Қабырғаға қаланған жұмыртқа туралы оқиғалар интернеттегі жай ғана қауесет сияқты көрінеді. Қосымша ақы төлеуден бас тартқаны үшін құрылысшылардың бұлай кек алу әдісі пәтердегі өмірді нағыз тозаққа айналдырады: шіріген "тосын сыйдан" жағымсыз иіс шығып, иесіне жаңа қабарғаны бұзуға тура келеді. Tengri Life заңгерден мұндай әрекет үшін жазалауға бола ма және үй иелері не істеуі керек екенін білді.
"Қабырғадағы жұмыртқалар" қайдан шығады?
Жөндеу кезінде тапсырыс беруші мен құрылысшылар арасында жиі дау туындайды: мерзім ұзарады, қосымша жұмыстар пайда болады немесе мердігер бастапқы келісімнен тыс төлем талап етеді. Кейде жұмысшылар клиенттен кек алуға тырысып, шикі жұмыртқаларды қабырғаларға, төбеге немесе басқа да алу қиын жерлерге жасырып кетеді.
Әлеуметтік желілерде қолданушылар өз оқиғасын бөлісіп жатыр. Пікір қалдырушылардың бірі пәтердегі жағымсыз иістің көзін ұзақ уақыт таба алмағанын айтты. Тағы бір меншік иесі "тосын сыйды" күтпеген жерден тапқан: электрик жұмыртқаны тура электр қалқанының ішінен тауып алған.
Заңгер не дейді?
Біз заңгер Мәдина Сапиновамен хабарластық, ол орындаушының ниетін дәлелдеу мүмкін болса, мұндай әрекеттер құқыққа қайшы деп танылуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Құрылысшы тарапынан қасақана ниет бар екеніне дәлелдер болса, бұл әрекеттер заңсыз деп танылуы мүмкін. Тұрғын үйге меншік иесінің келісімінсіз бөгде заттарды (бұл жағдайда - жұмыртқаны) жасыру, егер бұл тұру жағдайларының нашарлауына немесе мүліктік зиянға әкеп соқса, меншік құқығын бұзу және ықтимал залал келтіру ретінде қарастырылуы мүмкін", - деді ол.
Жаза тікелей шығын көлеміне байланысты болады.
"Егер бұл әрекеттер нақты шығынға (мысалы, санитарлық тазарту қажеттілігі, иісті кетіру, тұрғын үйді қалпына келтіруге арналған қосымша шығындар) әкелгені анықталса, олар қылмыстық заңнама бойынша мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру ретінде саралануы мүмкін", - деді маман.
Мұндай жағдайда кінәлі адамға келесі жазалар қолданылуы мүмкін:
- 500 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы);
- 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
- 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе одан айыру.
Егер шығын көлемі шамалы болса, мәселе әкімшілік немесе азаматтық тәртіпте қаралып, шығындар мен шығыстар өндірілуі мүмкін.
"Егер шығын шамалы деп танылса, мәселені әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілік аясында қарастырып, шығындарды өндіру мүмкіндігі бар", - деп бөлісті Сапинова.
Бұл жағдайда құқық бұзушыға әкімшілік жауапкершілік жүктелуі мүмкін:
- 50 АЕК айыппұл;
- немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу.
Бұл ретте, заңгердің сөзінше, қасақана ниеттің дәлелдері мен шығынның нақты дерегі шешуші мәнге ие.
Пәтер иесі не істеуі керек?
Егер құрылысшылар осындай "тосын сый" қалдырды деп күдіктенсеңіз, заңгер мыналарды ұсынады:
- барлығын фото және видеоға түсіріп алу;
- полиция шақырып, куәгерлерді тарту;
- жанжалды растайтын хат-хабарларды, келісімшарттарды және басқа да материалдарды сақтау;
- келтірілген залал мен салдарды жою шығындарын бағалау.
Дәлелдемелер жиналғаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінуге немесе сотқа талап арыз беруге болады.