1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

9,6 миллионнан аса медициналық маска тәркіленді - Қауіпсіздік кеңесі06 тамыз 2020, 15:57

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының коронавирус инфекциясымен күресуге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

"Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша заңсыз айналымнан 9,6 миллионнан аса медициналық маска, 65 мың литр антисептиктер, 819 миллион теңге сомасына түрлі дәрілік препараттардың 388,2 мыңнан астам орамасы алынып, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілді.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру және көлеңкелі айналымды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі қаралды.

Осылайша, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері бойынша анықталған қылмыстардың саны 2,5 есеге артты (2019 жылдың 6 айында 94-тен ағымдағы жылдың ұқсас кезеңінде 242-ге дейін)", - делінген хабарламада. 

Аталған саладағы қылмыстың ұйымдасқан түрлерімен күрес бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Мысалы Атырау облысында сотқа ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс жіберілді, олар 1,8 миллиард теңгеге жалған шот-фактуралар шығарған.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттердің нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36 пайызға төмендеді.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу болып табылады. Бірінші жартыжылдықта Қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық істі тергеді, оның 560-ы мәні бойынша сотқа қарауға жолданды.

Осы қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 38,4 миллиард теңге, оның шамамен 32 миллиард теңгесі мемлекетке келтірілген залал. Мемлекет кірісіне 21,1 миллиард теңге өтелді, 9,6 миллиард теңгелік мүлікке тыйым салынды.

Тағы бір басты бағыт ретінде қаржы пирамидаларымен (29 қылмыстық іс тіркелген), заңсыз ойын мекемелерімен (117 қылмыстық іс, 160 орын жойылған), сондай-ақ, жалған ақша жасаумен (161 іс) күрес мәселесі болып табылады.

Сонымен қатар өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу бойынша жұмыс өзекті, оны тұрақты форматта жүргізу қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев елдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуал жағдайында ел басшылығының жоғарыда аталған тапсырмаларын іске асыруды ерекше бақылауға алу қажеттігін, бұл ретте адал кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!