Беттегі қандай белгілер холестериннің жоғарылағанын көрсетуі мүмкін?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Беттегі қандай белгілер холестериннің жоғарылағанын көрсетуі мүмкін? depositphotos.com

Көз айналасындағы бозғылт сары түйіндер косметикалық ақау ғана емес, сонымен қатар ағзадағы холестерин деңгейінің жоғарылағанынан хабар беретін белгі болуы мүмкін. Бұл туралы Британдық Корольдік химия қоғамының мүшесі әрі косметология саласының сарапшысы Брюс Грин HuffPost басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Газета.Ru басылымына сілтеме жасап.


Маманның айтуынша, мұндай түзілімдер ксантелазма деп аталады. Олар – көбінесе жоғарғы немесе төменгі қабақта, көздің ішкі бұрышына жақын жерде пайда болатын кішігірім жұмсақ сарғыш түйіндер.

Ксантелазмалардың өздігінен қаупі жоқ және әдетте ауырсыну тудырмайды, бірақ олар май алмасуының бұзылуын және жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупін көрсетуі мүмкін.

Грин ксантелазмалардың теріде холестериннің жиналуынан пайда болатынын түсіндірді. Олар холестерин деңгейі жоғары адамдарда жиі кездескенімен, кейде қандағы липидтер көрсеткіші қалыпты болған жағдайда да туындауы мүмкін. Сондықтан олар пайда болған кезде дәрігерлер тексеруден өтіп, липидті профильді тексертуге кеңес береді.

Сонымен қатар сарапшы беттегі ақ немесе сарғыш бөртпелердің бәрі бірдей холестеринмен байланысты емес екенін атап өтті. Оларға ұқсас түзілімдер – милиумдар – тері астында кератиннің жиналуынан пайда болады. Олар көбінесе көз астында, бетте немесе мұрын айналасында шығады және денсаулыққа қауіп төндірмейді.

Гриннің сөзінше, милиумдар күйіктен, тері жарақаттарынан кейін немесе тері тесіктерін бітеп тастайтын тым тығыз косметиканы қолдану салдарынан пайда болуы мүмкін. Әдетте олар өздігінен жоғалады, бірақ ретинолы бар құралдар немесе жұмсақ химиялық пилингтер бұл процесті тездетуге көмектеседі.

Сарапшы ксантелазманы милиумнан өз бетінше ажырату қиын екенін баса айтты. Егер сарғыш түйіндер алғаш рет пайда болса немесе біртіндеп үлкейсе, липидтер алмасуының бұзылуын болдырмау және қажет болған жағдайда емді уақтылы бастау үшін дәрігерге көрінген жөн.