ОҚО-да алты жасар Мұхаммед Қамшыбекті ұрлаған әйелге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
ОҚО-да алты жасар Мұхаммед Қамшыбекті ұрлаған әйелге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
60 жастағы Балжан Орақбаева кәмелетке толмаған балаларды бірнеше рет ұрлағаны үшін және "Қауіпте қалдыру" бабы бойынша айыпты деп танылды. Сондай-ақ, 2013 жылы ол Шымкенттегі мектеп оқушысын да ұрлап кеткен болатын. Әйелді жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады. Айта кетейік, сот отырысында әйел бір қалыпты, ешқандай эмоция білдірмей отырды. Өз кезегінде алты жасар баланың ата-анасы соттың үкімімен келісетінін, бірақ ұрлап алған әйелді кешірмейтінін айтып өтті.
Мұхаммед Қамшыбектің анасы (сол жақта) және сотталушы. © Tengrinews.kz
Сотталушы. © Tengrinews.kz
Еске салайық, Мұхаммед Қамшыбек 20 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен еді. Баланы Амангелді ауылындағы мектептен үйіне қарай кетіп бара жатқан жерінен алып кеткен. Осыдан кейін оны ешкім де көрмеген. Куәгерлер оны 50-55 жас шамасындағы әйелдің алып кеткенін айтып берген еді. Полицейлер оның фотороботын жасады. Полицейлер оны 23 ақпанда кешкі уақытта Арыс қаласынан тапты. ІІД өкілдері баламен бірге 1956 жылғы әйел Балжан Орақбаеваның табылғанын хабарлады, ол Арыс қаласының тумасы, оның түр-кескіні жасалған фотороботқа сәйкес келеді.
Кейін Мұхаммед Қамшыбекті ұрлаған әйел осыған дейін де бала ұрлаумен айналысқанын мойындаған еді. Ал сол кезде 5 жасар Нұрай Өмірәлі де ұрланған болатын. Абырой болғанда, қыз 10 күн ішінде табылған еді. Сонымен қатар ОҚО-да бірнеше рет бала ұрлады деп айыпталған әйел жеті жылға сотталуы мүмкін екені айтылған болатын.