Астанада Төле би көшесінде жеңіл автокөлік өртенді. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқырмандар Tengrinews.kz редакциясының WhatsApp нөміріне оқиға орнынан түсірілген видеоны жолдады. Көлік Төле би мен Сығанақ көшелерінің қиылысында өртенген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, өрт 15 минут ішінде сөндірілді.
"Оқиға бүгін Астанада Төле би көшесінде, жолдың ортасында болды. Жеңіл көліктегі өрт ТЖМ қызметкерлерінің күшімен сөндірілді", – деп мәлімдеді ведомство.
Оқиға орнына бір өрт сөндіру көлігі мен 5 құтқарушы жіберілген. Зардап шеккендер жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!