Ақтөбеде 18 жастағы Ярослав Горбуновтың өлімінен кейін оның отбасы медицина қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Жақындарының пікірінше, дәрігерлер бозбаланың қатерлі ісікке шалдыққанын өте кеш анықтап, ұзақ уақыт бойы басқа аурулардан емдеген. Қызметтік тексерістен кейін травматолог пен учаскелік дәрігерге сөгіс жарияланды, бірақ Ярославтың туыстары бұл шешіммен келіспейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Өткен жылдың жазында Ярослав аяғының қатты ауырсынуына шағымдана бастаған. 30 шілдеде рентген артрозды көрсеткен, ал қалалық емханада дәрігерлер жас жігіт аяғын жай ғана қайырып алған деген шешімге келген. Кейінірек жеке емханада оған жалпақ табан диагнозы қойылып, массаж бен арнайы ұлтарақтар тағайындалған.
Фотоны Ярославтың жақындары ұсынды
Бозбаланың жағдайы нашарлай берген: ол алдымен ақсаңдай бастап, кейін мүлдем балдақпен қозғалуға мәжбүр болған. Ярославтың анасы Светлана Горбунованың айтуынша, дәрігерлер шағымдарға мән бермей, оны әскерден жалтару үшін ауру болып көрініп жүр деп күдіктенген.
"Әскери комиссариатта медициналық тексерістен өту кезінде ұлыма флюорография жасалды. Нәтижесі төбемізден жай түскендей болды. Оның өкпесінің зақымданғаны анықталып, алдын ала "эхинококкоз" диагнозы қойылды. Ярославты фтизиопульмонология орталығына ота жасатуға жатқызды. Хирургиялық араласу кезінде дәрігерлер өкпенің шіріп жатқанын көрген", - деп еске алады Светлана Горбунова.
Гистологиялық зерттеу өкпенің екінші дәрежелі жалпақ жасушалы қатерлі ісігін анықтаған, бірақ аяқтағы ауырсыну басылмай, көп ұзамай жас жігіт мүгедектер арбасына таңылды. Тек қосымша тексерулерден кейін дәрігерлер төртінші сатыдағы саркома диагнозын қойған, ал өкпедегі зақымдану метастаз болып шыққан.
Отбасына емді Астанада жалғастыру ұсынылған. Ярославтың ата-анасына елордалық орталыққа жатқызу үшін құжаттарды өз бетінше ресімдеуге тура келген. Көлікпен 1500 шақырымға жуық жол жүріп, олар Ярославты Астанаға жеткізген.
"Астанаға келгенімізде бізді қабылдағысы келмеді. Жолдамасыз жатқызбайтындарын айтты. Ақтөбеде бізге ешқандай құжат берген жоқ. Ярославтың жағдайы өте мүшкіл еді. Ол мүгедектер арбасында отырды, ауырсынуына шыдау мүмкін емес еді", - дейді Светлана Горбунова.
Фотоны Ярославтың жақындары ұсынды
Ұлттық ғылыми онкология орталығында оны қабылдап, емдеуді бастады.
"Дәрігерлер оның миынан басқа бүкіл ағзасы зақымданғанын айтты. Химиялық терапияға шыдамауы мүмкін екенін ескертті. Бірақ мен тым болмаса байқап көруді өтіндім", - дейді әйел.
Ярослав химиялық терапияның сегіз курсынан және сәулелік терапияның он сеансынан өткен. Соңғы апталарда ол Астанадағы көпбейінді медициналық орталықтың паллиативтік көмек бөлімінде жатқан. 28 сәуірде бозбала көз жұмған. Мамыр айында ол 19 жасқа толуы керек еді.
Фото Tengrinews.kz
Ярославтың денесі ұшақпен Ақтөбеге жеткізіліп, сол жерде жерленген. Светлана Горбунованың пайымдауынша, диагноздың кеш қойылуы мен тексеру кезіндегі қателіктер салдарынан қымбат уақыт жоғалтылған.
"Менің қолымда Ақтөбеде жасалған сегіз МРТ мен КТ нәтижесі бар. Олардың бәрі қате оқылған. Тіпті бізге эхинококкоз диагнозын қойды. Астанадағылар 18 жастағы жігітке мұндай диагнозды қалай қоюға болады деп таңғалды. Бірден онкомаркерлерді тексеру керек еді", - дейді Ярославтың анасы.
Әйелдің айтуынша, ұлы өте ауыр азап пен қатты ауырсынуды бастан өткерген.
"Ол ауырсынудан ұйықтай алмайтын, бірақ ешқашан шағымданбайтын. Әрқашан "бәрі жақсы" дейтін. Ал сол уақытта дәрігерлер қате диагноз қоюын жалғастыра берді", - дейді Светлана.
Ақтөбе онкологиялық орталығы жағдайға байланысты түсініктеме беріп, жас емделушілерде саркоманың өте сирек кездесетінін және ол жарақат немесе қабыну процестері ретінде бүркенуі мүмкін екенін атап өтті.
"Статистика бойынша, жұмсақ тіндердің саркомасы миллион адамның бірінде ғана кездеседі. Мұндай ісіктер травматикалық немесе қабыну процестерінің астында жасырынуы мүмкін. Оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, ішкі аудит пен тәуелсіз сараптама комиссиясы ұйымдастырылды. Емхананың бірқатар қызметкеріне тәртіптік шаралар қолданылды", - деп хабарлады Марат Оспанов атындағы БҚМУ медициналық орталығының директоры Олжас Оразаев.
Ярослав тіркелген емханада тексеру қорытындысы бойынша учаскелік дәрігер мен травматологқа сөгіс жарияланғаны айтылды. Алайда жақындары мұндай шараларды жеткіліксіз деп санайды және дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етпек.
"Өкінішке қарай, біз шетелге кете алмадық - аурудың жедел өршуіне байланысты бізге ұшуға үзілді-кесілді тыйым салынды. Тәуекел тым жоғары болды. Тағы да айтамын: Ақтөбеде біздің ісігімізді асқындырып алды", - деп түйіндеді Светлана Горбунова.
Қазір отбасы құқық қорғау органдары мен Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш дайындап жатыр. Ярославтың туыстары жан-жақты тергеу жүргізіледі деп үміттенеді және бұл оқиға өңірдегі онкологиялық ауруларды диагностикалау сапасына назар аударуға себеп болады деп сендіреді.
Бұған дейін біз дәрігерлер 10 миллион теңге төлеуге тиіс болған Ақтөбе облысының төрт жасар тұрғыны Балым Елепбергенованың тағдыры туралы жазған болатынбыз. 2023 жылдың маусым айында денесін қатты күйік шалған бүлдіршін көпбейінді балалар ауруханасына түскен. Анасының айтуынша, қыз бала тері алмастыру операциясын бір айға жуық күткен, бірақ ақыры оған Орынборда ота жасалған.
Бүлдіршіннің отбасы Ақтөбедегі көпбейінді аурухананы сотқа берді. Талап арыз қанағаттандырылып, жауапкерлерге сол уақытта мүгедектік алған балаға 10 миллион теңге төлеу міндеттелді. Алайда медициналық мекеме басшылығы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. 2024 жылғы 12 қарашада апелляциялық сот отбасына өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім шығарды.