Қызылордадағы балабақшалардың бірінде бір жарым жастағы қыз қайнаған суға күйіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға 22 мамырда облыс орталығындағы жекеменшік балабақшада болған. Баланың анасының айтуынша, тәрбиеші мен күтушінің әрекетінен кішкентай қыз қайнаған суға күйіп қалған.
"Менің қызым - Шардарбек Еркежан (2023 жылы туған) - тәрбиеші мен күтушінің әрекетінен қайнаған суға күйіп қалды. Нәтижесінде, Еркежанның денесінің 40 пайызын 1, 2 және 3 дәрежелі күйіктер шалды. Ол ауыр жағдайда реанимацияға түсті, қазіргі таңда палатаға ауыстырылды, бірақ жағдайы әлі де күрделі. Біз, ата-аналар ретінде, бұл жағдайдың әділ тергелуін, кінәлі тәрбиеші мен күтушіні ғана емес, балабақша басшылығы мен Қызылорда қалалық білім бөлімінің жауапты тұлғаларын да жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Мұндай қайғылы жағдай ешбір бала мен ата-ананың басына түспеуі тиіс. Балабақшаларға, өрт қауіпсіздігіне және санитарлық жағдайға бақылау күшейтілуі керек", - деп зардап шеккен қыздың анасы үндеу жасады.
Балабақша меңгерушісі оқиғаға кінәлі екі қызметкер жұмыстан босатылғанын хабарлады. Оның айтуынша, балабақша зардап шеккен баланың анасымен байланыста.
"22 мамырда балабақша тәрбиеленушісі дәретханаға барған кезде киімін былғап алған. Тәрбиешінің көмекшісі оны жумақ болып, абайсызда краннан ыстық суды ашып жіберген, соның салдарынан бала күйік қалған. Ата-анасынан болған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Біз баланың жағдайын емдеуші дәрігерден тұрақты түрде біліп отырамыз, күн сайын не қажет екенін сұрап, мүмкіндігінше отбасыға көмектесіп жатырмыз. Балабақша бастамасымен екі қызметкер жұмыстан босатылды. Біз баланың толық жазылып кеткенге дейінгі барлық емдеу шығындарын өз мойнымызға аламыз. Жағдай бақылауда", – деді балабақша меңгерушісі Ақжан Абдуллаева.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында баланың жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылғанын растады. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
"Қыз бала қолын, ішін, арқасын, сол жақ санын және аяғын күйдіріп алған. Терінің шамамен 20 пайызы зақымданған. Дәрігерлер баланың денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Сауығу шамамен 20 күнге созылады", – деді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәбит Тұрсынбекұлы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!