01 желтоқсан 2021 11:00

Жүрек құтқарушы. Қазақстандық кардиохирург бірегей операциялар жасайды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тоғыз жылдан бері оның жұмысы - адамдардың жүрегін сақтау. Жұмыс уақытының көп бөлігі операция үстелінде өтеді. Күніне бірнеше операция. Алматылық 38 жастағы кардиохирург Бауыржан Рақышев өз командасымен бірге заманауи шағын инвазиялық әдістерді қолданып, жүрекке күрделі ота жасайды. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында өз ісінің нағыз кәсіби маманына айналған жас хирург туралы әңгімелейді.


Тоғыз жылдан бері оның жұмысы - адамдардың жүрегін сақтау. Жұмыс уақытының көп бөлігі операция үстелінде өтеді. Күніне бірнеше операция. Алматылық 38 жастағы кардиохирург Бауыржан Рақышев өз командасымен бірге заманауи шағын инвазиялық әдістерді қолданып, жүрекке күрделі ота жасайды. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында өз ісінің нағыз кәсіби маманына айналған жас хирург туралы әңгімелейді.

Бауыржан Рақышевтің жұмыс күні сағат 7:30-да басталып, науқастың жағдайы тұрақты болған кезде аяқталады. Қиын жағдайларда жұмыста тәулік бойы жүруі мүмкін. Бауыржан - А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі. Оның жетекшілігімен мұнда кардиохирургияның барлық емі қарастырылған.

"Медициналық мамандықтардың ішінде кардиохирургия ең қиыны. Жүрек - ағзаның негізгі мүшесі. Мұнымен біреу келіспейтін шығар, бірақ жүрек қанды айдайды, ал қан - өмір", - дейді Бауыржан.

Бауыржан аптасына ашық жүрекке 10-12 ота жасайды. Осындай хирургиялық ота арқылы науқастың жүрегі уақытша тоқтатылып, жасанды қанайналым аппараты - "жасанды жүрек - өкпе" қолданылады. Мұндай операциялар кезінде баяулауға болмайды. Кардиохирургтің айтуынша, мұнда секундтар ғана емес, миллисекундтар да маңызды.

"Жүрек жұмысын тоқтатқан кезде операцияны тез әрі сапалы жасау керек. Жүректі ұзақ уақыт тоқтатуға болмайды, өйткені қайтымсыз процестер болуы мүмкін. Ойланып, әріптестермен бір нәрсені талқылауға уақыт болмайды. Сондықтан операцияға кез келген жағдайға дайындалып барамыз. Менің басымда А мен Б жоспары ғана емес, көптеген жоспар болады. Мұнда әрбір секунд сізге қарсы болады, сондықтан бір секундты да жіберіп алмауымыз керек", - дейді Бауыржан.

Бауыржан Рақышев әріптестерімен ота кезінде. Фото: Tengrinews.kz

Заманауи кардиохирургияның жаңа бағыты - ота жасаудың шағын инвазиялық әдістері, оны бөлім дәрігерлері күн сайын қолданады. Кардиохирургиялық қиын оталар кеуде қуысын шағын қылып кесу арқылы жасалады. Бұл тіндердің жарақаттану деңгейін азайтып, науқас тез айығуына және ота орны қатты білінбеуіне мүмкіндік береді.

"Бүгінгі таңда біздің операцияларымыздың мақсаты - кез келген ақауларды, жүрек ауруларын емдеу ғана емес, сонымен қатар науқастарымыздың операциядан кейінгі өмір сүру сапасын арттыру. Осы себепті шағын инвазиялық операциялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Біздің тәжірибеміз жеткілікті. Сондай-ақ, өңірлерге шеберлік сағаттарын өткіземіз. Жақсы нәтижелер бар. Біздің орталығымыз - кардиохирургияның басты білім ордасы. Мұнда 1958 жылы Қазақстанда және Орта Азияда алғаш рет жүрекке операция жасалды", - дейді дәрігер.

Бір күннен кейін дәрігер науқастарының бәрі дерлік аяғынан тік тұрады. Біраз уақыт оларды тағы емдеп, үйіне жібереді. Кардиохирург үшін бақыт - үйіне кетіп бара жатқан науқасты көру.

Фото: Tengrinews.kz 

"Біздің бөлімде балалар мен ересектерге ота жасаймыз. Мысалы, таяуда бір жасар бала мен 73 жастағы ер адамға ота жасадық. Жұмысымыз сондай. Операциядан кейін жансақтау бөлімінде емді жалғастыру қажет. Мұның бәрі көптеген маманның үйлесімді жұмысы және бұл үлкен жауапкершілік", - дейді Бауыржан Рақышев.

Бөлімшеге науқастар Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де келеді. 

"Жүрек - ағзадағы басты орган, сондықтан жүрек қызметінің жеткіліксіздігі басқа мүшелер мен жүйелер жұмысының бұзылуына әкелетін жағдайлар жиі кездеседі. Біздің науқастарымыздың көбінде қатар жүретін түрлі аурулар бар. Біздің міндет - жүрек жұмысын қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар басқа жүйелердің де қызметін қалпына келтіру. Өзің үшін өмір сүру, әрине, жақсы, бірақ біреуге көмектесе алсаң, артыңда бірдеңе қалдыруға мүмкіндігің болса, неге осында, өз елімізде жасамасқа? Неліктен біздің балаларымыз бен ата-аналарымыз шетелге кетіп, көп ақша төлейді? Оны осында да жасайық. Қазір Қазақстанда кез келген кардиохирургиялық операция жасауға болады. Ең оңай отадан жүректі трансплантациялауға дейін", - деп қорытындылады кардиохирург.

Фото: Tengrinews.kz 

Бауыржан Рақышев Алматыда С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Кейін "Болашақ" бағдарламасы бойынша Мәскеуде А.Н. Бакулев атындағы Ұлттық жүрек-қан тамырлары хирургиясы медициналық зерттеу орталығында білім алған. 2012 жылы елге оралып, бар күші мен білімін отандық медицинаны дамытуға жұмсай бастады. 2019 жылы жас дәрігер Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің дипломын алды, сонымен қатар "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы атанды.

Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жобаның мақсаты - біздің заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы айту, олар өз әрекеттерімен өзгелердің өмірін сақтап, басқаларға қол ұшын созып жүрген, сондай-ақ қиындықтарға қарамастан спортта жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар. Бұл кейде байқалмайтын, бірақ шын мәнінде жоғары адами ерліктер туралы оқиғалар. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети