03 қазан 2019 19:34

Қазіргі қазақ әдебиеті антологиялары Еуропада таныстырылды

ПОДЕЛИТЬСЯ


Әлемнің 2,5 миллиардтан аса халқы қазақ әдебиетімен енді өз ана тілінде танысады. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызды бағыты -  "Жаһандағы  заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясы БҰҰ-ның ресми 6 тіліне аударылып басылды. Олар - "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы".

Әр антологияның көлемі шамамен 500 беттей, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың таңдамалы шығармасы енді. Осылайша тұңғыш рет 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындылары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аудырылды. Халықаралық беделді баспаларда басылып, БҰҰ-ның ресми тілінде сөйлейтін елдерге таралады.

 

2 жылға жуық уақыт халықаралық аудармашылар тобы мен баспа үйлері жобаны жүзеге асыруға атсалысты. Жақында қазақстандық арнайы делегация Лондон, Мадрид, Париж қалаларында қазақ әдебиеті жауһарларының таныстырылымын өткізді.

 

25 қыркүйек күні лондондық әдебиетсүйер қауым Британия кітапханасына жиналды. Мұнда ағылшын тіліндегі қазақ әдебиеті антологияларының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ әдебиеті таңдамалы шығармалар жинағын ағылшын тіліне аудару, басып шығару, сондай-ақ басылымдарды ағылшынтілді елдерде тарату, жеткізу және насихаттау бойынша кешенді жұмысты беделді әрі көркем аударма саласында тәжірибесі мол "Кэмбридж" университетінің баспасы жүзеге асырды. Заманауи қазақ прозасының антологиясын жинақтың проза аталымына алғы сөз жазған Британия кеңесінің бас директоры, сэр Сиарен Девейн таныстырды. Ағылшын тіліндегі жинақтар әлемнің 18 еліндегі 8 мыңнан аса кітапхана, университеттер мен ғылыми орталықтарға жеткізіледі.

Қазақ әдебиеті антологиясының таныстырылымы 27 қыркүйекте Сервантес институтының штаб-пәтерінде  (Мадрид, Испания) жалғасты. Жиынға қатысқан көрнекті испан қаламгерлері, аудармашылар, филологтар, журналистер, сондай-ақ Қазақстанның Испаниядағы достары клубының мүшелері қазақ әдебиеті антологияларын ерекше ықыласпен қабылдады.

Серіктестердің қолдауымен жинақтарды әзірлеуге көркем әдеби аудармаға төселген ең мықты мамандар тартылды. Жобаның стратегиялық серіктесі - Испанияның мәдениет министрлігі, ал шығармашылық кеңесшісі - Сервантес институты.  Антологияларды испан тіліне аудару, баспадан шығару және тарату жұмыстарын испаниялық "Visor-Libros" баспасы жүзеге асырды.

"Қазақ оқырмандары біздің ұлы жазушыларымызды, ақындарымыз бен суретшілерімізді білетініне сенімім кәміл. Оларды дүниежүзіне насихаттау үшін біз жатпай-тұрмай еңбектенеміз. Бірақ шынайы достық пен  түсіністік үшін мәдени алмасу екіжақты болғаны жөн. Сондықтан бұл жинақтардың жарық көруі біз үшін мәні зор оқиға. Мәдениеттердің өзара сабақтастығының нақты үлгісі осындай болса керек", - дейді Сервантес институтының жетекшісі Роса Леон.

  

Қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының антологиялары испан тілінде сөйлейтін 20 елде, яғни, 400 млн оқырман аудиториясына таралады.

Қос томдық антологияның француз тіліндегі нұсқаларының тұсаукесері 30 қыркүйек күні Париждің бірінші округінің мэриясында өтті. Қазақ әдебиетінің таңдаулы үлгілерін француз тіліне аударып, баспадан шығаруға Париждің бірінші округінің мэриясы және мәдени қауымдастық қолдау көрсетті. Баспа жұмысына осы салаға маманданған "Мишель де Мол" (Michel de Maule) баспа үйі жауапты болды.

 

"Бұл тұрғыда бізге Қазақстанға барып, авторлармен бетпе-бет жүздесу, сұхбаттасу зор көмегін тигізді. Біздің шығармашылық топ іске ынта-шынтасымен кірісті. Әрі  көңілден шығардай нәтижеге қол жеткізгенімізге шүбә келтірмеймін", - деді  баспаның бас редакторы, белгілі француз лингвисі әрі ақыны Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix).

Антологиялар французтілді 300 миллион оқырман аудиториясын қамтитын 15 елге таратылады.

Жиынға Қазақстан тарапынан ҚР Президентінің көмекшісі, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева,  ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Қазақстан Республикасының Испаниядағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов, Қазақстан Республикасының Франциядағы  Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

"60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында бір мезетте әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, 5 құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін 2,6 млрд  адам оқуға мүмкіндік алады. Қазіргі  қазақ әдебиеті антологиясы мұндай ауқымда алғаш рет жарық көріп отыр", - деді ҚР Президентінің көмекшісі, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева. 

Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. 6 тілде жұмыс істейтін шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қазақстанға бірнеше рет арнайы келіп, авторлармен кездесті. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге жол ашты. 

Еске сала кетейік, жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети