Сары уайымға салынған жеті жыл: ер адам ұзақ уақыт бойы өзінде болмаған қатерлі ісіктен емделіп келген

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сары уайымға салынған жеті жыл: ер адам ұзақ уақыт бойы өзінде болмаған қатерлі ісіктен емделіп келген Фото:depositphotos.com

Ұлыбритания тұрғыны жеті жыл бойы қан обырынан емделіп келгені анықталды. Осынша уақыт бойы ер адам ауыр дерт өмірімді қысқартуы мүмкін деген оймен өмір сүрген, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.


Ұлыбритания тұрғыны жеті жыл бойы қан обырынан емделіп келгені анықталды. Осынша уақыт бойы ер адам ауыр дерт өмірімді қысқартуы мүмкін деген оймен өмір сүрген, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Стаффордшир графтығындағы Тамуорт қаласының 41 жастағы тұрғыны Саймон Пирсон көптеген жыл бойы үрей құшағында болған. Оның айтуынша, ол үнемі ауруханаға барып, түрлі процедуралардан өткен және бір күні түбіне жететін ауруға шалдықтым деп сеніп келген.

"Жылдар бойы мені ажалға апаруы мүмкін дертпен арпалысып жүрмін деп ойлап, аурухана жағаладым. Қорқыныштан түндер бойы көз ілмейтінмін", - дейді Пирсон.

Бәрі 2017 жылы басталған. Ер адам әлсіздіктен дәрігерге қаралған. Талдау нәтижелері эритроциттердің жоғары деңгейін және темір көрсеткіштерінің ауытқуын көрсеткен. Сол жылдың қараша айында Пирсонға қанның созылмалы және баяу дамитын қатерлі ісігі - "шынайы полицитемия" диагнозы қойылған. Ер адамның айтуынша, оған бұл дерттің ем қонбайтын сатысында екенін айтқан.

Кейінірек оған тағы бір диагноз - гемохроматоз қойылады. Бұл ағзада темірдің шектен тыс жиналуына әкелетін генетикалық ауру. Ауыр жағдайларда ол ішкі мүшелерді зақымдауы мүмкін.

Содан кейін Пирсон жылдар бойы ем қабылдаған. Кейін бұл емнің оған еш қажеті емес екені белгілі болған. Ер адамға ағзадан қанды "шығару" бойынша барлығы 42 процедура жасалған - бұл әдіс кейбір аурулар кезінде темір деңгейін немесе қан жасушаларының санын азайту үшін қолданылады.

Қателік тек 2025 жылдың маусымында ғана ашылған. Жоспарлы қабылдаулардың бірінде медбике пациенттің жағдайына назар аударып, бұрынғы диагнозға күмән келтірген. Қосымша тексерулерден кейін Пирсонда қан обыры да, гемохроматоз да жоқ екені анықталды.

Бұл жаңалық ер адам үшін бір жағынан жеңілдік болса, екінші жағынан үлкен соққы болған.

"Әрине, бойымда бұл дерттің жоқ екенін білу - үлкен бақыт. Бірақ мен жеті жыл бойы зейнет жасына жете алмаймын-ау деген оймен өмір сүрдім", - деді ол.

Пирсонның айтуынша, ем қабылдаған жылдары ол бас ауруы мен қатты шаршау сияқты жанама әсерлерден зардап шеккен. Алайда, оның сөзінше, іс жүзінде жоқ диагнозбен өмір сүруге психологиялық тұрғыдан көну бәрінен де ауыр болған.

Қате диагноздан тек Пирсон ғана емес, оның отбасы да зардап шекті. Ер адам ауру тұқым қуалайтын болып, балаларына берілуі мүмкін деп қатты уайымдаған.

"Мен өзімді қатты кінәлі сезініп, олардың болашағы үшін үнемі алаңдап жүрдім", - деп ағынан жарылды ол.

Пирсонның жары Рэйчел аурудың жоқ екені туралы хабар отбасы үшін ең қайырлы жаңалық болғанын айтты. Дегенмен, оның айтуынша, жеңілдік сезімімен қатар ыза да пайда болған - мұның себебі жеті жылға созылған үрей, күту және "егер солай болса ше?" деген тұрақты сауал еді.

Қазіргі уақытта Пирсон медициналық салғырттық туралы талап арыз түсірген. George Eliot Hospital NHS Trust өкілдері пациенттен кешірім сұрады. Аурухананың бас дәрігері доктор Надж Рашид Пирсонға көрсетілген емнің медициналық мекеменің "әдеттегі жоғары стандарттарына сөзсіз сәйкес келмейтінін" мойындады.

Аурухана ішкі тексеру жүргізілгенін және мұндай қателік енді қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Пирсон бұл оқиғаны дәрігерлерге деген сенімді жою үшін емес, пациенттерге ескерту жасау үшін айтып отырғанын атап өтті: егер диагноз күмән тудырса, сұрақ қойып, қосымша тексеруді талап еткен жөн.

"Маған айтылған нәрселермен дауласуға ешқандай себеп болған жоқ. Мен дәрігерлерге сендім. Бірақ егер бір нәрсе дұрыс емес сияқты көрінсе, міндетті түрде сұрау керек", - деді ол.

TengriEdu