Астанадағы LRT-ның "Театр" станциясында өрт шықты. Оқиғаның мән-жайын City Transportation Systems (CTS) компаниясы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
CTS мәліметінше, оқиға 5 мамыр күні сағат 22:18 шамасында "Театр" станциясының солтүстік өткеліндегі кіреберісінде болған.
"Дәнекерлеу жұмыстары кезінде құрылыс қоқыстары тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, жұмыс барысында ұшқын тиген", - деп хабарлады компания.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Компанияның айтуынша, жалпы ауданы 20 шаршы метр болатын пластик құбырлар мен минералды мақта өртенген. Станцияның кезекші қызметкерлері ТЖД мамандары келгенге дейін алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолданып, тілсіз жауды дереу ауыздықтаған.
CTS өрттің станция конструкциялары мен жабдықтарына таралуына жол берілмегенін атап өтті. Зардап шеккендер жоқ.