Үлкен Алматы көлі
Қай жерде
Үлкен Алматы көліне апаратын жол Дулати көшесінен басталады: автокөлік немесе қоғамдық көлікпен жетуге болады, алайда көлдің өзіне жаяу барасыз.
Несімен қызықты
Үлкен Алматы көлі - Іле Алатауының сілемдерінде орын тапқан бірегей сұлулыққа ие су айдыны. Теңіз деңгейінен 2511 метр, ал қаладан 1611 метр биіктікте орналасқан. 2000 жыл бұрын Үлкен Алматы аңғарын жауып тастаған жер сілкінісі мен көшкін нәтижесінде пайда болды.
Бөгеттің бойынан Іле Алатауының негізгі үш асқары: Қаныш Сәтбаев, Озерный және Турист шыңдарына ғажап көрініс ашылады. Көлдің түсі жыл мезгілі, күн мен түн уақыты, ауа райының құбылуына тәуелді. Шуақты күндері көгілдір түске боялып, көрген көздің жауын алар айдын, бұлтты күндері бейне тұнжырағандай, қарасұр рең қабылдайды.
Үлкен Алматы көлі - алып шаһарды сумен қамтамасыз етіп отырған басты тұщы су көзі болғандықтан, көл жағасына баруға, суға шомылуға тыйым салынған. Дегенмен, саяхатшылар үшін арнайы шолу алаңдары мен көлік тұрақтары ұйымдастырылған. Көлге барар жолда туристер үшін қазақ тағамдарынан дәм тататын қонақүйлер мен демалыс орындары бар.
Қашан барған дұрыс
Жылдың кез келген уақытында баруға болады, бірақ Алматы ТЖД дауыл туралы алдын ала ескертулеріне назар аударған жөн. Аумаққа кірер экобекетте әр адам үшін 545 теңге төлем алынады. Көлікпен кірсеңіз, әр көлікке1100 теңге төлейсіз. Төлқұжат немесе жеке куәлігіңізді үйде ұмытып кетпеңіз, себебі Үлкен Алматы көлі шекара аймағы саналады.