2025 жылдың қазан айындағы ұрылар корольдік әшекейлерді қолды қылған тонаудан кейін, Луврдағы Аполлон галереясы келушілер үшін қайта ашылды. Кеңістік XVII ғасырдағы салтанатты галерея форматына қайтарылды. Енді мұнда зергерлік бұйымдар көрсетілмейді, деп хабарлайды Tengri Life Euronews-ке сілтеме жасап.
Мұражай өкілдері залдың бұдан былай витриналар мен экспонаттарсыз жұмыс істейтінін, осылайша өзінің салтанатты галерея ретіндегі тарихи мақсатын сақтап қалатынын нақтылады.
"2025 жылдың қазан айындағы тонау оқиғасы болған Лувр залы XVII ғасырдағы салтанатты галерея ретіндегі бастапқы мақсатына қайтарылады. Онда бұдан былай зергерлік бұйымдар қойылмайды", - делінген хабарламада.
Сол тонау кезінде ұрланбай қалған асыл тастар жақын арада терезесіз қойма ретінде жобаланған басқа залда көрмеге қойылады, деп мәлімдеді мұражай директоры Кристоф Лерибо.
2025 жылдың қазан айында төрт адамнан тұратын топ көтергіш платформасы бар жүк көлігінің көмегімен Аполлон галереясына басып кіріп, тапа-тал түсте келушілер мен Лувр қызметкерлерінің көз алдында француз тәжінің сегіз асыл бұйымын ұрлап кеткен болатын.
Бұл ұрлық жұртшылықты есеңгіретіп, әлемдегі ең көп адам баратын мұражайдың қауіпсіздік жүйесіндегі күрделі олқылықтарды әшкереледі, бұл Луврдың сол кездегі президенті Лоранс де Кардың отставкаға кетуіне әкеп соқты.
Құны 88 миллион еуроға бағаланған ұрланған асыл бұйымдар осы күнге дейін табылған жоқ.