06 сәуір 2014 12:10

Қақпашыларымыз шебер ме, әлде гол соғуға шорқақпыз ба?..

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет pfl.kz сайтынан Сурет pfl.kz сайтынан

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында төртінші турдың ойындары өтіп, алты ойында алты-ақ гол соғылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында төртінші турдың ойындары өтіп, алты ойында алты-ақ гол соғылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Төртінші турда бір ойын ғана ірі есеппен аяқталды. "Ордабасы" өз алаңында "Тобылды" 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Шымкент клубына бас бапкер болып бекітілген Саулюс Ширмялистің айдарынан жел есіп, бірінші ойында-ақ сенім үдесінен шықты. Бұл ойында екі голды Эдин Юнузович соғып, үш доппен ел чемпионатының мергендер көшін бастады.

Енді үш ойында бір голдан ғана соғылып, қалған екі матчта есеп мүлде ашылған жоқ. Қазақстан чемпионатындағы қақпашыларымыздың топсасы берік пе, әлде футболшыларымыз гол соғуға шорқақ па, әйтеуір әрбір екінші турда соғылған голдар саны саусақпен санап аларлықтай болып, аһ ұрамыз.

"Шахтер" Өскеменде Семейдің "Спартагын" сүріндіріп, үш ұпай олжалады. Негізі, тағы бір гол соққан, бірақ ол есепке алынбады. Бір қызығы, екі команданың да бір ойыншысы алаңнан қуылып, екінші таймды қос клуб он футболшымен өткізді.

Өз алаңындағы үш ойында да ұтылып, бірде-бір гол соға алмаған "Қайрат" түзде жалқы голмен жеңіске жетті. "Қайраттың" бағы Қызылордада жанды. Ал жалғыз голды шетелдерден қалап әкелген легионерлері емес, қазақтың қара домалағы соқты. Аслан Дарабаевтың алыстан шірене соққан добы өте әдемі гол болды.

"Астана" елордада "Таразды" ұтып, алшаң басты. Бауыржан Жолшиев соққан голдың арқасында басты бәсекелестерінен сытылып шығып, көш бастады. "Ақтөбе" Атырауда бір ұпайға шүкіршілік етсе, "Жетісу" өз алаңында "Ертіске" шамасы жетпей, тең түсті.

Осы турдан кейін "Астана" 10 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Ал "Ақтөбе", "Жетісу" және "Атырау" үшеуі сегіз ұпаймен 2-4 орындарды бөлісіп тұр. "Шахтер" жеті ұпаймен 5-орынды жеке өзі меншіктесе, "Ордабасы" алты ұпаймен 6-орынға көтерілді. "Ертіс" бес ұпаймен 7-орынға ығысып, "Қайсар" мен "Тобыл" төрт ұпаймен 8-9 орындарға жылыстады. "Қайрат" Сыр бойынан олжалаған үш ұпайының арқасында екі саты жоғарылады. Ал "Спартак" пен "Тараз" жалқы ұпайларымен соңғы орындарға сырғыды.

Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. ІV тур.

"Ордабасы" (Шымкент) – "Тобол" (Қостанай) – 3:0
Голдар: Диакате, 31. Юнузович, 68. Юнузович, 81.

"Спартак" (Семей) – "Шахтёр" (Қарағанды) – 0:1
Гол: Василевич, 29.
Алаңнан қуылғандар: Тұрысбек, 45+2 – Фернандес, 45+2.

"Астана" – "Тараз" – 1:0
Гол: Жолшиев, 65.

"Қайсар" (Қызылорда) – "Қайрат" (Алматы) – 0:1
Гол: Дарабаев, 89.

"Атырау" – "Ақтөбе" – 0:0
Алаңнан қуылды: Коробкин, 64 ("Ақтөбе")

"Жетісу" (Талдықорған) – "Ертіс" (Павлодар) – 0:0

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети