1. Басты
  2. Біл
  3. Оқиға
  4. Тосын жай

"Балалар аш жүреді". Шымкентте балабақша басшысын жұмыстан босату талап етілді 19 қаңтар 2021, 10:01

Шымкент мемлекеттік балабақша қызметкерлері мен ата-аналар балабақша меңгерушісін жұмыстан босатуды талап етті. Олар азық-түлікті орынсыз үнемдеу
©Турар Казангапов ©Турар Казангапов

Шымкент мемлекеттік балабақша қызметкерлері мен ата-аналар балабақша меңгерушісін жұмыстан босатуды талап етті. Олар азық-түлікті орынсыз үнемдеу салдарынан балалар аш жүретінін айтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Балабақша Құрсай мөлтекауданында орналасқан. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі жағдайына ондаған жергілікті тұрғын наразы. Балабақша қызметкерлері де тойып тамақ ішпегеннен балалардың жиі аш жүретінін растап отыр. Сонымен қатар, тәрбиешілер бастықтың қорлауына және ұрып-соғуына шыдайтын кездері болатынын айтты.

"Мен ас үйден тамақ таратамын. Кейде тағамды қалай дайындап жатқанын көріп қаламын. 150 балаға тауықтың 2 жамбасынан тамақ жасайды. Сөйтіп бірінші асқа - сорпа, екінші асқа - суға піскен күріш немесе жарманы бұқтырып жанына сол тауық етін салып береді. Қызметкерлер де осы тамақты жейміз. Бұл үш жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді", - деді Шымкент қаласының №36 балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Әсия Далиева.

"Қазір менің екі балам осы балабақшаға барады. Біреуі - 5, екіншісі - 2 жаста. Олар үйге аш келеді. Кейде тіпті ертерек алып кетеміз. Қайтар жолда қарны аш екенін айтып жылайды. Біз дүкенге кіріп, нан сатып алсақ, үйге жеткенше жеп қояды", - дейді Құрсай мөлтекауданының тұрғыны Қалима Қазыбаева.

Балабақша қызметкерлері балалар аш қалмауы үшін үйден тамақ алып келетін кездері болатынын айтты. Олардың айтуынша, басшысы дөрекі сөйлеседі, кейде тіпті қол көтереді. Шыдамағандары жұмыстан шығып кеткен.

"Кеше өткен жиналыста ол үш қызметкерге "сен мұғалім емессіғдер, сендер малсыңдар, хайуансыңдар" деді. Артынша орнынан тұрып Жұлдыздың қолынан қалың дәптермен салып қалды. Мұндай жағдайлар қайталанып тұрады. Үнемі жұмыстан шығарамын деп қорқытады", - дейді №36 балабақша тәрбиешісі Шәрбат Саулықова.

Мекеме басшысы болса өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Жұмыстан шығару үшін бәрі оған қарсы бірігіп алып, әдейі жасап отырғанын айтады.

"Кешеден бастап телефоныма түрлі хабарлама келіп жатыр. Егер мен оларға белгілі бір соманы берсем, онда ата-аналар да, қызметкерлер де бүлік шығармайды деп жазыпты. Болмаса, бәрін осында жинаймыз деп қорқытты. Басқа айтатын ештеңем жоқ. Бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаймын", - деді балабақша меңгерушісі Зина Молдақұлова.

Жанжал кезінде білім басқармасының қызметкерлері де келді. Наразы топтың шағымдарын тыңдап, бұл мәселені шешуге уәде берді. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Басшылық әрекетін полиция да тексереді. Себебі ұжым атынан арыз түскен. Ал ата-аналардың көпшілігі директорды жұмыстан шығармайынша, балаларын әкелмейміз деп отыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!