Tengrinews.kz сайтында "Арамыздағы батырлар" медиажобасы басталды. Жобаның мақсаты - ерлігінің арқасында біреудің өмірін құтқарып, басқаларға көмектесетін, сондай-ақ, қиындықтарға қарамастан спортта биік шыңдарға жеткен заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы әңгімелеу. Бұл кейде көзге іліне бермейтін, бірақ шынымен айтулы ерлік туралы оқиғалар.
Tengrinews.kz сайтында "Арамыздағы батырлар" медиажобасы басталды. Жобаның мақсаты - ерлігінің арқасында біреудің өмірін құтқарып, басқаларға көмектесетін, сондай-ақ, қиындықтарға қарамастан спортта биік шыңдарға жеткен заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы әңгімелеу. Бұл кейде көзге іліне бермейтін, бірақ шынымен айтулы ерлік туралы оқиғалар.
Зүлфия Габидуллинаның есімі Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де белгілі. Ол бірнеше рет әлемдегі ең үздік спортшылардың қатарына кірген. 2016 жылы Зүлфия Қазақстан тарихында тұңғыш рет Паралимпиада ойындарының чемпионы атанып, Рио-де-Жанейрода алтын медальға ие болды. Спортшы 14 рет әлем рекордын жаңартқан.
Зүлфияның өмірі бес жарым жасында апатқа түскеннен кейін түбегейлі өзгерді. Қыз өмір сүруге қайта үйренуге мәжбүр болды. Оның кестесінде күнделікті процедуралар, физиотерапия, оңалту орталықтары және қалпына келуіне көмектесетін тағы басқа нәрселер пайда болды.
"Мен бала кезімнен өте мазасыз, отты қызбын. Маған бәрі қызық еді. Балалардың бәрі жүрсе, мен жүгіретінмін, олар бір нәрсе істесе, мен де міндетті түрде қосылуым керек еді. Тыныш отыра алмайтынмын. Әрдайым өз дегеніме жететінмін. Туыстарым мені қолдайтын, бірақ ешқашан аяған емес. Соншалық қарады деп айта алмаймын. Ауруханада бәріміз бірдей болдық, үйде де. Сондықтан туыстарымның арқасында қайсар мінезім қалыптасты", - дейді Зүлфия.
Осылайша, қайсар мінез бен тұрақты жаттығулар Зүлфияны спорт жолына әкелді. Бұл 1991 жыл, Қазақстан тәуелсіздік алған кез еді.
"Халық сүйіктісі - 2018" сыйлығында. Фото: Tengrinews.kz
"Кеңес заманында мүгедектер арасында жарыстар өтпейтін, тек оңалту болған. Ал 1991 жылы, қазіргі Қазақстанда алғашқы республикалық жарыстар өтті, онда мен қатысып, жеңген едім. Спортпен шұғылдануға ынтам ашылды, бұл менікі екенін түсіндім. Өзіме сендім. Әдебиет оқыдым, кітапханаға арбамен баратынмын, өзімді жаттықтыра бастадым. Алдымен жеңіл атлетикамен айналыстым, бұл арбамен жарыс еді, көп жарысқа қатыстым: үстел теннисі, ату, штанга, арбамен билеу, бірақ жүзу қолымнан жақсырақ келгендіктен, сонда кеттім", - деп еске алды спортшы.
2013 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен жүзуден әлем чемпионаты. Зүлфия күміс және қола медаль жеңген.
Ал 2007 жылы Зүлфия жүзуден жаттықтырушы Саттар Бейсембаевтың көзіне түсіп, ол қоластына алады. Осылайша, ол 42 жасында үлкен спортқа келеді.
"2010 жылы бірінші рет Азия ойындарына бардық. 2012 жылы 1991 жылдан бері армандаған Паралимпиадаға лицензия алдым. Лондонға бардым, бірақ жеңілдім. Бірте-бірте нәтижелерімді жақсарта бастадым. Осылайша, 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында әлемдік рекордты жаңарттым, ал қазір қанжығамда 14 рекорд бар", - дейді Зүлфия.
Зүлфия Габидуллинаның қоржынында 230 медаль бар. Олардың ішіндегі ең қымбаты - әрине, 1991 жылы таққан ең алғашқы және 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы Паралимпиадада жеңген "алтын", дейді спортшы.
"Мен үшін әр медаль өзінше құнды. Әрине, мен 2016 жылғы Олимпиада медалін өте қатты бағалаймын. Себебі оған өте ұзақ жеттім - 25 жыл. Мен үшін спорт - өмір, бұл көңіл-күй, шабыт, адреналин. Мен спортсыз өмір сүре алмаймын. Ұйқыдан оянғанда денені сергіту үшін күнде жаттығу жасаймын. Әсіресе жарақаты бар адамдар, міндетті түрде мұны жасауы керек. Біз үшін спорт - ауа сияқты", - дейді ол.
Жақында Зүлфия Токиодағы Паралимпиададан оралды, онда, өкінішке қарай, финалға шыға алмады. Спортшы жарыс қарсаңында коронавирус жұқтырып, ауырып шыққан екен.
"Ұзақ уақыт ауырмауға тырыстым, бірақ вирус жұқтырып, ауруханаға түсіп, әлсіреген күйде Токиоға бардым. Қалағанымдай өнер көрсете алмадым, қатты көңілім түсті. Қазір қалпыма келіп жатырмын. Бірақ мен өзімді аямаймын, сылтау іздемеймін. Алға мақсат қойдым, жаттығуда жаттықтырушымен бір нәрселер өзгертеміз, қосамыз, қалыпқа келуім керек, нәтижелерімді жақсартып, Париждегі Паралимпиадада жеңіске жетуім керек. Міне, жоспар осындай. Себебі әлі қатты әлсіздік сеземін", - дейді Зүлфия.
2021 жылдың тамызы, Токиодағы Паралимпиада.
Зүлфия Габидуллина әлемдік рейтингте ең мықты сегіз жүзгіштің қатарына кіреді, сондай-ақ ол "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы.
"Қиындықтарды еңсеру үшін өмірді сүю керек. Сондықтан да менің қолымнан келді. Мен мүмкіндігі шектеулі адамдар өзіне сенгенін, спортпен айналыса бастағанын, менің қолымнан келсе, олардың да қолынан келетінін түсінгенін қалаймын. Қорықпау керек, әрине, бастамасаң жетістікке жету мүмкін емес. Әр нәрсені көріп, қайсы сенікі екенін түсіну қажет. Арман қуып, бір нәрсеге ұмтылған дұрыс. Менің өмірім осындай", - деді спортшы.
Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!