ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі электронды денсаулық төлқұжатының (ЭДТ) қалай жұмыс істейтінін және оның ерекшелігі туралы мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі электронды денсаулық төлқұжатының (ЭДТ) қалай жұмыс істейтінін және оның ерекшелігі туралы мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Электронды денсаулық төлқұжаты - пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты бір ізге келтіріп, медициналық ақпараттарды жүйелеп, денсаулық сақтау министрлігінің қорғалған серверлеріне енгізу болып табылады. Ол ақпаратты нақты бір пациентке медициналық көмек көрсетіліп жатқанда сала мамандары ғана ала алады. Одан бөлек, ЭДТ ақпараттар негізінде пациенттің жеке кабинеті де жасақталатын болады. Және ондағы ақпараттар пациенттердің өздеріне де қолжетімді болмақ", - делінген Tengrinews-ке жолдаған ресми мәліметте.
Онда электронды денсаулық төлқұжатында мынадай мәліметтер сақталатын болады: пациенттің идентификаторы; медициналық мекемелер мен медицина қызметкерлерінің индификаторлары; шұғыл әрекет кезінде негізгі клиникалық мәліметтер; медикаментоз (аллергия т.б.); өмір сүру салтының көрсеткіштері; негізгі диагностикалық зерттеулер; физиологиялық жағдай, пациенттің аяғы ауыр кездегі жағдайы; денсаулыққа қауіп төндіретін жағымсыз әрекеттері; профилактикалық шаралар, сондай-ақ профилактикалық екпелер; денсаулыққа қатысты туындаған кінәраттар тізімі; дәл қазіргі уақытта науқастың қабылдап жүрген дәрі-дәрмектерінің тізімі; антропометриялық мәлімет.
"Пациенттің электронды денсаулық төлқұжаты алғашқы медициналық көмек көрсетілген уақыттан бастап жасалып, басқарыла бастайды. Оған сондай-ақ, қай аймақ болмасын, қай уақытта болмасын емхана, жедел жәрдем немесе стационар секілді мекемелерден мәліметтер қатар түсіп отырмақ. Ал ондағы жинақталған мәліметтер медицина қызметкерлеріне алдына келген пациенттің денсаулығы туралы нақты мәліметті алуына мүмкіндік береді. Бұл клиникалық шешімдерді қабылдауда жеңілдік туғызады", - делінген әлгі мәліметте.
Министрліктегілер атап өткеніндей электронды денсаулық жүйесін енгізудегі мақсат - медициналық көмекті шұғыл түрде қажетсінген пациент туралы мәліметті медбике болсын, дәрігер немесе денсаулық сақтау менеджері болсын қалаған уақытта алуларына мүмкіндік беру болып табылады. Меморганда бұл реформаның маңыздылығына қатысты нақты мысал да келтірілді, Бірінші, пациент өз денсаулығы туралы ақпараттың қорғалуына мүмкіндік алып, әр айда қандай жоспарлы профилактикалық тексерулерден өту керектігін біліп отырады. Екінші, аурухана дәрігері зертханалық зерттеулер туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік алады. Үшінші, медбике дәрінің мөлшері пациенттің салмағына сәйкес келе ме, келмей ме соны алдын ала біліп отырады.
Денсаулық министрлігіндегілер науқастарды емдеудің бұл тәсілі медициналық қателіктердің кемуіне де өз әсерін тигізетінін айтып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімдігінің артатынына сендіріп отыр.
Еске саламыз, электронды денсаулық төлқұжатын қазақстандықтар келесі жылдан бастап ала алады. Бұл туралы, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов мәлім еткен болатын. Биыл қабылданған "Ақпаратты Қазақстан" бағдарламасы бойынша" 2017 жылға қарай электронды қызмет түрі тұрғындарға шамамен 60 пайыздық мөлшерде көрсетілуі тиіс. 2015 жылға қарай барша қазақстандықтарда электронды төлқұжат болмағанымен, бұл жүйе толыққанды тек 2020 жылы ғана іске қосылатын болады.