18 сәуір 2022 15:31

"9 айда 37 келі". Нутрициолог аз уақытта көп салмақ тастау сырын айтты

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жанна Кемал Жанна Кемал

Аз уақытта артық салмақпен күресуге болады. Оның жолы да сан алуан. Tengrinews.kz тілшісі аз уақытта арықтаған Жанна Кемалмен сөйлесіп, оның сырын сұрап көрді.


Аз уақытта артық салмақпен күресуге болады. Оның жолы да сан алуан. Tengrinews.kz тілшісі аз уақытта арықтаған Жанна Кемалмен сөйлесіп, оның сырын сұрап көрді.

Жанна Кемалдың негізгі мамандығы - маркетолог. Бірақ 8 жыл бойы диетологиямен айналысып келе жатыр. Қазір ол - Ресейдегі білікті мамандардан үйренген нутрициолог. Өзі 9 ай ішінде едәуір салмақ тастаған. Алғашында ол 90 келі болған. Қазір салмағы - 53, 54 келі. Осылайша, 9 ай ішінде 37 келіден арылған.

Жанна Кемал

Жанна аз уақытта артық салмақтан арылуға не себеп болғанын айтып берді. 

"Мақсатым арықтау, әдемі болу, өзімді жеңіл сезу болды. Денедегі энергияны, жастықты сезіну маңызды болды. Артық салмақ толық өмір сүруге, спортпен айналысуға, сәнді киінуге, салауатты өмір салтын ұстануға кедергі жасады. Осы мақсатта арықтағым келді", - деді ол.

Сондай-ақ, диетологтың сөзінше, артық салмақ адамға жас қосады. 

"25 жасымда 35-40 жастағыдай көрінгім келмеді. Артық салмақ адамға жас қосады. Қазір 36 жастамын, бірақ 27 жастағыдай көрінемін. Неге? Себебі менде артық салмақ жоқ. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану жас болуға көмек береді. Ол ішкі жағынан ғана емес, сырттай да сондай әсер береді", - деді ол.

Жаннаның айтуынша, арықтаудың ережесі өте қарапайым.

"Жай ғана күнделікті қайталанатын әрекеттерді істеу қажет: дұрыс тамақтану, қалыпты ұйықтау, күні бойы белсенді болу. Бұл күнделікті спортпен айналысу дегенді білдірмейді. Ол жай ғана серуендеу болуы мүмкін. Жеткілікті мөлшерде су ішу, психикалық тұрғыда өзіңді жақсы сезіну, гормонды жүйені дұрыстау, мұның бәрі айтарлықтай жақсы нәтиже береді", - деді Жанна Кемал.

Жанна Кемал адамдарда артық салмақтан арылуда жіберетін қателіктерді санамалап берді. Оның сөзінше, көбі жиі жіберетін қате - аш жүру. 

"Осылайша, адамдар өзіне қажет макро, микроэлементтерді рационынан алып тастайды. Адамдар май, көмірсудан тұратын тағамдарды тұтынбай қалады. Аш жүреді. Жеткілікті су ішпейді, кеш ұйқыға жатады. Осындай қатенің бәрі жақсы нәтижеге жетуге кері әсер етеді", - деді ол.

Оның айтуынша, дұрыс арықтаудың кілті - тамақтануда.

"Бәрі жай ғана әрі тамақтануға байланысты. Тамақтануымыз - жетістігіміздің 80 пайызы. Тамақты өзгерту арқылы ғана керемет нәтижеге қол жеткізуге болады. Басқа жолы жоқ. Спорт қалған 20 пайызы деуге болады. Негізгі мәселе тамақтануға байланысты болады", - деді Жанна.

Жанна кез келген адам қашан артық салмақпен күресу керегін өзі білетінін айтты.

"Ешкім сізге арықта деп айта алмайды. Әркімнің өз таңдауы бар. Адамдардың сезу қабілеті әртүрлі: біреуге 55 келі артық салмақ болуы, ал тіпті біреуге 80 келі қалыпты өмір сүруге жеткілікті салмақ болуы да мүмкін. Сондықтан "қашан арықтау керек, бұл сізге керек пе" деген мәселелерді айта алмайды. Оны өзіңіз ғана шеше аласыз", - деп түсіндірді ол.

Жанна Кемал

Артық салмақтан арылу кезінде қиындықтар да кездесіп жатады. Кейде қолдау болмай жатады.

"Мотивация жоғалған кез де болады. Салмақ түспей, бірқалыпты тұрған кезде де осы нәрсе байқалады", - деді ол.

Жанна Кемал тәтті және ұннан дайындалған тағамдарды қолдануға болатынын жеткізді.

"Арықтаған кезде тәттіні де, ұннан дайындалған тағамдарды да тұтынуға болады. Бірақ бәрін емес, қашан жеу керегін, мөлшерін білу керек әрі сапалысын ғана таңдау қажет. Жақсы конфет, жақсы шоколад, сапалы ұннан дайындалған тағам, тәтті деген секілді", - деді Жанна.

Сонымен қатар, ол арықтауды мақсат еткен адамдар арасында кездесетін мифтерге тоқталды.

"Сағат 18.00-ден кейін тамақ ішпеу - миф. Ұйықтағанға дейін 2-3 сағат қалғанша тамақтануға болады. Арықтау үшін үнемі спортпен айналысу керек деген де пікір қалыптасқан. Бұл да миф. Жай ғана белсенді өмір салтын ұстануға болады. Дұрыс тамақтансаңыз, артық салмақтан арыла аласыз. Ал өзіме қатысты айтар болсақ, арықтаған соң басқаларға көмектесе бастадым. Өмірім дейін және кейін болып өзгерді. Өзіме деген сенімім артты", - деп түйіндеді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 441.41   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети