Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шектің өсуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Сондай-ақ, ведомство зейнетақы жинағының 100 пайызына дейінгі бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге кімдер ала алатынын еске салды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жеткілікті шектің өзгеруі есептеудің дәлірек әдістемесін енгізумен байланысты. Онда салымшының қазіргі жасы ғана емес, сонымен қатар, зейнетке шыққанға дейінгі кезең, болашақ зейнетақы төлемдері, инвестициялық табыс және басқа да ұзақ мерзімді параметрлер ескерілген.
"Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету", - деді ведомство өкілдері.
Министрлік өзінің негізгі ұстанымын білдірді: зейнетақы қаражаты, бірінші кезекте, болашақ зейнетақы үшін жұмыс істеуге тиіс. Бүгін алынған жинақ ертеңгі төлемдер көлемін айтарлықтай азайтуы мүмкін.
"Сонымен қатар, зейнетақы жинағының бір бөлігін балама мақсаттарға (тұрғын үй мен емделу) пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40%-ы болатын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттілгі үшін жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие", — деп еске салды Еңбек министрлігі.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жеткілікті шек кейінгі үш жыл бойы қайта қаралмағанын және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау, ал азаматтардың болашақта қорғалған әрі тұрақты табысқа ие болуы үшін оны өзектендіру қажет екенін айтты.
Еске салайық, бүгін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жаңа ең төменгі жеткілікті шекті жариялады. Бұл — биыл екінші рет өсуі.
Енді зейнетақы жинағының артық бөлігін алу үшін 20 жастағы қазақстандыққа кемінде 6 670 000 теңге, 30 жастағы азаматқа – 9 750 000 теңге, ал 40 жастағы тұрғынға – 13 370 000 теңге керек.