05 мамыр 2022 09:51

4 мамырда Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Tengrinews.kz Фото: Tengrinews.kz

Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады. Президент үш облысты құру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстандықтардың орташа жалақысы аталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады. Президент үш облысты құру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстандықтардың орташа жалақысы аталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Алматыда алты жаңа саябақ ашылады 

Жаңа саябақтар балалар және спорт алаңдарымен, рекреациялық аймақтармен жабдықталады. Олардың басым бөлігі Алатау ауданында (Зерделі, Боралдай, Саялы, Өжет шағынаудандары), сондай-ақ Медеу (Алатау шағынауданы) және Наурызбай ауданында (Қарғалы жағалауының бойында) ашылады. Бүгінде қалада жалпы алаңы 631,2 гектар болатын 211 саябақ орналасқан. Қазіргі уақытта сегіз нысанды, оның ішінде саябақтарды, скверлерді және т.б. абаттандыру, жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Қазақстандықтар шахматтан әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық шахматшылар Грекияда өткен World Youth Rapid Championships турнирінде  5 медаль жеңіп алды. Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы рапидтен әлем чемпионы атанған ФИДЕ шебері Қазбек Нөгербек бұл жолы Қазақстан қоржынына блиц шахматтан алтын медаль салған. Ал блицтен 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатында 17 жастағы шахматшы, әйелдер арасындағы халықаралық шебер Назерке Нұрғали алтыннан алқа тақты. 14 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы жарыста күміс жүлде кеше рапидтен қола жүлдегер атанған Даниял Сәпеновке бұйырған.

Автокөлік импортына кедендік баж салығы өскен жоқ

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті автокөліктерге кедендік әкелу баждарының мөлшерлемесі көтерілмегенін хабарлайды. Кеден бажының ставкалары Еуразиялық экономикалық комиссиямен белгіленеді және бұл ставкалар Қазақстан Республикасы үшін міндетті. Сондай-ақ, қайта өңдеу төлемі мен кедендік баждың табиғаты әртүрлі және бірін-бірі алмастыра алмайды

Жеңілдетілген автонесие: жаңа мәлімет айтылды 

"Жасыл Даму" 6 мамырда Өнеркәсіпті дамыту қорына жеңілдетілген автонесиеге 100 миллиард теңге бөліп, аударады. Бұл - "Бәйтерек" қорының акционерлік қоғамы. Қор жұмыс істейтін банктермен келісімшарт жасасуы керек. Кейін олар осы банктердің есепшотына ақша аударып, банктер жұмысын бастауы керек. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты

Әуежайларда шенеуніктерді тексеруден бас тарту туралы бұйрық қайта қаралуы мүмкін 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әуежайлар мен вокзалдарда жоғары лауазымды шенеуніктерді тексеруді алып тастау туралы бұйрықты қайта қарау қажет деген пікірмен келісті. Ол бұл мәселені шешу жолында әлемдік тәжірибеге сүйену керек екенін айтып, алдағы уақытта өзгерістер болатынын жеткізді.

Мәжіліс референдум туралы заң жобасын қабылдады 

Мәжіліс депутаттары "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заң жобасын қарауға алды. Мәжілістің бүгінгі отырысында депутаттар заң жобасын талқылайды. Жоба республикалық референдумды өткізу кезінде қолданылатын сайлау бюллетеньдері нысанын сайлауда қолданылған бюллетеньдермен сәйкестендіру мақсатында әзірленген

Президент үш облысты құру туралы Жарлыққа қол қойды 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын бөлу туралы Жарлыққа қол қойды. Тоқаев "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес қаулы шығарды. Онда Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілетіні туралы және ШҚО мен Қарағанды облысын бөлуге қатысты пунктілер бар.

Қазақстанда кен орындары жақын арада таусылады 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстандағы толықтырусыз игерілген кен орындарының қоры қысқа мерзімде таусылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, өндірістің қазіргі деңгейінде тиісті толықтырусыз көптеген игерілген кен орындарының қорлары жақын арада таусылады

Қазақстандықтардың орташа жалақысы аталды 

Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақы мөлшері жаңарды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мәлім етті. 2022 жылдың бірінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285 433 теңге болды. 2021 жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда өсім - 23,7 пайыз, нақты мәнде 12,7 пайыз. Ведомство мәліметінше, өңірлік тұрғыда ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы Атырау облысында - 477,9 мың теңге. Солтүстік Қазақстан облысында - 203,4 мың теңге, бұл орташа республикалық деңгейден 28,7 пайызға төмен.

Иллюстрация: Ұлттық статистика бюросы

"Самұрық-Қазына" қызметкерлерінің айлығы қанша? 

"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев қорда және портфельдік компанияларда басшылық қызмет атқаратындардың жалақысы туралы айтып берді. "Самұрық-Қазына" басшысының айтуынша, көп менеджер қазақстандық компанияларды қолдау мақсатында бұрынғы жұмыс орындарына қарағанда төмен жалақыға жұмысқа келген. Оның айтуынша, қордағы жалақы деңгейі мемлекеттік қызметкерлердің табыс деңгейіне сай. Менеджерлер 700 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін алады. Кейбір портфельдік компанияларда - 1,5 миллион теңгеге дейін.

Президент Тоқаев Назарбаев университетіне барды 

Мемлекет басшысы жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және университетті одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кампусты, ғылыми орталықтар мен зертханаларды дамыту жоспары көрсетілді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне ғылым, денсаулық сақтау, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, экология және спорт салаларындағы әртүрлі білім беру жобалары мен бағдарламалары таныстырылды. Университет осы жобалар мен бағдарламалар арқылы Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің шетелдік жетекші ғылыми, білім беру орталықтарымен ынтымақтастығы, медицина және инновациялық кластерлердің жұмыстары, сондай-ақ оқу орны түлектерінің стартап-жобалары жөнінде мәлімет берілді.

Фото: Ақорда 

Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады 

Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады. Өзінің қорытындысында Конституциялық Кеңес заң жобасының Республикасы Президентінің "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауының аясында әзірленгенін атап өтті. Кеңестің пікірінше, ұсынылған шаралар қоғамның тез трансформациялануға бағыт алған кезеңінде жүргізіліп жатқан реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналған. Конституциялық Кеңес қорытындысының толық мәтіні баспасөзде және кеңес сайтында жарияланады.   

Тұңғыш Президент мәртебесі: Конституциялық Кеңеске тағы бір өтініш жолданды 

Қазақстан Конституциялық Кеңесіне Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша өтініш жіберілді. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мәлімдеді. Қарин Telegram-арнасындағы жазбасында Конституциялық Кеңес ел Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасына оң қорытынды бергенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл - ел мен ұлт болашағы үшін ерекше маңызы бар конституциялық реформаны жүзеге асырудың маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар, ол конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін оңтайландыруға, халықтың ел басқару ісіне қатысуын арттыруға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.    

Ресей әскері "Азовстальға" шабуылын бастады 

Ресей әскері "Азовсталь" зауытына шабуылды бастады. Бұл туралы "Украинская правда" басылымына "Азов" полкі командирінің орынбасары Святослав Паламар мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік әскерилер зауыт аумағына басып кіруге әрекеттеніп жатыр. Ресей Қорғаныс министрлігі зауыт аймағында ұрыс қайта басталғанын растады. Ведомствоның баспасөз қызметі өкілі Вадим Астафьев "Азов" жауынгерлері мен украин әскері атыс позицияларына кіру үшін "Азовстальдағы" тыныштық режимін пайдаланғанын мәлімдеді. Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенко Telegram-арнасында "Азовстальға" жасалған шабуыл туралы ақпаратты растап, шабуылдың видеосын көрсетті.

Бұл уақытта "Азов" жауынгерлерінің туыстары Киевтің орталығында шеру өткізіп, халықаралық қауымдастық пен әлемдік көшбасшыларды отбасыларын "Азовсталь" аумағынан шығаруды қамтамасыз етуге шақырды. Бұрын "Азов батальоны" деген атпен белгілі болған "Азов" арнайы күштері отрядын Мәскеу нацистік элемент деп санайды.

Канело мен Бивол Лас-Вегасқа жетіп, көз арбасты 

Екінші орта салмақта абсолют әлем чемпионы мексикалық Сауль Канело Альварес пен жартылай ауыр салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы ресейлік Дмитрий Бивол Лас-Вегасқа жетті, олар жекпе-жек алдында көз арбасты. Олардың 12 раундтық жекпе-жегі 7 мамырда өтеді. Боксшылар Биволдың чемпиондық белбеуін сарапқа салады, ресейлік боксшы титулын үшінші рет қорғайын деп тұр. Еске салайық, Канело жеңіске жетсе, қыркүйекте қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасуы мүмкін. Бұл боксшылар 2017 және 2018 жылдары кездескен. Алғашқы жекпе-жек тең аяқталса, екіншісінде Альварес төрешілер шешімімен жеңген болатын

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети