Реклама
Реклама

Алматы фестивальдері: марафоннан этно музыкаға дейін

Қазақстанның ең ірі мегаполисінің ірілігі сонда, ол түрлі маңызды шаралар мен көрікті табиғат ордасы. Ең таңғаларлығы, Алматыда бір күннің ішінде фестивальде көңіл көтеріп, тауға шығып, Асы үстіртіне немесе Шарын каньондарына саяхаттап, бірнеше табиғи аймақты кесіп өтуге болады. Мысалы, таңертең альпі шалғындары аймағындағы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортында таңғы ас ішуге немесе одан жоғарырақта қар лақтырып ойнап, содан кейін қала ішіндегі бассейннің жанында күн көзіне қыздырынуға, одан кейін мегаполис фестивальдерінің біріне баруға болады. Бұл мақалада сіздің есіңізде ұзақ уақыт сақталатын Алматының жыл сайынғы ең қызықты да әсерлі фестивальдері туралы айтып береміз.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанның ең ірі мегаполисінің ірілігі сонда, ол түрлі маңызды шаралар мен көрікті табиғат ордасы. Ең таңғаларлығы, Алматыда бір күннің ішінде фестивальде көңіл көтеріп, тауға шығып, Асы үстіртіне немесе Шарын каньондарына саяхаттап, бірнеше табиғи аймақты кесіп өтуге болады. Мысалы, таңертең альпі шалғындары аймағындағы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортында таңғы ас ішуге немесе одан жоғарырақта қар лақтырып ойнап, содан кейін қала ішіндегі бассейннің жанында күн көзіне қыздырынуға, одан кейін мегаполис фестивальдерінің біріне баруға болады. Бұл мақалада сіздің есіңізде ұзақ уақыт сақталатын Алматының жыл сайынғы ең қызықты да әсерлі фестивальдері туралы айтып береміз.

Almaty Mount Fest

Алматыға қай қаладан сапарлап келсеңіз де, жай ғана тауға шығып саф ауасымен демалғаныңыздың өзі - сапарыңыздың сәтті өткенін білдіреді. Алматы тауларының өзі бірегей. Оның себебін түсіну үшін қаланы жай аралап жүріп, оңтүстік бағытқа көз тастасаңыз түсінесіз. Алматыдан басқа ешбір мегаполистің орталығынан төрт км биікке бой түзеген тау жотасын көре алмайсыз.

Almaty Mount Fest 2023 жыл сайынғы фестиваліне тау жорықтарының әуесқойлары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналады. Күз мезгілінде төрт күнге созылатын фестиваль бағдарламасында альпиниада ("Молодежный" шыңын бағындыру), skyrunning, downhill (тау велосипеді жарысы) және туриада (жүздеген адамнан тұратын жаппай тау жорығы). Негізгі локациялар - фестиваль аймағында тақырыптық мастер-класс, динамикалық DJ-сет, конкурстар, ұтыс ойындары, фотокөрмелер ұйымдастырылатын "Медеу" және "Шымбұлақ" биік таулы спорт кешендері.

The Spirit of Tengri

Реклама
Реклама

The spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі жыл сайын маусым айында екі күн бойы өтеді. Концерт алғаш рет 2013 жылы маусымда ұйымдастырылды. Музыканттар Республика сарайы алдындағы алаңда ашық аспан астында өнер көрсетеді. The spirit of Tengri фестиваліне 30-дан астам елден келген музыкалық топтар қатысты.

Сахнада Speed Caravan африкано-араб ұжымы, израильдік Q2A тобы, өзбек жобасы - Abbos, BaBa Zula түрік тобы, Hanggai қытай-моңғол ұжымы, Tilla Török Band & Holdviola мадьяр тобы, "Арғымақ" башқұрт этнорокерлері, грузиндік The Shin және Mgzavrebi топтары, бурят-фин-норвегиялық Nordic Namgar жобасы, Тувадан келген кеңірдекпен ән айту шебері Радик Тюлюштің "Чалама" жобасы және басқалар өнер көрсетті. Сонымен қатар "Тиграхауд", "Алдаспан", "Шарапат", Роксонаки, "Барабандар" жобасы сияқты қазақстандық этнотоптар да өз өнерлерін ортаға салды.

Фестиваль қонақтары тек музыка тыңдап қоймай, қолөнершілер жәрмеңкесінен кәдесыйлар сатып алып, дәмді тағамдардан дәм татып, көркем перформанстарды тамашалай алады.

FourЭ экоэтнофестивалі

FourЭ атауы төрт "Э" дегенді білдіреді - экология, этика, эмоциялар және эволюция. Бұл төрт бағыт кез-келген адамның рухани өсуінде маңызды рөл атқарады. Шатырларды және бүкіл аумақты ашық түстермен безендіру фестиваль тұжырымдамасына сәйкес төрт түстің басым екенін білдіреді: жасыл - экология, күлгін - эволюция, қызғылт - эмоциялар, қызғылт сары - этника.

Open Air форматындағы іс-шара тамыз айында төрт күн бойы өткізіледі, ұйымдастырушылар әр уақытта Алматы маңайындағы әдемі орындарды таңдайды. Фестиваль этникалық музыкадан бастап электронды музыканың алдыңғы қатарлы бағыттарына дейінгі жанрлардың кең ауқымын қамтитын музыкалық шара ретінде танылды.

Бұл жерден кең ауқымды тақырыптар бойынша білім беру дәрістеріне қатысуға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңдарды да таба аласыз.

Ұйымдастырушылар музыка, би, аңыздар мен ертегілерді, сондай-ақ дәстүрлі ұлттық костюмдер сияқты түрлі әлемдік дәстүрлерді бір алаңда біріктіруге тырысады. Мұнда әртүрлі рухани тәжірибе, психология және йога шеберлері жиналады.

Алматы қаласының күні

Қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде Алматы өз туған күнін атап өтеді. Бірақ алматылықтар сүйікті қаласына деген махаббатын атаулы күнге дейін білдіре бастайды, сондықтан мерекеге арналған салтанатты іс-шаралар айдың басынан ұйымдастырылады. Қала күніне орай, әкімшілік шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі мәдени, спорттық және ойын-сауық шараларын өткізеді.

Егер сол кезде қалада болсаңыз, Республика сарайы алдындағы Абай алаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ашық аспан астындағы музыкалық шара - "Оркестрлер фестиваліне" баруға кеңес береміз. Екі күн қатарынан бір сахнада Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған оркестрлер өнер көрсетеді. Олардың арасында Мұқан Төлебаев атындағы атақты халық аспаптар оркестрі мен Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі де бар. Фестиваль репертуары әр алуан – шараға келушілер назарына қазақ композиторларының классикалық туындыларынан бастап, әлем халықтарының музыкасына дейін ұсынылады.

Музыка сүйер қауым ашық аспан аясында өтетін тағы бір шара – "Көк-Төбе Опера" классикалық музыка фестивалін де тамашалай алады. Оның аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының жетекші әртістері, "Астана опера" театрының әртістері мен әлемдік сахна жұлдыздары өнер көрсетеді. Фестивальде әлемдік классика саналатын симфониялық туындыларды, опера және балет жауһарларын тыңдай аласыздар.

Ал ARTBAT FEST заманауи өнер фестиваліне барушылар әлем суретшілерінің қолынан шыққан туындыларды тамашалайды.

Жыл сайынғы қалалық және экстремалды спорт түрлері фестивалі экстримді ұнататындардың көңілінен шығатынына күмәніміз жоқ. Мұнда спортшылар стритбол, скейтбординг, көше билері мен өзге де спорт түрлерінен сайысқа түседі.

Дәмді тағамдарсыз мереке болушы ма еді? Бұл кезде қала орталығында бағдарламасы ауқымды түрлі гастрономиялық фестивальдер ұйымдастырылады. Түрлі мәдениеттердің сан алуан тағамдарынан дәм татып, бас айналдырар хош иістерін сезіну мүмкіндігінен қапы қалмаңыздар. Онда ұлттық тағамдармен қатар, экзотикалық ас түрлері де ұсынылады.

Қала тұрғындары мен қонақтары аталған іс-шаралармен қатар, спектакльдер, концерттер, спорттық сайыстар мен көптеген қайырымдылық және экологиялық акциялар – бас-аяғы жүзден астам түрлі шараны тамашалай алады.

Apple Fest

Алмалар қаласында қалай Apple Fest фестивалі (Apple компаниясының іс-шараларымен шатастыруға болмайды) өтпейді? Ол күзде, егін жинау кезінде өтеді. Фестиваль орны қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде өтетін Алматы қаласы күніне арналған мерекелік бағдарламаға байланысты анықталады.

Apple Fest алғаш рет 2010 жылы Алма өлкесінің даңқын қалаға қайтару мақсатында ұйымдастырылды. Фестиваль аясында алманың барлық сұрпы мен алмадан әзірленген тағамдардан дәм тату байқауы өткізіледі. 2010 жылы салмағы 300 келі және өлшемі 2×10 метр болатын бәліш дайындалды. Жерар Депардье фестивальдің арнайы қонағы болғанын айтып өткен жөн. Ал 2023 жылы фестивальге Алматы облысының түкпір-түкпірінен 127 тонна алма әкелінді.

Фестиваль аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Kitap Fest Almaty

Kitap Fest - бұл 2014 жылдан бастап қазақстандық букинистер өмірінің ажырамас бөлігіне айналған мәдени фестиваль. Ол қала күні аясында өтеді. Осы жылдар ішінде Kitap Fest әдеби кездесулер алаңына айнала отырып, Қазақстанның танымал авторлары мен баспагерлерінің 200-ден астам шығармаларын жинақтады.

Фестивальде оқырмандардың қазақстандық әдебиетшілермен және қоғам қайраткерлерімен кездесулері ұйымдастырылады, жаңа шығармалар мен кітаптар таныстырылып, мыңдаған кітап тарату акциялары өткізіледі. Сондай-ақ кітаптар Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсырылады.

Алматы марафоны

Сәуірдің соңғы жексенбісінде өтеді. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Орталық Азиядағы ең ауқымды спорттық шара. 2023 жылы қатысушылар саны 14 мыңнан асты. Старт пен мәре сызығы Республика алаңында орналасқан.

Марафон түрлері: 18 жас және одан асқан қатысушылар үшін дәстүрлі марафон (42 км 195 м), 18 жас және одан асқан қатысушылар үшін жартылай марафон (21 км 97,5 м), 15 жас және одан асқан қатысушылар үшін серіктесіп жүгіру (10 км), скандинавиялық жүріс (10 км), 16 жас және одан асқан 6 адамнан тұратын командалық Экиден корпоративті эстафетасы (42 км 195 м).

Спорттық іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүгіруді серік еткен әуесқойлар бас қосады. Айта кету керек, бұдан басқа да жарыстар Алматыда тұрақты түрде өтеді, қашықтықты жылдамдықпен бағындыруды ұнататындар әртүрлі тақырыптық жүгіру жарыстарына және қыс, күз айларында үлкен жарыстарға қатыса алады.

Азия Дауысы

Халықаралық музыка фестивалі алғашында "Медеу" биік таулы спорт кешенінде 1990-2005 жылдары шілде айында үш күн бойы өткізіліп келді. 2023 жылы қайта жанданды. Фестивальге Азия, Еуропа және АҚШ-тың түрлі елдерінен поп, рок, джаз және фолк сияқты музыкалық жанр орындаушылары қатысады.

Фестивальге қатысқандар арасында Стинг, Глория Гейнор, Тото Кутуньо, Патрисия Каас, Алла Пугачева, Лайма Вайкуле, Джимми Самервилл, Boney M., Space, Scooter, Captain Jack, Bomfunk MC's, Touché, Haddaway, Coolio, Mo-Do, Modern Talking, Ice MC, Eruption, Сюзи Кватро, Митхун Чакраборти, A'Studio, София Ротару, Ялла және Black Eyed Peas сияқты музыка индустриясында аңызға айналған есімдерді кездестіруге болады.

"Азия дауысы" сахнасында әлемнің 100-ден астам елінің орындаушылары өнер көрсетті.

Показать комментарии
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriSport мобильная