02 маусым 2014 16:36

Алғысқа бөленген дәрігер Манарбек Әубәкіров туралы үзік сыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Манарбек Әубәкіров. ©Нұрғиса Елеубеков Манарбек Әубәкіров. ©Нұрғиса Елеубеков

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте травматология және ортопедия саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Манарбек Ғазизұлының өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік.


Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте травматология және ортопедия саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Манарбек Ғазизұлының өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік.

Өздігімен еркін қозғала алмай қалған, жамбас және тізе буынымен ауыратын науқастардың барлығы дерлік білікті травматолог дәрігер Манарбек Әубәкіровті жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Өйткені Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың эндопротездеу бөлімі тек қана қала тұрғындарына ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген науқастарды да қабылдап, ем шара жүргізетін үздік мекеме. Осы ретте эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Манарбек Ғазизұлы өздігімен жүре алмай қалған мыңдаған науқасқа операция жасап, дертінен айығуына жол ашып келеді. Мәкеңнің емін қабылдаған жандардың барлығы оны өте тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман деп айтып, ризашылықтарын білдіруде. Тіпті көпшілік оны "қолы алтын дәрігер", "алғыс арқалаған азамат" деп құрметтейді. Өйткені талай сырқаттың сауығуына себепші болған Мәкең күллі саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.

Манарбек Ғазизұлының өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол 1964 жылы 27 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Қызыл-ту ауданы Бұланбай ауылында қарапайым ғана отбасында дүниеге келген.

– Менің әке-шешем өте қарапайым адамдар. Ауылда тұрдық. Әкемнің інісі дәрігер терапевт болатын. Ол ауылдың учаскелік ауруханасында бас дәрігер болды. Ол кезде жоғары білімді дәрігерлер саусақпен санарлықтай еді. Маман тапшы болғандықтан ол бір өзі терапевттің де, хирургтің де, лор, тіс дәрігерінің де қызметтерін қатар атқара беретін. Осылайша ол ауыл тұрғындарының сүйікті дәрігері атанды. Кейін талмай еңбек етуінің арқасында ауданда дәрігерлік қызмет етті. Оны жұртшылық қатты құрметтейтін. Бала кезімде мен оны "атай" деп атайтын едім. Ал шешем қайнысы болғандықтан, оның атын атамай "Төре жігіт" дейтін. Кішкентайымнан сол кісі секілді дәрігер болсам екен деп армандадым. Шешем де мені 4-5 жасымнан "Төре жігіт" деп атады. "Менің балам да Төре жігіт секілді дәрігер болады", - деп айтып отырушы еді. Кейін ойланып қарасам, шешемнің айтқаны дәл келіпті, - дейді Манарбек Ғазизұлы.

Осылайша Мәкең 1987 жылы өзі және анасы армандаған Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, студент атанады. Халқымызда: "Ұзтазы жақсының ұстамы жақсы" деген аталы сөз бар. Мәкеңнің өз ісінің білгірі болып қалыптасуына ұстаздарының қосқан үлесі өте зор. Ол Алматы мемлекеттік институтының проректоры болған, медицина ғылымының докторы, профессор, академик Хасен Қожахановтан, профессор Сұлтанбек Ешмұхамедовтен, медицина ғылымының майталмандары – Әбубәкір Ерекешов, Төребек Мырзабековтерден дәріс алған. "Біз сондай атақты кісілерден үлгі-өнеге алдық, еліктеп өстік, тәрбиесін көрдік. Олар өз еңбегімен үлкен дәрежеге жеткен тұлғалар. Ол кісілердің жастарға деген қамқорлығында шек болмады. Олар жаңа ғана көктеген жас шыбық жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямады. Бүгінгі кіні ол кісілерден дәріс алған шәкірттердің барлығы өз мақсаттарына жетіп, медицина саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Тіпті академик Хасен Қожаханов мені №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына жұмысқа орналастырып, Алматыда қалып еңбек етуіме ықпал етті. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме сол кісінің ықпалы көп тиіпті", - деп еске алады М.Әубәкіров.

