Cөйлеуді ажырата алатын мобильдік қосымша қазақ тіліне бейімделді

29 Қазан 2014, 16:21
0
Cөйлеуді ажырата алатын мобильдік қосымша қазақ тіліне бейімделді - ©REUTERS
©REUTERS

Қазақша айтылған сөздерді ажырата алатын мобильдік қосымша жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. KazVoice бағдарламасын ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының мамандары жасаған. Қосымша қазір тест режимінде қолжетімді болып тұр.

Бағдарлама электронды гаджеттермен қазақ тіліндегі дыбыстық ақпараттарды алмасуға мүмкіндік береді. Институт директоры Мақсат Қалимолдаевтың айтуынша, бұл бағдарлама - компьютерге сөз тану әдісі арқылы ауызша командаларды ұғуға, сөйлеу кезіндегі бет қимылын байқауға мүмкіндік беретін сынақ түріндегі технология. Қосымша ақпаратты микрофон арқылы ғана емес, бейнекамерадан, сөйлеуші адамның ерін қимылына қарап та ала алады. Ауызша ақпаратты тану бағдарламасы PhoneGap тегін фреймфорк негізінде жасалды және ол iOS және Android операциялық жүйелерінде жұмыс істей алады.

"Диалогтың ауызша формасында табиғилық, шапшаңдық, мағыналық дәлдік, қолданушының қолы мен көзіне салмақ салмау, ақпаратты шұғыл жағдайда басқарып, өңдеу сияқты бірқатар артықшылық бар", - дейді Қалимолдаев. Бағдарламаны жасаушылар қолданушылар оны сынап көріп, тиісті сын-пікірлер айтады деп күтеді. Авторлар технологияны жетілдіруге ниетті, олар тіпті гаджеттерді адам эмоциясына әрекет етуге "үйретпек".

Айта кетейік, ауызша айтылған сөздерді тану технологиясы жаңа әдіс емес, ғалымдар онымен ондаған жылдан бері айналысып келеді. Бірақ ақпаратты енгізудің кешенді жүйесі соңғы кездерден бері жақсы дами бастады. Ғалымдардың айтуынша, бағдарламаның анағұрлым заманауи түрлері адам сөзінің 95 пайызына дейін ажырата алады.

 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай