ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы таулары. Іле Алатауын бағындыру үшін қажетті ақпарат
Фото Visit Almaty
Алматының оңтүстігінде Іле Алатауы заңғар көкпен таласып, асқақтай бой көтереді. Іле өзенінің арғы жағында орналасқан ала-ала таулар деген мағынаны білдіреді. Бұл тау жотасының атын саяхатшы Петр Семенов-Тянь-Шанский Іле өзенінің өткелінде тоқтап, өзеннің арғы бетінде созылып жатқан зәулім жотаны көргенде берген. Іле өзені Алматының солтүстік жағында, ал Іле өзені бойына салынған Қапшағай су қоймасы Алматыдан 74 км жерде.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматының оңтүстігінде Іле Алатауы заңғар көкпен таласып, асқақтай бой көтереді. Іле өзенінің арғы жағында орналасқан ала-ала таулар деген мағынаны білдіреді. Бұл тау жотасының атын саяхатшы Петр Семенов-Тянь-Шанский Іле өзенінің өткелінде тоқтап, өзеннің арғы бетінде созылып жатқан зәулім жотаны көргенде берген. Іле өзені Алматының солтүстік жағында, ал Іле өзені бойына салынған Қапшағай су қоймасы Алматыдан 74 км жерде.
Іле Алатауы – Солтүстік Тянь-Шаньның ең солтүстік сілемі, оның ең биік шыңы Талғар шыңы (4979 метр). Бұл шыңды тау саяхатын ұнататын жергілікті тұрғындар және шетелдік туристер талай рет бағындырған. Талғар шыңына шығу 5 күннен 9 күнге дейін созылады, бірақ бұл мақалада біз тауды бағындырудың ең оңай жолы туралы айтамыз.
Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
Алматыдан тауға қалай жетуге болады
Алматыдан тауға апаратын маршруттардың ең танымалы – биік тауда орналасқан "Медеу" спорт кешені, себебі бұл жерге қоғамдық көлікпен (№12 автобус) және таксимен жетуге болады. Бутаковский сарқырамасына немесе Көкжайлауға бару секілді жарты күнге созылатын жеңіл жорықтар осы жерден басталады
Тағы бір танымал орын – "Бұғы" аялдамасы, оған Тұңғыш Президент атындағы саябақтан №28 автобуспен жетуге болады. Осы жерден Көкжайлауға бара аласыз, бірақ жолы ұзағырақ болады, есесіне биік өрге көтерілмейсіз. Сондай-ақ, "Алма-Арасан" ыстық бұлағы мен Үлкен Алматы көліне баруға болады.
Алматыдағы ең жеңіл тау бағыты – 10 минуттай жаяу жүріп, қайың тоғайына жету. Достық даңғылынан жүретін 5Б және 5В қоғамдық көліктерімен оған 20 минут ішінде баруға болады.
Қажетті жабдықтар
Жақсы жабдықтар – қауіпсіз және жайлы саяхаттың кепілі:
- Трекинг етік: аяқ киімнің табаны мықты, су өткізбейтін, қонышы биік, бауы берік болуы керек. Аяқ киім таңдау кезінде қаржы үнемдемеген жөн, тау сапарында аяқтың ылғалдануы көп қиындық тудырады.
- Қосалқы шұлықтар мен іш киім алуды ұмытпаңыз. Киіміңіз дымқылданған жағдайда ең қажет заттардың өзіңізбен бірге болғаны жөн.
- Күн сәулесінен қорғайтын крем. Бұл – жорықтың қауіпсіз өтуі үшін өте қажет және міндетті элемент. Биікке көтерілген сайын ультракүлгін сәуленің теріні күйдіріп жіберу қаупі жоғарылайды, күн сәулесінен максималды қорғайтын SPF 30 немесе SPF 50 кремдерін қолданған дұрыс.
- Кенелер мен масалардан қорғайтын құрал.
- Күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік.
- Бас киім. Жазда ыстық аптаптан қорғауға арналған қалпақ немесе панама қажет. Қыста басыңызды қалың баскиіммен немесе баф мойынорағышымен де қорғауға болады.
- Трекинг таяқшалары. Олар тепе-теңдікті сақтауға және тізе буындарына түсетін күшті азайтуға көмектеседі.
- Буынның зақымдалуынан сақтайтын тізеқап немесе таңғыштар. Тау жорығынан кейін буындарыңыз қақсамасын десеңіз, оның алдын алған жөн.
- Суық күні қалыңдау қолғап, жылы кезде былғары қолғап керек. Себебі, жолдағы кедергілерді айналып өту үшін ағаш діңіне жабысып немесе тастарды ұстауға тура келеді. Қолғап сіздің қолыңызды барынша қорғайды.
- Жаңбыр кезінде су өткізбейтін жалаң қабат сулық. Таулы аймақта жаңбыр кез келген уақытта жаууы мүмкін, сондықтан жаңбырда киетін сапалы жамылғыны ұмытпаңыз.
- Термо іш киім. Бұл суықтап, тоңазудан сақтайтын таптырмас құрал.
- Алғашқы медициналық көмек қобдишасы. Оған ауырсынуды басатын, суық тиюге қарсы дәрілер, кесілген/көгерген жарақаттарға жағатын жақпа майлар, пластырь, мақта, таңғыштар, дезинфекциялаушы препараттар, аллергияға қарсы антигистаминдер кіреді.
- Ауыз су.
- Бутербродтар мен піскен жұмыртқа – қысқа серуен кезінде жеңіл тамақтану үшін тиімді мәзір.
- Жақсы және берік рюкзак.
Кейбіреулер үшін бұл жабдықтың бәрі қажетсіз болып көрінуі мүмкін, бірақ саяхатты ыңғайлы ету үшін, бірінші кезекте, оны қауіпсіз еткен дұрыс.
Фото Visit Almaty
Ережелер мен ескеретін нәрселер
Тауға саяхат табиғатты құрметтеуді және жергілікті ережелерді сақтауды талап етеді:
- Табиғатты құрметтеңіз: қоқыс тастамаңыз, қоршаған ортаға зиян келтірмеңіз. "Өз ізіңізден басқа ештеңе қалдырмаңыз" қағидасын ұстаныңыз.
- Жалғыз жүрмеңіз, жергілікті гидтер ұйымдастырған топтың құрамында болуға тырысыңыз.
- Топтан қалмай, бөлінбей, көпшілік үшін оңтайлы қарқынмен жүріңіз.
- Сіз өз маршрутыңыз туралы туристік агенттік өкілдеріне және жақындарыңызға міндетті түрде хабарлаңыз.
- Егер күн райы болжамы қолайсыз болса және ТЖД-дан ескерту болған жағдайда, жорық кестесін өзгертуге дайын болыңыз.
- Соқпақпен жүріңіз, төте жолдарды қолдануға тырыспаңыз, ауа-райы нашарласа, төмен түсіңіз.
Алматы таулары – шытырман оқиғалар мен табиғат әуесқойлары үшін нағыз жұмақ. Тау жорығына мұқият дайындалып, қоршаған ортаны құрметтеңіз, Іле Алатауы жорығынан өміріңізде есте қаларлық ең жақсы әсерді алып қайтыңыз.