Қазақстанда дәріханалардағы дәрі-дәрмектер жаңаша тексеріле бастайды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дәрі-дәрмектер Фото:depositphotos.com

Қазақстанда дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау күшейтіледі. Жаңа түзетулер туралы Мәжілістің бұрынғы депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында айтты, деп хабарлайды TengriHealth.


Қандай өзгерістер енгізілді?

Аймағамбетов Мемлекет басшысы қол қойған фармацевтикалық бақылауды күшейту туралы түзетулерді түсіндіріп берді.

Енді егер мамандар жалған немесе сапасыз препараттарды анықтаса, сот процесінің аяқталуын күтпестен, заң бұзушының жұмысын тоқтата алады және бірден тергеуді бастайды.

"Бұрын қауіпті болуы мүмкін тауар айлап сатылымда қала беретін. Енді заңбұзушылық анықталған күні дереу реакция болуы тиіс", - деп жазды ол.

Тағы бір маңызды өзгеріс препараттардың сапасын бақылауға қатысты.

Аймағамбетовтің айтуынша, бұрын фармацевтикалық бақылау мамандары дәріханадан дәріні өз бетінше алып, оны сараптамаға жібере алмайтын. Тексеру үшін олар өндірушіге жүгінетін, ал өндіруші қай партияны ұсыну керектігін өзі шешетін.

"Бұл студентке өзі білетін емтихан билетін таңдауға рұқсат бергенмен бірдей", - деп есептейді ол.

Енді сараптамаға арналған дәрі-дәрмек үлгілерін мемлекеттік органдар өз бетінше іріктеп алады.

21 мың заңсыз препарат

Сондай-ақ Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін келтірді. Оның айтуынша, бұл мәліметтер дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесінің тиімділігін көрсетеді.

"Егер 2022 жылы заңсыз сатылған өнімнің 151 атауы анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 мың бірліктен асты", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар таңбалау жүйесі тағы бір схеманы анықтауға көмектесті. Мемлекет тарапынан емделушілерге сатып алынған тегін дәрі-дәрмектің бір қорабы екі рет есептен шығарылуы мүмкін екені белгілі болды. Депутаттың пікірінше, бұл препараттың өндірушіден нақты адамға дейінгі бүкіл жолын қадағалаудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.

Тағы оқыңыз: Дәріханада жалған дәрі-дәрмек сатыла ма: оны қалай тексеруге болады?