ҰҚК комик Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеруді аяқтады. Оның қорытындысы қандай – Tengri Life материалынан оқыңыз.
Не болды?
Бұған дейін желіде Нұрлан Сабуров Украинамен қақтығысқа қатысып жатқан ресейлік әскерилерге қаржылай көмектескен-мыс деген видео пайда болған еді.
Ақпанда редакциямыз ҰҚК-ге Сабуровқа қатысты қылмыстық заңнаманы, оның ішінде Қылмыстық кодекстің 170-бабын бұзу ықтималдығы бойынша тексеру жүргізілген-жүргізілмегені туралы сауал жолдаған болатын.
"Ақпарат назарға алынды, тексеру шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жауап берген еді сол кезде ҰҚК өкілдері.
Тексеру немен аяқталды?
Жақында жаңа ресми сауалға жауап алдық. Жауапқа сәйкес, Сабуровқа қатысты тексеру шаралары аяқталған.
"Тексеру шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық белгілері анықталмағанын хабарлаймыз", - деп мәлімдеді ҰҚК.
Бас прокуратураның ұстанымы
Бұған дейін журналистер БАҚ-тағы Нұрлан Сабуровқа қатысты жарияланымдар туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен сұраған болатын. Ол жағдайды алдымен зерделеу қажет екенін айтты..
"Біз шет мемлекеттің шешіміне түсініктеме бере алмаймыз. БАҚ-та жазылып жатқан дүниенің бәрі зерттеу мен зерделеуді талап етеді. Ал 170-бап туралы айтылғандар – ҰҚК-нің құзыреті", – деді ол.