Осылайша атақты, ірі тұлғалардан сабақ алған Манарбек Ғазизұлы түрлі медициналық мекемелерде жұмыс істеп, білімін шыңдады. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің травматология, ортопедия және әскери дала кафедрасында еңбек еткенде де білімін жетілдіру үшін шет елдерге барып, елімізде түрлі операцияларға қатысқан. Науқастарға жасанды буын салу операциясын меңгерген. 2009 жылдары №4 қалалық клиникалық ауруханаға келіп бір жылдай қызмет еткен соң, оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын байқаған аурухана басшылығы оны қатты жарақат бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Ол тұста буын ауруымен ауыратын науқастар саны қанша көп болса да, алайда эндопротездеу операциясын жасауға көп мән берілмеген. Осы ретте Манарбек Ғазизұлы Ресей халықтар достығы университеті Травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі профессор, академик Николай Загородныйдан осы ота түрін жасаудың әдіс-тәсілдерін үйреніп, меңгерген. Кейін №4 қалалық клиникалық аурухана жанынан Елбасының тапсырмасымен "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша жаңа ғимарат салынғанда, (бұл жаңа аурухана түрлі заманауи қондырғылармен жабдықталған) аурухана басшысы Әнуар Тұрсынжанұлы мен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жұмахан Мұқашұлы эндопротездеу бөлімін жеке ашып, жаңа бөлім, жаңа орта құруды Мәкеңнің өзіне жүктеген. Мұндай сенім әлбетте білікті мамандарға ғана жүктелетіні сөзсіз. 

– Жалпы аурухана басшылығы Әнуар Тұрсынжанұлы мен Жұмахан Мұқашұлы өз ісіне берілген өте білікті мамандар. Олар келгелі бері мекемеде жастар көбейіп келеді. Аурухана жетекшілері олардың жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктерді жасап беріп отыр. Мамандардың әрқайсысына тапсырма беріп, үйретіп, жылына екі-үш рет шетелде білімін жетілдіруге күш салып отыр. Әсіресе, бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Жұмахан Мұқашұлы: "Сенің бөліміңнің балалары шетелде оқуы керек, білімін әрі қарай жетілдіруі тиіс", - деп үнемі бізге қолдау көрсетіп отырады. Қазір біздің бөлімнің мамандары – Ибрагим Манарұлы, Әділ Ермаханұлы, Әрсен Қанатұлылар бұл саланы жетік меңгерді. Олар жыл сайын үш-төрт рет оқуға барып, білімдерін жетілдіріп тұрады. Қазір біздің жігіттер тізе буынының кез келген патологиясына ем жасай алатын дәрежеге жетті. Тіпті екі-екіден тұрып операция жасай береміз, - дейді Манарбек Әубәкіров.

Мәкең – өз ісінің үздігі ғана емес, керемет ұйымдастырушы да. Травматолог және ортопед мамандарын даярлауда өз мектебін қалыптастырып үлгерген Манарбек Ғазизұлына әріптестері де "бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері" деген баға беріп отыр.

Анамыздың тізе буынына ота жасату үшін аталмыш бөлімге әкелгенімізде байқағанамыз, ұжым да бір атаның баласындай тату, ынтымақта әрекет етіп отырғанына көз жеткіздік. Қаншама жүре алмай жүрген науқастар ота жасалған соң, небәрі үш күннің ішінде ақырындап жүріп кетіп жатқанын көрдік. "Менің ұзақ жылдар бойы тізе буыным ауырып жүрді. Осыған қарсы қанша дәрі ішсем де, қымбат укол салдырсам да, нәтиже болмады. Есесіне, ащы дәрі іше бергенімнен асқазанымда жара пайда болды. Ақыры болмаған соң, осында сүйретіліп келдім. Операция жасалғаннан кейін үш күннен соң мүгедектерге арналған ходуноктың көмегімен жүріп кеттім. Енді бұйырса, бір айдан кейін ходунокты тастап жүре беретін боламын. Бір байқағаным, мұндағы дәрігерлер де, мейірбикелер де ерекше мейірімді, өз ісін жетік білетін мамандар екен. Оларға айтар алғысым шексіз", - дейді емделуші Ұлбосын Құдабаева. 

