Әкесі мен ұлдары ауысымнан оралмады. Сүт фермасындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы

Мейірман Лес
Мейірман Лес Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әкесі мен ұлдары ауысымнан оралмады. Сүт фермасындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы Фото © Tengrinews.kz

Павлодар облысындағы шағын Жоламан ауылында сүт-тауарлы фермасында болған қайғылы оқиғадан кейін марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды. Кеше "Aktogai Milk" кәсіпорнының алты жұмысшысы ауысымнан үйіне оралмады, олардың төртеуі бір отбасының мүшелері еді. Tengrinews.kz тілшісі ауылға барып, қаза тапқандардың жақындарымен тілдесті.


Бір отбасыдан төрт адам

Тыныш жатқан Жоламан ауылы бізді сіркіреген жаңбырмен қарсы алды.


Фото Tengrinews.kz

Ақтоғай ауданындағы бұл шағын ауылда небәрі 99 адам тұрады. 20 шілдеде ауыл ортақ қасіретке тап болды – мұнда бірден төрт тұрғын ажал құшты.

Мұхаммедтер отбасының үйіне ауыл тұрғындары мен маңайдағы елдімекендердің адамдары келіп жатыр. Олар марқұмдардың туған-туыстарына демеу болып, көңіл айтып жатыр.


Фото Tengrinews.kz

Сол күні отбасының отағасы, 51 жастағы Бауыржан Мұхаммед екі ұлымен бірге жұмысқа кеткен. Үйге ешкім оралмады. Ұлдарының бірі 20 жаста болса, екіншісі небәрі 17-де еді.


Фото Tengrinews.kz

Бірнеше үйден кейін тағы бір шаңырақ қара жамылып отыр. Асылжан Рахат артында екі кішкентай баласы қалған жалғыз бауыры Расулмен қоштасу үшін Мәскеуден ұшып келген. Бүлдіршіндер үйде неге сонша адам жиналғанын және аналарының неліктен жылап жатқанын әлі түсінбейді.


Асылжан Рахат. Фото Tengrinews.kz

"Кеше бауырым жұмысқа кеткен, содан осындай жағдай болды. Біреулер ток соқты десе, енді біреулер көмірқышқыл газына тұншығып қалды дейді. Әңгіме көп, қайсысына сенерімізді білмейміз. Сонымен қатар ағам мен оның ұлдары да қаза тапты. Ата-анамыз Моңғолияда сапарда жүрген еді, кеше оларға хабар берілді, қазір жолда келе жатыр. Бұл бәріміз үшін ауыр соққы болды, анам бұл қайғыны қалай көтерер екен деп қорқамын", - дейді Асылжан Рахат.

"Жүрегіміз қан жылайды"

Қаза болғандардың жақындары мен туыстары фермадағы әдеттегі жұмыс ауысымының қалайша қайғылы жағдаймен аяқталғанын түсінуге тырысып жатыр. Қазір олар не болғаны және қажетті қауіпсіздік шараларының сақталған-сақталмағаны туралы сұрақтарға жауап күтіп отыр.

"Адамдардың жұмыс орнында қаза тапқанына кім жауап береді? Олар қандай жағдайда жұмыс істеді? Онда техникалық қауіпсіздік шаралары болуы керек еді ғой, егер ол сақталса, адамдар аман қалар еді. Біз төрт бірдей жақынымыздан айырылдық. Жүрегіміз қан жылайды, бұл өте ауыр соққы болды", - дейді туыстарынан айырылған Жақсылық Сейіл.

Сүт фермасында қаза тапқан тағы екі жұмысшы көрші Ақтоғай ауылының тұрғындары еді. Олардың бірі 63 жастағы слесарь болса, екіншісі 43 жастағы механик әрі бригадир болған. Екеуінің де артында балалары қалды.

"Психологиялық соққы алған"

Төтенше жағдайдан аман қалған жалғыз адам – 38 жастағы Азамат Балғабаев. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ер адам әріптестерін құтқармақ болып, кәріз құдығына ең соңынан түскен және көмірқышқыл газының әсерінен есінен танып қалған.

"Жедел жәрдем науқасты ауруханаға 20 шілдеде сағат 12:45-те жеткізді. Түскен кезде жағдайы орташа ауырлықта болды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, есін біледі, сөйлей алады. Барлық өмірлік көрсеткіштері қалыпты. Бірақ болған оқиғаға байланысты психологиялық соққы алған, сондықтан ешкіммен сөйлескісі келмейді", - дейді Ақтоғай аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Торғын Базаргелдина.

Оның айтуынша, зардап шеккен азамат ештеңе есінде жоқтығын айтқан.

Торғын Базаргелдина. Фото Tengrinews.kz

Алдын ала болжам бойынша, алты жұмысшының өліміне кәріз құдығындағы жөндеу жұмыстары кезінде газбен улану себеп болуы мүмкін.

Бұл суреттер оқиға орнында түсірілген, кеше мұнда Павлодар облысының әкімі келген болатын. Фото: Валерия Бугаева

Қазіргі уақытта тергеу оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын және кәсіпорында қандай қауіпсіздік шаралары қолданылғанын анықтап жатыр.

Фото Tengrinews.kz

Сондай-ақ сүт фермасының қызметкері Бауыржан Мұхаммедтің 17 жасар ұлының оқиға орнында қандай жағдайда болғанын анықтау қажет.

"Жасөспірім бізде ресми түрде бағбан болып жұмыс істеді, біз оны әкесінің өтініші бойынша жұмысқа алдық. Ол жасыл желектерді күтіп-баптаумен айналысты. Оның ол жерде болмауы керек еді. Мүмкін айқайды естіп, жүгіріп барған шығар. Мұның бәрін қазір тергеу анықтап жатыр. Барлық кінәлі және жауапты тұлға жазасын алатынына сендіремін", - деді "Aktogai Milk" бас директоры Александр Терентьев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Ол қаза тапқандардың отбасыларына екі миллион теңгеден бөлінгенін хабарлады. Сонымен қатар кәсіпорын жерлеу рәсіміне байланысты барлық ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алды.

Депутат әрі кәсіпорын иесі фермадағы 6 адамның өліміне қатысты пікір білдірді

Фото Tengrinews.kz

Анықтама: Ашық дереккөздерге сүйенсек, "Aktogai Milk" ЖШС - Павлодар облысы Ақтоғай ауданында орналасқан ауыл шаруашылығы кәсіпорны. Ол сүт бағытындағы ірі қара мал өсіруге маманданған. Компания 2022 жылы тіркелген. Кәсіпорында 150-ге жуық адам жұмыс істейді.

Еске салсақ, Жоламан ауылындағы сүт фермасында төтенше жағдай 20 шілде күні түске дейін болды. "Aktogai Milk" ЖШС аумағында алты адамның, соның ішінде 17 жасар жасөспірімнің қаза тапқаны хабарланды.

Қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң "Стальмонтаж", "Ақтоғай-Агро" компаниялары мен "Aktogai Milk" ЖШС бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев мәлімдеме жасады.

Осы күні Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті.

Ол отбасыларға материалдық көмек көрсетіліп, төлемдер мен несиелерді өтеу мәселелері бойынша жәрдем берілетінін айтты. Сондай-ақ компания қаза тапқандардың кәмелетке толмаған балаларын олар кәмелет жасына толғанға дейін асырау және оқыту шығындарын өз мойнына алады.

Айта кетейік, адам өлімі дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Читайте также

Валюта бағамы

 468.27   534.16   6.13 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +23
Астана +19
Ақтау +26
Ақтөбе +23
Атырау +26
Б
Балқаш +21
Ж
Жезқазған +19
Қ
Қарағанды +20
К
Көкшетау +22
Қ
Қостанай +24
Қызылорда +21
П
Павлодар +21
Петропавл +25
С
Семей +27
Т
Талдықорған +29
Тараз +26
Түркістан +24
О
Орал +24
Ө
Өскемен +30
Ш
Шымкент +24

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер