Ресейде Wildberries компаниясының тағы екі логистикалық кешенінде өрт шықты. 22 шілдеге қараған түні компанияның Краснодардағы және Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласындағы қоймалары өртенді. Бұл ақпаратты аймақтық билік органдары мен Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким растады, деп хабарлайды Tengri Life.
Жаңа өрт туралы не белгілі?
DW ақпаратынша, Краснодардағы оқиға салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлады аймақтық жедел штаб.
Ставрополь өлкесінің губернаторы Владимир Владимировтың мәліметінше, Невинномысскіде бес адам зардап шеккен.
Татьяна Ким де екі логистикалық кешенде де өрт болғанын растады.
"Бүгін түнде Краснодар мен Невинномысскідегі логистикалық орталықтарымызға шабуыл жасалды. Бейінді қызметтермен бірге салдарды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз үшін басты құндылық - адамдар. Эвакуацияны жедел жүргізген командамызға, біздің қаһармандарымызға алғыс айтамын. Алдын ала мәлімет бойынша, өкінішке қарай, зардап шеккендер бар. Олардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, біз міндетті түрде барлық қажетті көмекті көрсетеміз", - деп жазды ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Бұдан бөлек, Краснодар өлкесінде тұрғын үйлердің зақымдалғаны тіркелді. Аймақтық жедел штабтың мәліметінше, Краснодарда және Динская станицасында екі көпқабатты үй мен бірнеше жеке үй зақымдалған. Краснодар өлкесінің губернаторы өзінің ресми Telegram-арнасында бір адам қаза тауып, тағы он адам зардап шеккенін мәлімдеді.
"Краснодардағы қойма кешеніне жасалған шабуыл кезінде он адам зардап шекті. Үшеуінің жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы орташа ауыр. Олар қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды. Қалған алты зардап шегушіге амбулаториялық көмек көрсетілді. Қоймада түнгі шабуылдың салдарын жою және өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ Краснодарда ұшқышсыз ұшу аппараттарының сынықтары екі көпқабатты үйге, ал Динская станицасында екі жеке үйге түскен. Ол жерлерде зардап шеккендер жоқ. Муниципалитет басшыларына зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырдым. Оқиға орындарында жедел және арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр", - деді ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Армавир әкімшілігі мұнай базасының аумағында да ауданы 800 шаршы метрге жуық өрт шыққанын хабарлады. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
@anadoluagency Украиналық дрондар ресейлік Wildberries электронды коммерция алыбының қоймасына соққы жасап, өрт тұтанды
♬ Anadolu English - түпнұсқа дыбыс - Anadolu English
Қазақстандықтардың тапсырыстары не болады
Wildberries қоймаларындағы бұған дейінгі оқиғалардан кейін Қазақстандағы сатып алушылар мен сатушыларда маркетплейс жұмысына қатысты сұрақтар туындаған болатын. Сол кезде компания логистиканың қайта құрылғанын және сервистің штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлаған еді.
"Біз командамен бірге сіздер үшін жұмысты жалғастырып, тауарларды уақытылы жеткізіп жатырмыз. WB витринасындағы барлық затқа тапсырыс беруге болады, зардап шеккен қоймалардағы тауарлар жасырылды. Біздің логистикалық инфрақұрылымымыз Wildberries-ті пайдалану бұрынғысынша оңай әрі ыңғайлы болуы үшін процестерді қайта құруға мүмкіндік берді", - деді Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким.
Компанияның баспасөз қызметі де Tengrinews.kz-ке болған жағдай тапсырыстарды ресімдеу мен жеткізуге, соның ішінде Қазақстаннан келген сатып алушыларға әсер етпегенін растады.
Wildberries сатушыларға, соның ішінде қазақстандықтарға қолдау шараларын іске қосты. Олардың қатарында тауарларды жеткізгеннен кейін 45 күн ішінде жекелеген қоймаларда сақтауға берілетін жеңілдіктер мен аймақтық қоймаларға транзиттік жеткізілімдер үшін ақыны толық алып тастау бар.
"Бұл барлық сатушыға қатысты. Қазақстандық сатушылар бойынша, басқалары сияқты, қазір бағалау жүргізіліп жатыр. Нақтырақ бағалауды 30 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Қазақстандағы біздің селлерлерге арналған барлық ақпарат сатушылар порталында және техникалық қолдау қызметінде бар. Қолдау шаралары қазірдің өзінде іске қосылып жатыр", - деп хабарлады Wildberries баспасөз қызметі.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі де бұған дейін отандық кәсіпкерлерден жағдайға байланысты ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеген болатын.
"Ол жерде біздің бизнесмендер іс жүзінде болған жоқ. Біз Wildberries өкілдігімен үнемі байланыстамыз. Әзірге ешқандай шағым түскен жоқ", - деді ведомство.
Еске салсақ, 18 шілдеде Wildberries-тің тағы екі логистикалық кешенінде - Тамбов облысының Котовск қаласында және Мәскеу облысының Электросталь қаласында өрт болған еді. Ресми мәліметтер бойынша, сол кезде сегіз адам қаза тауып, тағы 50-ге жуық адам жараланған. Осыдан кейін компания сервистің тұрақты жұмысын және тапсырыстардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету үшін логистикалық процестерді қайта құрғанын мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдан кейін қазақстандықтардың тапсырыстары не болады: компания жауабы