Жалпы эндопротездеу бөлімі қызметкерлерінің науқастарға ота жасау, ем-шара жүргізу істеріне емделушілердің барлығы дерлік дән риза. "Мен осыдан 5-6 ай бұрын тізе буыныма ота жасатқан болатынмын. Операция сәтті өтті. Қазір эндопротез салынғалы тізем ауырмайды, жақсы болып қалды. Екінші тіземе ота жасату үшін Манарбек Ғазизұлының бөліміне тағы да арнайы келдім. Өйткені мұндағы қызметкерлер өте сыпайы, аса кішіпейіл адамдар. Елдің алғысын алып жүрген ақ халаттыларға тек жақсылық тілеймін", - дейді Раушан Жұмаділова апамыз. Жалпы операциядан кейін мүгедектерге арналған ходуноктармен ары-бері жүріп, бір-бірінің халін сұрап, шүйіркелесіп отырған емделушілер Валентина Лаврентьевна мен Шілдегүл Көпбергеновалар  да мұнда қаншама сырқат жандар түсіп, қаншасы сырқаттарына шипа тауып, көз алдарында шығып жатқанын жеткізді. "Негізі осы мекемеден сауығып ем алып қайтқан адамдар ең алдымен Манарбектей асыл азаматты тапқан алтын құрсақты анасына алғыс айтуымыз керек. Мұнда кәрі де, жас та келіп емделіп, дәртіне шипа тауып жатыр. Осындай алтын қолды шипагерге Жаратқан иеміз дем берсе екен, бала-шағасының рахатын көрсе екен деп тілейміз", - дейді олар.

Манарбек Ғазизұлының емдеу ісіндегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бөлім меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер травматолог Мәкең ҚР Ұлттық Медициналық ассоциациясының "Алтын дәрігер" мадаліне ие болған. Бұл – осы саладағы жоғары білікті, кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат. Бұйырса, ол кісі әлі талай атақ-дәрежелерге қол жеткізетіні сөзсіз. "Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат", - дейді ол. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Ол кісі халық ризалығын алып отыр. Халық алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз.

Биыл ердің жасы – елуге келген Мәкеңді ұжымы, барлық әріптестері, шәкірттері мерейлі қуанышымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеп отыр. Біз де өз тарапымыздан бүгінде соңынан ерген ұрпағына өнегелі жол көрсетіп, өзі де ердің жасы 50-ге келген бауыр-ағамызға барлық жақсылықтарды тілеп, ең бастысы халық игілігіне бөлене беріңіз дегіміз келеді. Жампоз әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім, солай жалғаса берсін!

Елу деген – ердің жасы еңселі,
Елу деген – парасаттың өлшемі.
Жарқылдасаң самғап ұшқан сұңқардай,
Азамат деп мақтан тұтар ел сені.

Тірлік – теңіз, ес елудің ескегін,
Әнге толсын, күйге толсын кештерің,
Шын жүректен бақыт тілеп сарқылмас,
Қол соғады барша әріптестерің.

Елу деген толы той мен думанға,
Тау секілді көрінеді тұлғаң да.
Құшақ-құшақ гүлін алып келіпті,
Ақ көңілмен бауыр, туыс-туған да.

Елу деген - ес тоқтату, есею,
Елу деген – елдің жүгін көтеру.
Туған күнмен құттықтаймыз өзіңді,
Қанжығаңа ілінсін деп қос елу.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети