұл - бір тәулік ішінде ең жоғары X деңгейіндегі екі жарылыс болған 2026 жылғы 24 сәуірден бергі ең қуатты көрсеткіш. Бұл жағдайда X класына дейін жетуге шамамен 7 пайыз жетпей қалды", - деп атап өтті ғалымдар.
Ғалымдар Күн белсенділігінің артуы кешеден басталғанын айтады.
"Күндегі жағдай кеше күн ортасында күрделене бастады. Оған дейін түзу сызық болып келген жарқыл белсенділігінің графигі энцефалограммаға ұқсай бастады", - деп хабарлады зертхана өкілдері.
Келесі жарқыл қашан болады?
Зертхана есептеулері бойынша, қазір Күндегі жарқылдар әр 7 сағат сайын қайталанып жатыр. Бұл ретте әрбір келесі жарқылдың қуаты алдыңғысынан асып түсіп жатыр.
"Қазіргі сәтте еш көмегі тимей тұрған физиканы былай қойып, графикке жай ғана математикалық қисық сызық ретінде қарасақ, жарқылдардың шамамен 7 сағаттық тұрақты қадаммен және өсіп келе жатқан қарқынмен жүріп жатқанын байқауға болады", - деп түсіндірді ғалымдар.
Келесі жарқыл Мәскеу уақытымен сағат 12:00 шамасында (Астана уақытымен 14:00-де) болуы мүмкін. Ғалымдардың мәліметінше, қуатты зат тасталу ықтималдығы айтарлықтай төмен, алайда X деңгейіндегі жарылыс қаупі шамамен 3 пайызға бағаланып отыр.
Енді зертхана қызметкерлері алдағы тәулікте Күнді бақылауды жоспарлап отыр.
Жерге қауіп төніп тұр ма?
Қазіргі уақытта ғалымдар жарқылдың Күн дискісінің дәл ортасында болғанын анықтады. Мұндай орналасу кезінде шашыраған плазма бұлттары тікелей Жерге қарай бағытталады.
"Бірақ объективті бақылау құралдары әзірге плазманың тасталғанын растап отырған жоқ. Әзірге жарқыл қауіпсіз деп саналады", - деп атап өтті ғалымдар.
Күндегі жарқылдар несімен қауіпті?
Жарқылдың өзі Күнде болады, бірақ оның салдары бірнеше күннен кейін Жерде магниттік дауыл түрінде көрініс табуы мүмкін. Дәл осы геомагниттік толқулар техниканың жұмысына және адамдардың денсаулығына әсер етуге қабілетті.
Инфаркт пен инсульт қаупі
Жақында ғана жасалған зерттеуде ғалымдар Олег және Дарья Гайсенок пен Сергей Богачёв геомагниттік дауылдар инфаркт, жедел коронарлық синдром және инсульт қаупін арттыратынын атап өтті. Ғалымдар мұны магниттік ауытқулардың ағзамыздың маңызды көрсеткіштеріне тікелей әсер етуімен түсіндірді. Дауылдар табиғи биоритмдерді бұзады, жүрек соғысын өзгертеді, қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады және ұсақ тамырлардағы қан айналымын бұзады.
Бас ауруы
Ғалымдар Дэвид Хайд (David Hyde) пен Бен Дэвидсонның (Ben Davidson) зерттеуде жазуынша, Күн белсенділігі жоғары күндері адамдар әлсіздікке, бастың ауруына және жалпы немқұрайлылыққа жиі шағымданады. Мамандардың пікірінше, бұл дауылдардың вегетативті жүйке жүйесіне және қан тамырларының реттелуіне әсер етуімен байланысты, бұл мидың жұмысына тікелей әсер етеді.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
- Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға қан қысымы мен пульсті бақылауда ұстау ұсынылады.
- Қуатты магниттік дауылдар кезінде стресстік жүктемелерден аулақ болуға тырысыңыз.
- Көбірек демалып, уақытты тыныш жағдайда өткізген жөн.
- Егер дәрігер тағайындаған болса, профилактикалық препараттарды қабылдауды ұмытпаңыз.