Қызылорда облысында мектеп оқушылары көру қабілеті нашар балаларға арналған бірегей инклюзивті комикс ойлап тапты. Бұл жай ғана оқулық емес, тұтас бір тактильді саяхат. Соның арқасында көру қабілеті нашар балалар кейіпкерлерді сезініп, күрделі оқу материалын оңай игере алады, деп хабарлайды Tengri Education тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Қызылорда облысында мектеп оқушылары көру қабілеті нашар балаларға арналған бірегей инклюзивті комикс ойлап тапты. Бұл жай ғана оқулық емес, тұтас бір тактильді саяхат. Соның арқасында көру қабілеті нашар балалар кейіпкерлерді сезініп, күрделі оқу материалын оңай игере алады, деп хабарлайды Tengri Education тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Телеарна ақпаратынша, ғылымды комикстер арқылы түсіндіру - әлемдік тәжірибе. Алайда инклюзивті ортада бұл әлі де сирек кездесетін құбылыс. 11-сынып оқушылары Лағыл Амангелді мен Торғын Ерланқызы бұл олқылықтың орнын толтыруды жөн көрген. Олардың бұл жобасы ерекше балаларды оқытудағы түбегейлі жаңа тәсілге айналуы мүмкін.
"Мемлекет инклюзивті білім беруге үлкен көңіл бөліп жатыр. Бұл - стратегиялық бағыттардың бірі. Соған қарамастан, бұл салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мысалы, мамандандырылған құралдардың тапшылығы және оқу материалын қабылдаудың қиындығы", - дейді жоба авторы Торғын Ерланқызы.
Жобаны іске асыру жоғары технологияларды қолдануға негізделген. Авторларға кейіпкерлердің эскиздерін жасауға жасанды интеллект көмектескен, ал барлық иллюстрация бедерлі принтерде басып шығарылған. Көлемді бедердің арқасында бала саусақ ұштарымен сюжетті оқып, оқиғаға бойлайды және кейіпкерлерді тактильді түрде таниды.
"Әзірге біз тек эволюция тақырыбын қозғадық. Жоспарда жаратылыстанудың өзге де тақырыптарын қамту, сондай-ақ оқушыларға ең қиын соғатын физика мен математиканың күрделі есептерін комикс тіліне көшіру бар", - деді жоба авторы Лағыл Амангелді.
Сонымен қатар мектеп оқушылары комикстің цифрлық нұсқасын жасап жатыр. Нашар көретін жандардың есту қабілеті жақсы дамығанын ескере отырып, әр оқиғаға аудиомәтін қосылады. Осылайша комиксті тек сезініп қана қоймай, тыңдауға да болады.
"Менің шәкірттерім әзірлеп жатқан қосымша комиксті толыққанды мультисенсорлық құралға айналдырады. Шын мәнінде, бұл - бала өзіне ыңғайлы форматты таңдай алатын цифрлық кітапхана. Мұнда мәтінді Брайль шрифтімен оқуға немесе оқиғаның аудио нұсқасын онлайн тыңдауға болады", - деп түсіндірді жоба жетекшісі Арай Нұрбаева.
Жоба авторлары комиксті ағылшын тіліне аударуға ниеттеніп отыр. Бұл олардың ғылымды дәріптеуге қосқан үлесі - күрделі білімді әр бала үшін қолжетімді әрі қызықты ету.