Таңертең аш қарынға кофе ішу ас қорыту жүйесі мен жүрек жұмысына ауыр зардаптарын тигізуі мүмкін. Бұл туралы "Лента.ру" басылымына Мемлекеттік ағарту университеті медицина факультетінің хирургия кафедрасының аға оқытушысы Александр Умнов айтып берді, деп хабарлайды Tengri Life.
Таңертең аш қарынға кофе ішу ас қорыту жүйесі мен жүрек жұмысына ауыр зардаптарын тигізуі мүмкін. Бұл туралы "Лента.ру" басылымына Мемлекеттік ағарту университеті медицина факультетінің хирургия кафедрасының аға оқытушысы Александр Умнов айтып берді, деп хабарлайды Tengri Life.
Күшті антиоксидант саналатын бұл сусын асқазан сөлінің күрт бөлінуіне түрткі болып, соның салдарынан зарна (изжога) мен асқазандағы ауырсынуды тудырады.
Дәрігердің айтуынша, кофені аш қарынға ішу гастритке, кейіннен ойық жараға (язва) және өт сұйықтығының өздігінен бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ол мұның қауіпті екенін, себебі асқазан моторикасының біртіндеп, кейде тіпті күрт бұзылуына себеп болатынын түсіндірді.
"Бұл өт сұйықтығы тамақты бөгеп, оны күйдіріп жіберуі мүмкін, салдарынан тыныс алу қиындап, адамға медициналық көмек қажет болуы ықтимал. Өйткені кез келген адам кенеттен пайда болған зарнамен күресу үшін өзімен бірге үнемі ішке қабылдайтын суспензия алып жүрмейді", - деп түсіндірді дәрігер.
Кофенің жүйке жүйесіне әсеріне тоқталсақ, оны тұтыну кезінде кортизол деңгейі көтеріледі. Бұл мазасыздық пен ашушаңдыққа әкеп соғуы мүмкін, тіпті адам бір кесе кофеден кейін таңертең айналасындағыларға немесе қол астындағыларға айқайлай бастауы мүмкін, деді маман.
Оның сөзінше, әсіресе ұйқысы қанбайтын, стрессте жүрген және кофе арқылы шаршағанын басуға тырысатын жандар өз денсаулығына аса мұқият болғаны жөн.
"Аш қарынға ішілген қою кофенің жүрекке және қан қысымына күрт әсер ететінін есте сақтау маңызды. Бұл әркімде әртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ жалпы алғанда, әсіресе ыстық жазда қауіпті. Өйткені ыстықта терморегуляция кезінде адамның тамыр соғысы онсыз да жиілейді. Егер адам таңертең кофе ішуді қатты жақсы көрсе, оны міндетті түрде бірдеңе жеп, артынан су ішкені абзал", - деді Умнов.
Хирург жедел жәрдемге түсетін қоңыраулардың басым бөлігі адамдар жұмысқа жиналып, үйден шығатын немесе қоғамдық көлікте бара жататын таңғы уақытқа сәйкес келетінін айтты. Науқастардың қан қысымы күрт көтеріліп, тамыр соғысы жиілеп, жүрегі сыр бергендіктен естен танып қалуы, тіпті қайтыс болуы да мүмкін, деп түйіндеді сарапшы.